Бірігіңдер әлемнің мұсылманы

10 Aug 2017 0 comment Оқылды: 388 рет

Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,
Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?!
Құбылаға бет алып қол қусырып,
Сәждеге жығылатын қайда күнім?
Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,
Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.
Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,
Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін.
Бәрі рас айтқанының Ақ Алламның,
Құмменен топырақтан жаралғанмын.
Құдайдың құлымын мен – мұсылманмын,
Денемде түйірі жоқ арам қанның,
Ақиқатын аңсаймын ақ арманның.
Мекенім ніл дария – меккем менің,
Келеді мәңгілікке мекендегім.
Дариға-ай Зұлпыһарды ерттеп мініп,
Көрмеген мекеніме кетер ме едім!
Семсерін Әзірет Әлі ескек жасап,
Жерорта теңізінен өтер ме едім?!
Қаны аққан қайран менің мұсылманым,
Осы ма екі ортада қысылғаның.
…Бірігіңдер, әлемнің мұсылманы,
Құрбан болсын Құдайың үшін жаның!!!

Мұқағали Мақатаев

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз