Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Loading ...

Жеті рухани қазық – құндылықтар құжаты

05 Nov 2019 0 comment Оқылды: 168 рет

Жуырда Елордада "Рухани құндылықтар-қоғам бірлігінің негізі" атты III республикалық имамдар форумы өткен болатын. Сол форумда діни қызметкерлері рухани тұғырнамасының құжаты қабылданғаны белгілі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз форум аясында маңызды құжат қабылданғанын айтты. «Форум аясында біз «Жеті рухани қазық» рухани тұғырнамасы құжатын қабылдадық. Имамдардың атқаратын діни рәсімдерінің тізілімі және қызметтік өзінің міндеттемелерін айқындайтын тізілімдер сынды бірнеше құжаттар қабылданып отыр. Бұл қабылданатын құжаттар біздің діни және руханият саласына жаңадан серпін береді деген үміттеміз»,-деді ол.
«Негізделмеген кез келген бастамалар баянсыз, яғни болашақсыз болады. Сондықтан да, мақсатымыз – рухани құндылықтарды, ойларымыз бен ұсыныстарымызды ортаға салып, бұдан былайғы уақытта дін қызметкерлері қабылданған құжаттар аясында қоғамда жастар тәрбиесінде осы бағытта жұмыс жасайтын боламыз» - деді бас мүфти адамның өмір салты жиі құбылған заманда рухани құндылықтар аса маңызды екенін атап өтті.
Еліміздің дін шырақшыларының басын босқан алқалы жиын – ІІІ Имамдар форуымында мұсылман қауымының игілігін арттыратын «Жеті рухани қазық» қабылдануы ерекше оқиға болды. Форум делегаттары құжаттың маңыздылығын ескеріп, барлығы бірауыздан қолдап, рухани тұғырнаманың тұсауын кесті.
«Жеті рухани қазық» атты Қазақстан мұсылмандары рухани тұғырнамасының басқа құжаттардан арқалаған жүгі ерекші-тін. Шынын айтуымыз керек, біздің осы күнге дейін «ихсан» тақырыбын көтеруге мұршамыз болмады. Базбір сопылық ағымдардың тудырған әуселесінен кейін аталмыш тақырыпты айтудан үркектеп қалғанымыз анық. Қазақстан мұсылмандары рухани жаңа тұғырнамасы осы олқылықтың орнын толтырға арналған бірегей құжат болатынына сенім мол.
Рухани тұғырнаманың беташары Хақ-Тағаланың: «Шын мәнінде Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Және де арсыздықтан, қарсылықтан һәм зорлық-зомбылықтан тыйып, сендерге насихат береді», (Нахл, 90) деген аятынан басталады. Сондай-ақ, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен көркем мінезді кемелдендіру үшін жіберілдім» деген хадис-шарифімен жалғасады. Рухани тұғырнама аталған аят пен хадистің тәпсірі іспетті. Өйткені, құжаттың мазмұны осыған сай өрілген.
Расында, мұсылман баласы әділеттің ақ туын көтеріп, ізгілік үшін ынты-шынтымен күресіп, ағайын-тумаға қамқор болып, арсыздық пен зорлық-зомбылыққа кеудесін тосып, қарсы тұрса, көркем мінезімен қоғамға нұрын шашып, қызмет етсе, ол сөз жоқ – үлкен ғанибет! Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, мұсылман үмбеті қараңғылықтың пердесін серпіп тастайтын – ағартушы, Отан үшін отқа күюге даяр – жанқияр, көпшіліктің қамы үшін күресетін – қайраткер, қара басынан қалың бұқараның мүддесін жоғары қоятын – қамқор, шиеленіскен жәйттердің күрмеуін ағытатын – мәмлегер, қай істе болмасын қара қылды қақ жаратын – әділетті, өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен – майталман, бойына өнеге тұнған – тәлімгер болуы тиісті. «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандары рухани тұғырнамасын бейне осыған шақыратын илаһи үндеу десек асыра айтқандық емес.
«Жеті рухани қазық» ретінде имандылық, отаншылдық, мәдениеттілік, білімділік, еңбекқорлық, ауызбіршілік, әділеттілік тақырыптары негізге алынған. Имандылықтың ұстыны деп – арлылық, инабаттылық, қайырымдылық, ізеттілік, ықыластылық, кеңпейілділік, ізгілік, отаншылдықтың негіздері деп – рухтылық, намысшылдық, жігерлілік, қайраттылық, ұлтты сүюшілік, табандылық, қамқорлық, мәдениеттіліктің мәні ретінде – әдептілік, тәрбиелілік, өнегелік, мейірімділік, кішіпейілділік, парасаттылық, өнерлілік, білімділіктің бағандары деп – ізденімпаз, ыждағаттылық, зерделілік, жасампаздық, дарындылық, зияткерлік, еңбекқорлықтың тіні ретінде – еңбексүйгіш, жауапты, бастамашыл,іскер, ұқыпты, майталман, талапты, ал әділеттіліктің тіреуіші деп – адалдық, шыншылдық, турашылдық, әдеге беріктік, аманатқа беріктік, ақылдылық, сенімділік негізге алынған.
«Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандары рухани тұғырнамасында көтерілген әрбір тақырып Құран-кәрім аяттары, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис-шарифтері, Жүсіп Баласұғын, Әйтеке би, Хакім Абай, Әлихан Бөкейханов және т.б игі-жақсылардың философиялық ой-тұжырымдарымен өрілген. Алдын ала жан-жақты талданғандықтан болар құжаттың тілі жеңіл, айтар ойы түсінікті, бірақ, мән-мағынасы мен арқалаған жүгі атан түйеге жүк болардай зіл-батпан.
Қорыта айтқанда, «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандары тұғырнамасында құндылықтардың көтеруіне себеп болды. Әрине, оны іске асырудың тетіктерін әлі де қарастыруымыз керек деп есептеймін. Әкімшіліктерде мемлекеттік қызметкерлердің этикасын бақылайтын әдеп жөніндегі мамандардың жұмыс істегені секілді ҚМДБ-да имамдардың ақлаһы мен тақуалығын арттыратын функция іске қосылуы керек тәрізді. Сол кезде дін шырақшыларының жаққан шамшырағы халқымызға сәуле шашып, нұрландыра берері сөзсіз.

Әбудардан Таласбай,
Алматы облысы Қаратал ауданы Үштөбе қалалық мешітінің имамы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз