Із-түссіз кеткен адамның үкімі

07 Nov 2018 0 comment Оқылды: 33 рет

بــــسم الله الرّحـمن الرّحـيم

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. الحمد لله ربّ العالـمين و الصّلاة و السّلام على خير خلقه مـحمّدٍ و آله و أصحابه أجـمعين Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!   Шариғат бойынша, із-түссіз кеткен деп ешбір жерде тіркелмеген, тірісі де, өлісі де белгісіз, артынан арнаулы іздестіру іс-шаралары жүргізілген адамға айтылады[1]. Іс-түссіз жоғалған адамның қайтыс болғандығы нақты анықталмайынша тірі саналып, оның мүддесіне зиян келтіретін төмендегі жағдайлардың құқықтық күші сақталады: некесі бұзылмайды; мал-дүниесі мирасқорлары арасында бөлінбейді; оған қатысты келісімшарттардың күші жойылмайды және т.б. Ал өзгенің мүддесіне зиян келтіретін жағдайларда өлген болып есептеліп, төмендегі жағдайлардың құқықтық күші сақталмайды:  өзге адамнан мұра алмайды; оның үлесі әділ адамға (уәкілге) аманат етіп тапсырылады. Уәкіл оның барлық мүліктерін есепке алады, оны жұмсайды, астық өнімін жинап алады, жемістің бүлінуіне жол бермейді, жалгерлік ақысын алады, қарыздың есебін жүргізеді[2]. Ханафи мазхабы бойынша жоғалған адамның өлі-тірісі анықталмаса, жасы тоқсанға жетпейінше өлді деп үкім етілмейді. Алайда ұшақ бортының құлауы, суға батуы, өрт апаты секілді қайтыс болу ықтималдығы жоғары болған төтенше жағдайларда мүдделі тұлғалардың арызымен қази (сот) жоғалған адамға мерзімнен бұрын өлді деп үкім шығара алады. Күйеуі хабар-ошарсыз кетіп, өлі-тірісі беймәлім болса, зайыбы сабыр етіп, ар-намысын сақтап жүргені абзал. Алайда, жесірлік тауқыметі оны тұрмысқа шығуға мәжбүр етсе, қазиға шағым түсірген уақыттан бастап 4 жыл өткеннен кейін қази белгілі тәртіппен оларды ажырата алады[3]. Із-түссіз кеткен адамға өлді деп үкім шығарылғаннан соң жұбайы 4 ай 10 күн ғидда мерзімін күтеді, жалгерлік шарттары тоқтайды, мүлкі қалған мұрагерлердің арасында бөлінеді. Егер тірі екендігі белгілі болса немесе уақыт өтіп тірі оралса, марқұм болған туыстарынан мирастан өз үлесін алады, мирасқорлардың қолындағы мал-дүниесін өзіне қайтарып алады. Бірақ жұмсалған дүниесін сұрамайды. Алайда, азаматты қайтыс болды деп жариялау оның құқықтық әрекет ету қабілеттілігін тоқтатпайды. Қайтыс болды деп жарияланған тұлға шын мәнінде тірі болып, басқа жерде өмір сүріп, мәміле жасаса, оның заңды күші сақталады.   ҮКІМ   1. Өлгендігі расталғанға дейін жоғалған адамның некесі сақталады, мал-дүниесі мирасқорлары арасында бөлінбейді, онымен жасалынған келісімшарттардың күші жойылмайды. 2. Тірі екендігі расталғанға дейін ол өзге адамнан мұра алмайды. Қази (сот) оның атынан бір уәкілді тағайындайды. Уәкіл оның барлық мүліктерін есепке алады, оны жұмсайды, астық өнімін жинап алады, жемістің бүлінуіне жол бермейді, жалгерлік ақысын алады, қарыздың есебін жүргізеді. 3. Хабар-ошарсыз кеткен адамның жасы 90-ға жеткенде өлді деп үкім беріледі. Бірақ, кейбір төтенше жағдайларда мүдделі тұлғалардың арызымен қази (сот) жоғалған адамға мерзімнен бұрын өлді деп үкім шығаруы мүмкін. 4. Өлді деп үкім шығарылғаннан кейін неке бұзылады, жұбайы 4 ай 10 күн ғидда мерзімін күтеді, жалгерлік шарттары тоқтайды, мүлкі қалған мұрагерлердің арасында бөлінеді. 5. Өлді деп үкім шыққаннан кейін із-түссіз кеткен адамның тірі екендігі белгілі болса немесе белгіленген уақыт өтіп, тірі оралса, марқұм болған туыстарынан өзіне тиесілі мирасты алады, мирасқорларға беріліп кеткен мал-дүниесін қайтарып ала алады, ал жұмсалған дүниесін сұрамайды.     [1] «Фатху баб әл-ғиная фи шархи китаб ан-нуқая», 3/316. [2] «Әл-ахуал аш-шахсия», Мухаммад Қадри Баша, 3/1397-1404. [3] «Хашияту Ибн Абидин», 4/486.

http://fatua.kz/

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз