Алланы зікір ету.

29 Sep 2018 0 comment Оқылды: 47 рет

                              

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Сендерге амалдарыңның ең қайырлысы, Иелеріңнің алдыңда ең тазасы, дәреже тұрғысынан ең биігі, сендер үшін алтын мен күміс жұмсағаннан да қайырлысы  және жауларыңмен кездескенде, сендер олардың желкесінен, олар сендердің желкесінен соққаннан жақсырақ амал туралы айтып берейін бе?» – деді. (Сахабалар): «Айтыңыз», – деді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланы еске алу», – деді.

Алла Тағала кітабымыз Құранда: «Енді, Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкірлік етіңдер де қарсы болмаңдар»,  деп  ашық баян етеді. (Бақара, 152). Бұл аяттағы әмір пенделердің жақсылыққа жетулері үшін. Олар Алланы еске алу арқылы Алла Тағаланың ол пендені еске алуына қол жеткізеді. Құдси хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала айтады:  Құлым Мен жайлы қалай ойласа, Сондаймын. Ол Мені еске алса, онымен біргемін. Құлым Мені жеке еске алса, оны жеке еске аламын. Егер Мені  жамағаттың арасында еске алса, Мен оны одан хайырлы болған жамағат  арасында еске аламын. (яғни, Өзіне жақын болған періштелер арасында)», деген. (Бұхари және Мүслим риуаяты). Демек, жоғарыдағы аят-хадиске көңіл бөліп қарайтын болсақ, Алланың құзырында еске алынуымыз үшін алғашқы қадамды өзіміз жасаудың  қажеттілігі айтылуда.  Яғни, біз Алланы қашан еске алсақ, сол уақытта  Алла да бізді еске алады. Сондай-ақ, Алланы жиі еске алу арқылы адамның жаны жадырап, Оған деген махаббаты артып, жүрегі жай табады. Бұған дәлел Құран Кәрімде: «Естеріңде болсын,  Алланы еске алумен жүректер жай табады»,  деп баян  етілген. (Рағыд, 28)

Құранда Алла Тағала: «Алланы көп зікір етуші ерлер мен зікір етуші әйелдер үшін Алла Тағала кешірім мен ұлы сыйлық әзірледі», деп Өзін көп еске алғандарды сүйіншілейді. Әлбетте, Алланы зікір етушілер мен зікір етпеушілер тең бола алмайтыны анық.  Әбу Мұсадан р.а. жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Алланы зікір етушілер мен Оны зікір етпейтіндердің мысалы тірі мен өліге ұқсайды». Алланы ұмытқандар жайында Құранда: «Сондай  Алланы ұмытқан, Алла оларға өздерін ұмыттырған кісілер секілді болмаңдар. Міне солар бұзақылыр», деп баян етіледі. (Хашр, 19).     

Алланы еске алушылар пенделерге жақсылықтар жазылып, күнәлары кешіріледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кім бір күнде жүз мәрте «Ләә иләәһә иллаллаһу уәхдәһу ләә шәрийкә ләһу ләһул мулку уә ләһул хәмду уә һуә ғәләә кулли шәйъин қадийр», десе, ол он құлды азат еткендей болады, оған жүз жақсылық жазылады және оның жүз күнәсі кешіріледі. Бұл оған сол күнгі шайтанға қорған болады. Осы жағдай кешке дейін жалғасады. Бұны содан көбірек жасаған кісіден басқа ешкім ол келтіргеннен абзалырақ нәрсе клтіре алмайды. Кім бір күнде жүз рет «Субханаллаһи уә бихәмдиһи», десе, оның қателері тіпті теңіз көбігіндей көп болса да өшіріледі», деген.

Адам баласы бір нәрсені жақсы көрсе, оны еске алуды көбейтеді. Алланы жүрегіміз және тілімізбен қаншалықты еске алуымыз Оған деген махаббатымыздың деңгейімен тікелей байланысты.

Алланы лас (әжетхана, монша) жерлерден басқа барлық жерлерде, адамның кез- келген жағдайында зікір етуге болады. Алла Тағала мүминдерді мақтап: «Олар Алланы тұрып та, отырып та, жанбастап жатып та зікір етеді»  деген (Әли Ғимран, 191аят).

Салиқалы адамдар, бірге жиналса Алланы естеріне алады, ал пасық, күнәһар адамдар, бір жерге жинала қалса, Шайтанға жақындататын нәрселерді естеріне алады.

Салиқалылардың зікірлері – «әлхамду лиЛләһ» (Аллаға мақтау болсын), «субханаЛла» (Алла пәк), «Аллаһу акбар» (Алла ұлық) және «Лә иләһа илляЛлаһ» (Алладан басқа құдай жоқ) деген сөздерді тағы басқа зікір сөздерді жиі қайталап айтудан тұрады.

Ғұламалар Алла Тағаланы еске алуды үш түрге бөліп қарастырған.

Бірінші түрі: жүрекпен және тілмен еске алу. Бұл болса, зікір ету түрлерінің ең керемет, абзал түрі. Бұл сенің ұлықтау сөздерін тіліңмен айтып тұрып, сол сөздердің мағынасы жайлы пікір қылып, Алла Тағаланың ұлықтығын сезіне, ойға шомып тұруың.

Екінші түрі: Алла Тағаланы тілдің қатысуынсыз, тек жүрекпен еске алу. Кейбір адамдар Алла Тағаланы тілдері еш қозғалмастан, жүректерімен еске алады.

Үшінші түрі: Алла Тағаланы жүректің қатысуынсыз, тек тілмен еске алу. Еске алу құлшылығын осылай жасаған пендеге де сауап беріледі.

Хадистердің бірінде: «Кімде-кім таң намазын оқып болып, сол жерде қалып, күн шыққанға дейін Алланы еске алып, одан кейін екі ракағат намаз оқыған адамға толық, толық, толық атқарылған қажылық пен умраның сауабы жазылады»(Тирмизи). Таңнан күн шықанға дейінгі уақыт аралығы, Алланы еске алудың ең абзал мезеттерінің санатына жатады. Бұл уақытта жүректер оянып, Алла Тағаланың берекеті, ризығы және жеңілдігі жауатын уақыт.

Алла Тағала баршамызға екі дүние жақсылығын нәсіп етіп, Өзін көп еске алушы пенделерден қылуын сұраймыз! Әмин!

                                                                                         Ақсу аудандық орталық мешіті.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз