Ысырапшылдық.

29 Sep 2018 0 comment Оқылды: 35 рет

                      

«Ысырап» сөзі араб тілінен енген, «текке шашу», «ысырап ету», «мөлшерсіз жұмсау», «шегінен шығу» деген секілді мағыналарды білдіреді. Яғни, ысырап – «астамшылыққа жол бермеу мен орта жолды ұстану» деген үнемдеу сөзінің антонимы. Алла тағаланың тарту еткен несібесін бет алды шашу, түбінде адамға өкініш алып келетін күнә. Негізінен адам табиғаты шексіз бақытты қалайды. Ал бұл шексіз бақытты материалдық заттармен өтеу мүмкін емес. Бұл сезімді Аллаға деген иман мен махаббат қана тізгіндеп, баса алады. Сондықтан да әлемге имани көзбен қарамаған жан қаншама дүниелік ізгілікке бөленіп, шалқып жүрсе де оған тоймақ емес. Осы тұрғыда Ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болғай) Абдулла инб Аббастан жеткен бір хадисінде: «Адам баласының екі ойпат мал-дүниесі болса, ол міндетті түрде үшіншісін қалайды. Адамның баласының іш қуысын топырақ қана толтыра алады...»,– деу арқылы пенделік сананы керемет бейнелеп берген.

Күллі жаратылыс атаулы – Алла тағаланың шексіз шебірлігінің керемет туындысы. Осы жаратылыс атаулының ішінде Алла тағала жер бетіне өзінің халифасы етіп адамбаласын тағайындап, күллі игіліктерді оның қызметіне ұсынды. Хақ тағала адамға ерік берумен қатар, оған жауапкершіліктер де жүктеді. Сол жауапкершіліктердің бірі – Жаратқанның сыйға тартқан сансыз нығметтерінің қадірін біліп, оңды-солды шашпай, шүкіршілік ету. Негізінен Хақ тағала адам баласының адал жолмен табыс тауып, оны адал жолда қалағанынша қолдануға ешқандай қарсы емес. Құран кәрімде«....Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырапқа жол бермеңдер! Расында Алла тағала ысырап қылушыларды жақсы көрмейді» – («Ағраф» сүресі, 31-аят) деуде. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ішіңдер, жеңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер», – деп ескертіп кеткен. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Өзеннің жағасында дәрет алсаң да суды ысырап етпе» деу арқылы құлшылық үшін дәрет алу мақсатында қолданатын, шеті-шегі жоқ секілді көрінетін судың өзін ысырап етпеуге бұйырады. Алла тағала Құранда: «Ысырап жасаушыларды құрдымға жібердік» («Әнбия» сүресі, 9-аят) деп шектен шығудың тарихта қандай қасіреттерге ұрындырғанын біздерге ескертуде.

Ысырапкершілік ішіп-жеу, киіну, жүру-тұру, энергия көздері, жаратқанның сыйға тартқан нығметтерін оңды-солды шашуда болады. Ата-бабамыздың дәстүрінде қара нанның өзі аяқ асты етілмеген еді. Олар жерге түскен түйіріне дейін теріп алған. Себебі нанды құрметтеуге қатысты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Айша анамызға: «Әй, Айша, нанды қадірле» деген ескертуін халқымыз да жерге тастамаған еді. Балаға әр сұрағанын алып беру оны өсе келе тек қана тұтынушы бір машинаға, менменшіл, нығметтің қадірін білмейтін жандарға айналдырып жібереді. Сондықтан ата-ана баласына пайдалы нәрселерді ғана алып бергені жөн. Ысыраптың алдын алудың ең біріші жолы – ысырапты байқау. Алайда қазіргі кездегі адамдар қажет емес нәрсенің бәрін қажет секілді көріп «мынаны алмасақ болмайды, жағдай бар кезде неге алмасқа, мынаны тастай салайық, ескіріп кетті, не модасы өтті ғой..» деген секілді нәрселерді айтып өзін-өзі алдаудап, мәселенің байыбына бара алмауда. Адамдар дүние нығметтерін неғұрлым көбірек пайдаланып, бәрін көріп қалсақ бақытты боламыз деуде. Сондықтан да Құранда: «Солайша шектен шығушыларға (ысырап қылушыларға) істеген істері көркем көрсетіледі». Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде: «Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, алған білімін не істегендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және тәнін қандай жолда жүріп тоздырғандығы жайлы есепке тартылмайынша бір адым да аттай алмайды», – деген.

Абай атамыз адамның бойындағы бұл кемшілікті: «Адам болам десеңіз, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның, білсеңіз...» – деп дұшпан көріп сынаған. Ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: «Адамды адасу жолына жетелейтін нәрсе – ысырапшылдық пен тәкаппарлық» (Буһари).

Қорыта айтсақ, отбасындағы киім-кию, тамақ жеуде және той-томалақ немесе ас беру сияқты дастарқанда ысырап етудің алдын алуымыз керек. Артық тамақты кейін қолдану үшін сақтаған жөн немесе мұқтаждарға таратып берген дұрыс. Ал, тұтынуға келмейтін болса қоқысқа тастамай, малдарға жуынды ретінде беру қажет. Ысырап ету нығметті аяқ асты етумен пара-пар. Жұрт арасында «Құдайдың нығметі шүкіршілікпен тұрақтайды, ал қадірлемеумен қашады» деген нақыл сөз бар.

Адамбаласы дініміз көрсеткен жолмен жүрген уақытта ысырапкершілктен өзін, бала-шағасын аман сақтап қалады. Мектеп қабырғасынан бастап өмір бойы ысырапшылдықпен күресуді әдетке айналдыру қажет. Аштықтың дәмін татпаған, бар нәрсенің қадірін білмейді. Сондықтан аштық келмей тұрып, аш қалмаудың жолдарын балаларымызға, ағайын-туыс, дос жаран бәріне тегіс үйрету керекпіз. Демек күллі адамзаттың басына қара бұлыт үйіретін ысырапкершілікті жою үшін сананы тәлім-тәрбие, имандылық арқылы түзеуіміз қажет. Мұсылмандар Құран мен сүнеттегі осыншама ұстанымдарға құлақ түрсе, ысырпашылдықтың алды алынары сөзісіз.

                                                                      Ақсу аудандық орталық мешіті.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз