Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Әжеміздің оразаның соңғы күніне арнаған жарапазаны

13 Jun 2018 0 comment Оқылды: 162 рет

Ассаляму алейкум жиылған жұрт

Сауаб айы, шамаң келсе ораза тұт,

Ораза, намазыңды күткен болсаң,

Қонады өзің тұрмақ, еліңе құт.

 

Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,

Оразаң құтты болсын ұстаған жан-ай! 

 

Оразаң қабыл болсын ұсаған жан,

Тілегің орындалсын армандаған.

Істеген амалдарың қабыл болып,

Берілсін амал дәптер оң жағыңнан.

 

Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,

Оразаң құтты болсын ұстаған жан-ай! 

 

Үйіңе жарапазан айта келдім,

Тілеуін тілеп жүрмін байтақ елдің.

Пайдасы мұсылманға тиеме деп,

Келеді жарапазан айта бергім.

 

Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,

Оразаң құтты болсын ұстаған жан-ай! 

 

Намаз оқы, ораза ұста тазарасың,

Жуылып бар күнәңнан ағарасың.

Қиямет махшар күні жүзің жарық,

Ұялмай Алла алдына бара аласың.

 

Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,

Ниетің қабыл болсын ұстаған жан-ай! 

 

Бітпейді бұл жалғанда күйбің тірлік,

Жүрсең де желмен ұшып, отқа күйіп.

Алланың бес парызын орындаңдар.

Жәннаттан мұсылман боп қылсаң үміт.

 

Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,

Оразаң құтты болсын ұстаған жан-ай! 

 

Айтамын жарапазан  елім саған,

Оразаң қабыл болсын ұстаған жан.

Қабыл қыл оразада тілегімді,

Білесің нығметіне Алла тағалам

 

Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,

Бір келген он екі айда ораза иман-ай.

 

Жарапазан айтамын халқым саған,

Жақсылықпен жамандық бәрі Алладан.

Тілеген тілегіміз қабыл болып.

Алла құлы болайық нұры тамған.

 

Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,

Ниетің қабыл болсын ұстаған жан-ай! 

 

Жарапазан айтамын бәріңізге,

Оразада қуат берсін кәрімізге.

Ораза, намазыңды қабыл қылып,

Жәннатта кездесейік бәрімізде.

 

Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,

Оразаң қабыл болсын ұстаған жан-ай! 

 

ШҚО,  Жатқанбаева Күншайым Ниязбекқызы

 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз