Адамзат алдындағы борышымыз

11 Feb 2018 0 comment Оқылды: 186 рет

Әлемдердің Раббына хамд және шүкір болсын. Пайғамбарымыз Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.)салауаттар мен сәлемдер болсын. Ислам діні көрсетіп отырғандай, бүкіл адамзат Адам - Ата мен Хауа Ананың ұрпағы. Дүниеде түрлі түстегі, түрлі тілдегі адамдар өмір сүруде. Мұсылмандардың бір-бірінің алдындағы борышы сияқты, мұсылман еместердің де алдында түрлі борышымыз бар. Осылардың бірнешеуіне тоқтала кетсек.

  1. Ешкімге зиян тигізбеу:

Адамдардың бас – бостандығына, мал – дүниесіне, ар – намысына қол сұғу дінімізде харам етілген. Бұлар адамдардың жеке басының хақы. Мұсылман басқаларының хақына құрмет көрсетіп, адамдарға зиянды іс - әрекеттерден аулақ болуға міндетті. Шынайы, нағыз мұсылман болудың шарттарының бірі де осы. Қазіргі кезде Ислам атын жамылып, неше түрлі бүлік шығарып жүрген топтар(қой терісін жамылған қасқырлар)бейбіт тұрғындар арасында жарылыстар ұйымдастырып жүргендер өздерін мұсылманбыз дейді. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген:

«Нағыз мұсылман - өзге мұсылмандарға қолы мен тілінен жәбір көрсетпеген адам.»(Риадус – Салихин, III том 148 б.)

  1. Басқаларға жәрдем көрсету:

Адамдарға жылы сөйлеп, жылы шыраймен қарау, кедейлерге жәрдем ету, ешкімі жоқтарға қамқорлық көрсету, құлағанды сүйеп, адасқандарға жол көрсету – дініміздің әмірі, саналы өмірідің көрсеткіші. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Мүміндер, бір-біріне деген сүйіспеншілік, мейірім және жанашырлықта бір бүтін денеге ұқсайды. Өйткені сол дененің бір мүшесі ауыратын болса, қалған мүшелерінің де ұйқысы қашып әрі ыстығы көтеріліп, оның мұңына ортақ болары сөзсіз».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тағы бір хадисінде:

«Мүмін мен мүмін, бөлшектері бір-бірін сүйеп тұрған ғимарат секілді" - деп айтып тұрып, екі қолының саусақтарын бір-біріне айқастырды»

3) Үлкенге құрмет кішіге қамқор болу:

Ата – анамызға, үлкен – кіші бауырларымызға, ұстаздарымыз бен өзімізден үлкендерге құрмет көрсету, өзімізден кішілерге қамқор болу, маңызды адамгершілік қағидасы, парасаттылықтың белгісі.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болмаған адам – бізден емес.»(Таңдамалы хадистер 218 бет)

Сүйікті Пайғамбарымыз (с. ғ. с): «Мұсылман болған ата – анасына сауап алу үшін қызмет ету ниетімен таңертең барған мұсылман үшін Аллаһ Тағала жәннаттың екі есігін ашады. Егер ата – анасының біріне ғана барса, жәннаттың бір есігі ашылады. Ата – ананың бірі ренжісе, оны қайта разы етпейінше Аллаһ Тағалада оған разы болмайды, - деді.

- Ата – ана зұлымдық еткен болса да ма?

- Ата – ана зұлымдық еткен болса да бала оларды ренжітпеуі тиіс».(хадисті Ибн Аббас(р.а) риуаят етті)

Сүйікті Пайғамбарымыз (с. ғ. с) басқа хадисінде: «Мұсылман мұсылманның бауыры, оған әсте зұлымдық жасамайды және оны (дұшпанына қарсы) жалғыз тастап кетпейді. Кімде-кім (мұсылман) бауырының қажетін өтесе, Аллаһ тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырын бір қиыншылықтан құтқарса, Аллаһ тағала оны қиямет күнінің бір ауыртпалығынан (қиямен күні басына келетін қиындықтардың бірінен) құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Аллаһ тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады»- деген.

  1. Сәлемдесу:

Мұсылмандар бір – бірімен кездескенде қол алысып, амандасады. Сәлем беру сүннет, берген сәлемді алу – парыз. Әуелі кіші үлкенге, жүріп бара жатқан отырғанға сәлем береді. Сәлемдесу мұсылмандар арасында сүйіспеншілік пен достық сезімдерін нығайтады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахих хадистерінің бірінде : «Мұсылманның мұсылман бауырының алдында бес міндеті бар: Сәлем қайтару, науқастың көңілін сұрау, жаназаға қатысу, шақырғанда бару және түшкіргенге "ярһамукаАллаһу" (Аллаһ сені рақымына бөлесін) деп айту»

  1. Ренішті ұзақ сақтамау:

Мұсылмандар арасында қандай да бір себеппен реніш туса, уақыт өткізбей татуласу керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «бір мұсылманның, мұсылман бауырынан үш күннен артық реніш пен қатынасты үзуі халал емес» (Риадус – Салихин, III том 168 б.)деп ұзақ уақыт өкпе – кек сақтаған адам үлкен бір күнә жасаған болып саналатынын білдірген соң, былай дейді: «Бір кісі мұсылман бауырына бір жыл бойы өкпелесе оның қанын төккендей күнә істеген болып табылады.» (Риадус – Салихин, III том 170 б.)

Анас (р.а) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Бір-біріңе деген жеккөрушіліктен бас тартыңдар, бір-біріңді күндемеңдер, бір-біріңе сырт көрсетпеңдер, бір-біріңмен қарым-қатынасты үзбеңдер, иә Аллаһтың құлдары! Мұсылманға бауырын үш күннен артық тастап кетуіне болмайды!» (аль-Бухари, Муслим)

  1. Өкпелегенді татуластыру:

Кімде – кім екі мұсылманның бір – біріне ренжіп жүргенін көрсе олардың арасын жарастыруға, оларды татуластыруға міндетті. бұл жайында Құран Кәрімде былай делінген: «Мүминдер тек қана бауыр. Олай болса, екі бауырыңыздың арасын татуластырындар».(хұжұрат сүресі 10 аят)

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да «Садақалардың ең жақсысы – араздасқандарды татуластыру»(Таңдамалы хадистер, 237 б.) деп, араздасқандардың арасын жарастыру қайырлы іс екенін көрсетеді.

  1. Дос – жарандарға қонаққа бару:

Мұсылмандар сәті келгенде жақындарын, үлкендерді және дос – жарандарын аралау керек.

Ондайда мынаған көңіл бөлу керек:

а) Ыңғайлы уақытты таңдау.

ә) Жалықтыратындай жиі - жиі болмау.

б) Баратын адамына қолдан келгенше алдын – ала хабар беру.

в) Киімі таза, дұрыс болу.

г) Рұқсат алмастан біреудің үйіне немесе бөлмесіне кірмеу.

8) Қонақ күту:

Қонақ күту дініміз бойынша жақсы істердің бірі. Қонақжайлық ұлттық салт – дәстүрімізде маңызды орын алады.

Қонақ алдындағы міндетіміз:

а) Қонақты жылы шыраймен, жайдары жүзбен қарсы алу.

ә) Қолынан келгенше жақсы күту.

б) Қонақты көзінше қызметшісіне немесе баласына зекіп – ұрыспау, қабағын түймеу.

в) Қонақты шығарып салу.

9) Шақырған жерге бару:

Бір мұсылман егер ыңғайсыз жағдай болмаса, дін бауырының шақырғанына бару керек. Бұл үрдіс мұсылмандар арасындағы сүйіспеншілікті арттырады. Пайғамбарымыз (с. ғ. с) бұл жайында былай деген: «Дін бауырларын тойға немесе қонаққа шақырса барыңдар».(Жәмиғ әс – Сағир)

Сүйікті Пайғамбарымыз (с. ғ. с) бай болсын, кедей болсын, бөліп жармай, тіпті қызметшісі шақырса да баратын еді.

10) Басқаның кемшілігін іздемеу:

Бір мұсылман басқа бір мұсылман бауырының жеке өмірін тексеруге хақысы жоқ. Көрген кемшіліктерін басқаларға жаймайды, діні бір бауырын басқаларға жамандамайды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Кімде-кім, діндегі бауырының ар-намысын оны ғайбаттаушыға қарсы қорғап, бауыры жайлы айтылған ғайбат сөзге келіспей, кері қйтарса, Аллаһ тағала да қиямет күні (оның жүзіне төнген Тозақ отын кері қайтарып,) оның жүзін Тозақ отынан қорғайды»- деген.

Көрген кемшіліктерін, жаңылыс әрекеттерін ренжітпей айтып, жақсы сөзбен түзетуге тырысуы керек.

11) Жаманшылық жасағандарды кешіру:

Парасатты адам өзіне жасалған жамандықтарды кешіреді. Тіпті кешірумен ғана шектелмей, жамандыққа қарсы жақсылықпен жауап береді. Бұл ең тамаша қасиет. Пайғамбарымыз (с. ғ. с) қарсы алдындағы кісі қаншама дөрекі болса да сабырлықпен тыңдап, өзінің тұлғалығын әрдайым сақтап жұмсақтық көрсететін. Ол бетің бар, жүзің бар демей өзіне адырая қарап «Әділетті болсаңшы!» - деп өктемсіген бәдәуиге де кішіпейілділік таныта білді. Шапанынан жұлқи тартып дөрекі мінез танытқанға да кешіріммен қарады. Басына топырақ шашып, аяғының астына тікен төсеп жәбір – жапа шектіргендерге ыза – кек сақтамады. Көңілі қалып, олардан безіп кетпек түгілі, қайта науқастанған кездерінде хал – жағдайларын сұрап барып тұрды. Сүйікті Пайғамбарымыз (с. ғ. с): «Үш тамаша мінез кімде болса, Аллах тағала сол адамды мейірімімен жәннатқа кіргізеді», - дейді. Одан:

- Ол қандай мінездер? – деп сұрағанда:

- Саған бермегенге сен бер,

- саған келмегенге сен бар,

- саған зұлымдық жасағанды кешір, - деп жауап берген.(Таңдамалы хадистер 21 б.)

12) Дін бауырларына жақсылық тілеу:

Мұсылман дін бауырластарына жақсы нәрсе ойлап, өзі үшін қалаған нәрсені оларға да тілеп, өзіне ұнамайтын нәрселерді басқаларға да лайық көрмегені дұрыс. Өйткені сүйікті Пайғамбарымыз (с. ғ. с): «Еш біреуің өзі үшін жақсы көріп, қалаған нәрсесін мұсылман бауыры үшін де қаламайынша толық иман еткен болып саналмайды» - деген.

Адамдардың адамзат алдындағы міндеттерін айта келе төмендегі көзге жас алдыратын оқиғаны мысал келтіруді жөн көрдік.

Көзге жас алдыратын өнеге.

Мұсылмандар мен византиялықтар арасында болған Йәрмүк соғысына қатысқан Хузайфа әл - Әдәуи былай деп әңгімелейді:

«Соғыс бітісімен немере ағамның баласын тауып алайын деп іздедім. Сөйтсем ол ауыр жарақаттанып қалған екен. Оған біраз су берейін деп ұмтыла бергенім сол еді, енді ішкізейін деп жатқанымда қасымыздан екінші бір жаралының ыңырсыған даусы естіліді. Немере ағамның баласы суды ішпей қойды, «әуелі ыңырсып жатқан жаралыға апар», - деп ымдады, суымды алып, әлгі ыңырсып жатқан жаралының жанына бардым. Ол Астың ұлы Хишам екен. Оған да енді суды берейін деп жатқанда, басқа бір жаралының ыңырсыған даусы естілді. Хишам да суды ішпей қойды, «Анау жаралыға апар», - деді. Мен суды алып әлгі жаралының қасына бардым. Сол кезде жаралы жан тәсілім еткен екен. Хишамның қасына оралдым, олда қайтыс болған екен. Енді не болса да немере ағамның ұлына берейін деп жүгіріп, жанына барғанымда оныңда жан тәсілім еткенін көрдім. Осылайша ешқайсысына су ішкізе алмадым».

Не деген жоғары сезім, не деген асыл қасиет! Тіпті соңғы демінде өзі шөлден өлгелі жатса да дін бауырын өзінен артық ойлап жатыр. Міне нағыз адамгершілік, парасаттылық.

 

Кербұлақ ауданының бас имамы Андақұлов Сейтқали Жұмашұлы 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз