ФОРУМ ҚОНАҚТАРЫ «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА НАМАЗҒА ҚАТЫСТЫ

03 Mar 2018 0 comment Оқылды: 289 рет

Күндердің сұлтаны болған қасиетті жұмада басталған «Еуразия мұсылман ғұламаларының» форумына қатысушылар бүгін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітін зиярат етіп, жұма намазына қатысты. Бірнеше мемлекеттің мүфтилерімен бір сапқа тұрып, сәждеге жығылатынын білгенде «Әзірет Сұлтан» мешітінің жамағаты да ерекше әсерге бөленіп, Ислам ғұламаларының әр сөзіне асқан ыждаһаттылықпен құлақ түрді.

Мешіт мінберіне көтерілген ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб  мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы бүгінгі шараның мән-маңыздылығына тоқталып, тұңғыш рет өткізіліп отырған форум жұмысының жетістіктерімен бөлісті. Ел тарихында ерекше орын алатын «Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы» жайында жамағатқа жалпы мағлұмат беріп, мұсылман қауымының бірлік-ынтымағы жайында уағыз айтты.

Бұдан соң жамағат алдына шыққан ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз «Еуразия мұсылман ғұламаларының форумына» келген барша қонақтарға өз алғысын білдіріп, жамағатқа таныстырып өтті. Мәртебелі меймандар атынан қазақ еліне, мешіт жамағатына ізгі тілегін білдіруге ниет танытқан Түркия Дін істері басқармасы төрағасының орынбасары Селим Аргун мен Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, мүфти Мақсатбек Тоқтомушевке сөз кезегін ұсынып, ілтипат көрсетті.

Осылайша, жиырмаға жуық елдің дінбасылары, еліміздің барлық өңірінің өкіл имамдары мен діни қайраткерлері республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде бір сапқа тұрып, сәждеге жығылды. Намаз соңынан қасиетті Құран аяттары оқылып, еліміздің алғашқы бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы дұға жасады. Жамағат болып Жаратқаннан еліміздің тыныштығын, дініміздің абыройын сұраған бүгінгі дұғаның қабыл болуын нәсіп еткей! 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз