Ислам негізі - Ақида.

01 Nov 2018 0 comment Оқылды: 16 рет

                        

Ақида ( عقيدة ‎‎‎ - сенім, бұлжымайтын қағида; көпше түріндегі тұлғасы - ақаид) - Ислам дініндегі  негізгі қағидалар жиынтығы. Бұлардың ең бастысы: Алла бір, Пайғамбар хақ деп білу, қасиетті кітаптарға, Құранның ақиқаттылығына, о дүниеде болатын есеп-кітап, тозақ пен пейіштің барлығына сену. 

Исламдағы басты наным-сенім, түбірі арабтың ғақд -байлау деген сөзінен шыққан, яғни жүректі белгілі бір наным-сенімдерге бекіту. Шариғаттың термині ретінде ақида сөзі - адамға діннен белгілі және жүрегімен анық сенетін нәрселердің барлығын білідіреді. Бұл білім саласын немесе осы ғылымды «усулуд-дин» (дін негіздері) деп те атайды. Тағы да оны «әт-Таухид» (бірқұдайшылық) деп атайды, өйткені бұл ғылымның қарастыратын басты мәселесі Алланың затындағы, есімдері мен сипаттарындағы, Оның істеріндегі бірлігі. Оны «иман» (сенім) деп те атайды, себебі Адамзаттың асыл тәжі Мұхамметтен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  : «Иман деген не?» - деп сұрағанда: «Иман дегеніміз-Аллаға, Оның періштелеріне, Оның кітаптарына, Оның елшілеріне, ақырет күніне иман келтіруің және тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің»,-деп жауап қайтарған. Яғни соңғы Елшінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  әкелген барлық нәрсесін (Құран, хадистер, құлшылықтар, әмірлер мен тыйымдар) мойындап, қабылдау, жүзеге асыру дегенді білдіреді.

Ақида  иләһи  діндердің  негізін  құрайды.  Хазіреті Адамнан  (а.с.)  соңғы  пайғамбар Хазіреті  Мұхаммедке (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  дейін  Алла тарапынан  жіберілген  елшілердің барлығы Алланың барлығы мен бірлігін уағыздаған. Сол себепті Алланың барлығы мен бірлігін уағыздайтын таухид дінінің өзгермейтін басты негізі ақида болып табылады.

Адамдар Хазіреті Адамнан (а.с.) кейін таухид дінінен  шығып, адасушылыққа бет алады. Адасушылықтың бірден-бір   көрінісі  ретінде  жұлдыздарға,  табиғаттағы төтенше оқиғаларға, рухтарға, пұттарға табынғандығы біздерге мәлім.  Осындай жағдайға ұшыраған пенделерін дұрыс жолға салу үшін Аллаһ Тағала пайғамбарлар жіберген. Жаңа келген пайғамбар  өзінен бұрын келген пайғамбардың уағыздаған таухид сенімін  үйретеді. Бұл жерде тек пайғамбар ғана өзгереді де, Аллаһ Тағала өзінің таухид дінін сол қалпында адамдарға жеткіздіреді. Бұл жайында Құранда былай дейді: «Алла Нұхқа (а.с.) нұсқау берген нәрселерді және саған уахи еткенімізді сондай-ақ Ибраһим, Мұса мен Исаға нұсқау берген нәрселерімізді сендерге діни жол қылды» (42. Шура – 13аят).

Алланың  жіберген   таухид   дініндегі   ақида   еш өзгерместен   Пайғамбарымызға  (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)   дейін   жеткендігі   осы аятта  баяндалады.  Бірақ қазіргі  кездегі  яхудилер  мен христиандардың Хазіреті Мұса (а.с.) мен Хазіреті Исаның (а.с.) уағыздаған таухид дінінен ауытқығандығы айтпаса да түсінікті.

Ақида ілімі Ислам дінінің негізін құрайды. Сондықтан ақида дұрыс болмаса құлшылық қаншалықты көп болмасын қабыл етілмейді.

Ақида – тал діңгегі болса, құлшылық сол талдан тараған бұтақ тәрізді. Басқаша айтар болсақ, ақида – құлшылық жүрегі, ғимарат негізі (фундаменті). Егер негіз болмаса немесе ол негіз осал болса онда ғимарат ұзаққа жетпей қирап қалады. Дәл сол тәрізді дұрыс ақидасыз ешбір құлшылық қабыл емес. Сондықтан да Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  жиырма үш жылға созылған пайғамбарлық дәуірдің бастапқы он жылын сахабалардың бойында дұрыс иман қалыптасуына ерекше күш салды.

Дұрыс ақида арқылы мұсылмандар Жаратушы Иені дұрыс танып, Оның сипаттарымен танысады. Тақдыр, күнә мен сауап, жәннат пен тозақ, періштелер мен иләһи кітаптары, т.с.с. ақидаға қатысты мәселелерді үйренеді. Нәби (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)   пайғабарлығының бастапқы он жылын негізінде осы мәселені жеткізуге арнады. Осы себептен намаз, ораза, қажылық т.б. құлшылық түрлері пайғамбарлықтың кейінгі он жылдығында парыз болды.

Әрбір мүмин пендеде осындай кәміл сенім болса, қазіргі қоғамдағы келеңсіз жағдайлар болмас еді. Қазіргі кезде жастардың кейбірінің білімділігі жоғары болғанымен рухани тұсы әлсіз. Сол себепті істеген істерінде имандары әлсіздіктерінен Алланың алдындағы жауапкершіліктерін ұмытып, күнәлі істерге ұрынып жатады.

Сондықтан, барша мүмін-мұсылмандар Алланың алдына барғанда жүзіміз жарқын, Жаратушының иманды құлдарына дайындаған жаннатына кіреміз деген үміт болса, иманымыз бен амалымыздың кәмілдігіне ерекше мән беріп, қорғаштай білейік. Осындай имани сеніміміз үшін Алла Тағала өзінің разылығына алып, өзінің жәннатына кіргізері анық. Алла Тағала құран кәрімде: «Иман келтіріп, ізгі іс істеген ер мен әйелдерге баянды ғұмыр береміз. Әрі оларға істеген істерінің қарымына керемет сый арнаймыз», деген.

Жаратылудың ең жоғарғы мақсаты – Аллаға иман келтіру. Ал адамның ең жоғарғы дәрежесі Алланы тану. Ал жете танығаннан кейін Оның бұйырған, тыйған амалдарын орындау. Ұлық Жаратқанды танып, жақсы көру бүкіл бақыттың, ал оны танымау қасірет пен қайғының бастамасы екенін, пенденің бұл пәни дүние мен о дүниедегі жағдайы оның ұстаған ақидасына (сенім жүйесіне) байланысты екенін әрбір пенде білуі керек.

Алла шынайы иман келтірген ықыласты құлдарынан еткей!

                                                                                      Ақсу аудандық мешіті.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз