Жолаушының әдебі

27 Oct 2018 0 comment Оқылды: 20 рет

  

Күллі әлемнің Раббысы, аса Үстем, екі дүниенің Патшасы, көркем сипаттардың иесі Алла Тағалаға мақтаулар мен мадақтар, және жәннәтпен Сүйіншілеуші, тозақпен Ескертуші, қараңғылыққа жарқыраған шырақ, Аллаға шақырушы, күллі әлемге рахмат болып келген Пайғамбарымыз Мухаммад Мустафаға Алла Тағала мен періштелердің және адамдардың салауаттары мен сәлемдері болсын.

         Адам баласы бұл жер бетінде бір жерде тұрып қалмайтыны айқын. Сол себепті адам не қажылыққа және умраға, не ілім ізденіп, не ризық іздеп, не туысын, досын зиярат етіп немесе басқа себептермен жолаушы болып сапарға шығады. Пәк дінімізде сапарға шығудың да әдебін қарастырған. Соның біразын төмендегідей баян еттік:

Аптаның «бейсенбі» күні жолға шыққан жақсы. Бұл – сүннет. Сахаба Кәъб ибн Мәликтің айтуына қарағанда, ардақты Пайғамбарымыз (Алла Тағаланың оған игілігімен сәлемі болсын) сапарға көбіне бейсенбі күндері шығатын. Аталмыш сахаба тағы бір сөзінде: «Тәбук жорығына бейсенбі күні шыққан еді. Ол (Алла Тағаланың оған игілігімен сәлемі болсын) жолға бейсенбі күні шығуды жақсы көретін. Дегенмен, адам аптаның өзге күндері де жолға шығып жатса, күнә емес.

Жолға неғұрлым ертерек шығу. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» демекші, Сахаба Сахр ибн Уәдаъа әлҒамидидің айтуы бойынша Пайғамбарымыз (Алла Тағаланың оған игілігімен сәлемі болсын): «Уа Аллахым! Үмметіме таңертең, күннің әуелгі сәттерінде берекесін бер», - деп дұға тілейтін. Сахаба Сахрдың өзі саудагер еді. Ол өзінің тауарларын (керуенмен) күннің таңертеңгі уақытында жіберетін. Осылайша дүниесі артып, байыды.

Жолға шықпас бұрын екі рәкәғат нәпіл намаз оқығаны жақсы. Бұл – мұстахаб (ұнамды). Бірінші рәкәғатында - кәфирун сүресі, екінші рәкәғатында - ықылас сүресі оқылады. Сахаба Әнәстің айтуы бойынша Пайғамбарымыз былай деген: «Жолға аттанар алдында отбасында оқылған екі рәкәғат намаз, пенденің оларға қалдырған ең абзал нәрсесі».

Мүмкін болса жолға шықпас бұрын садақа беру.

Жолға шыққан адам өзіне қажетті керек-жарақпен қамдануды ұмытпағаны жөн. Алла тағала Құран Кәрімде қажылық үкімдерін баян ету барысында: «Және (қажылыққа шыққанда жолға) азық алыңдар. Негізінде азықтың жақсысы тақуалық», - дейді. Деректерге қарағанда Пайғамбарымыздың (Алла Тағаланың оған игілігімен сәлемі болсын) кезінде Йемен халқы қажылық парызын жасағанда, өздерімен бірге азықтарын алмай: Біз Аллаға тәуекел еттік», - дейді екен де, Меккеге келгенде жергілікті халықтан азық сұрайтын болған екен. Сосын осы аят түсті. Аталмыш аят түскенде бір кісі тұрып Пайғамбарымыздан (Алла Тағаланың оған игілігімен сәлемі болсын): «Уа, Расулалла! Азықтан не алайық», - деп сұрайды. Сонда Алла елшісі оған: «Жүзіңді адамдарға қаратпайтындай азықтанып ал. Азықтанудың ең жақсысы –тақуалық», - деп жауап берді.

Үйінен шыққанда сапар дұғасын оқу. Әнәс ибн Мәликтің (радиаллаһу анһу) риуаят етуі бойынша Пайғамбарымыз былай деген: «Кімде-кім үйінен шыққанда мына дұғаны оқыса: Тәуәккәлту ъаләллаһи лә хаулә уә лә қууәтә иллә билләһ. Ол кісіге Періште «Саған жеткілікті әрі қорғалудасын», - дейді. Және Шайтан одан ұзақ жүретін болады».

Жол-жөнекей әдептілікті, мәдениеттілікті сақтап, ұрыс-жанжалдан ұзақ жүру керек. Бір қисынсыз жағдай туа қалған жағдайда, байыппен, парасаттылықпен шешуге тырысқаны абзал.

Жол-жөнекей әлдекімнің жаманшылығынан қауіптенсе, мына дұғаны оқыса болады: Сахаба Әбу Муса әл-Әшъари (радиаллаһу анһу) айтуы бойынша Пайғамбарымыз (Алла Тағаланың оған игілігімен сәлемі болсын) әлдекімдерден қауіптенетін болса, мына дұғаны оқитын: «Аллахуммә! Иннә нәжъалүкә фи нухуриһим, уә нәъузу бикә мин шуруриһим». Мағынасы: Уа, Жаратқан Ием! Біз сені оларға қарсы пана тұтамыз. Және олардың жаманшылығынан саған сыйынамыз.    

Қайда жүрсекте Алла Тағала мейіріміне, рақымына бөлеп, жаманшылық атауынан сақтап, дұғаларымызды қабыл етіп, тек оның разылығын жеткізетін салиқалы сапарларға шығуымызды нәсіп етсін! Амин!

      

                                                   Талдықорған қалалық «Нұр» мешітінің

                                                    бас имамы Данағұлов А.С.     

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз