ПАЙҒАМБАР (С.Ғ.С) ПАРАСАТЫ

09 Nov 2017 0 comment Оқылды: 468 рет

 

Адамзаттың ардақтысы, көңілі жақсылыққа пейілді әр пенденің жүрегіннің төрінен орын алған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туылған айына да келіп жеттік. Оның аты аталғанда жүрегі селт етпейтін мұсылман жоқ шығар сірә? Себебі біз қандай да бір жақсылықты үйренген болсақ, нендей ізгілікке қол жеткізген болсақ та оның артында Алла елшісі (с.ғ.с) тұрады. Біз оған шексіз қарыздармыз. Оның дүниеге келуі мен жер бетін нұрға бөлеуін адамзаттың дүниеге қайта келгені дерсіз. Себебі біз Раббымызды оның құтты дағуасы арқылы таныдық. Бізге Жаратушы тарапынан берілген әрбір нығметті сезінуімізді де ол үйретті. Жаратушы мен жаратылғандардың арасындағы байланыстың қалай өрбуі керектігін де біз Алла расулының болмысынан үлгі алуа арқылы түсіндік. Тек адам баласы ғана емес, басқа да жанды-жансыз жаратылыстардың Ұлы Жаратушыны әрдайым зікір ететінін ұғындық. Оның дүние есігін ашуымен қайғыны шаттық алмастырды. Ол жеткізген асыл дін арқылы «өлім», «мәңгілікке жоғалу» қорқынышы көңілімізді алаңдатпайтын болды. Себебі негізгі мекеніміздің жәннат екендігін бізге Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) ұқтырды.

Алла елшісі (с.ғ.с) шариғат ұсынған мүлдем жаңа тәрбие мен сол күнгі қоғамның бұрын-соңды еш хабары болмаған кемел мәдениеттің ізгі дәнін мұсылмандардың бойына егу үшін барын салды. Асылында қоғамның бағыт-бағдарын түбегейлі басқа арнаға бұру оңай шаруа емес. Пайғамбарымыз бұл істі бар болғаны жиырма үш жылда атқарып шықты. Жалпы, адам тәрбиелеу ісі өте бір машақатқа толы шаруа. «Бес саусақ бірдей болмайды» демекші адамдар болмысына, мінез-құлығына және ой-санасының деңгейіне қарай әрқилы болып келеді. Бір нәрсені әр адамға әр түрлі жолмен түсіндіру қажет болады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) кейде насихат арқылы, кейде іс-әрекетімен көркем мінезді арқылы мұсылман тұлғаның қалыптасуына және олардың негізгі адамдық болмысына қайта оралуына қолынан келгенін жасады. Алланың сүйікті елшісі (с.ғ.с) адамдарды тәрбиелеуде теңдессіз ұстаз болды. Оның (с.ғ.с) арқалаған жүгі өте ауыр болды. Өйткені Хақ тағала оған өте тағы және тым бәдәуи һәм шектен тыс күпірлікке батқан қоғамды тура жолға салу узипасын берген еді.+

Мәуліт айында Алла елшісіне көптеп салауат айтумен қатар оның өмір баянын да әдеттегіден көбірек оқып, зерттеп, өзара талқылау әрі соны өзгелерге жеткізу аса маңызды деп ойлаймын. Себебі біз пайғамбарымызды (с.ғ.с) таныған сайын дінді өз деңгейінде түсіне бастаймыз. Алла расулының (с.ғ.с) санқырлы болмысын бір мақалға немесе бір кітапқа сыйғызу әсте мүмкін емес. Сол себепті оның бір қырына тоқталып, сол жайлы әңгіме өрбітсек дейміз. Алла елшісінің барлық ісі даналыққа толы болатын. Кез-келген істі белгілі бір хикметпен атқаратын. Мақсатсыз жүрмейтін. Оның өміріндегі даналықпен, асқан парасаттылықпен атқарылған кейбір іс-әрекеттеріне тоқталар болсақ:

Алла елшісі (с.ғ.с) әр нәрсенің болымды жағын айтатын еді

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде «أدَّبَنِي رَبِّي فَأَحْسَنَ تَأْدِيبِي» «Мені ең көркем үлгіде тәрбиелеген Раббымының Өзі» - деу арқылы тәрбиенің қайнар бұлағы, бастауы Ұлы Жаратушыда жатқандығын білдірген. Мәселен, Ұлы Жаратушы Құранда: «(Ей, мүминдер) сендер Алладан басқаға сыйынатындардың (пұттарына) тіл тигізіп, сөкпеңдер! Әйтпесе олар шектен шығып, білімсіздіктен Алла Тағалаға тіл тигізіп қояды». (Әнғам сүресі 108-ші аяты). Егер біз серік қосушылардың  сыйынған нәрселеріне тіл тигізер болсақ, олар өздерінің білімсіздігінен Алла Тағалаға тіл тигізіп қоюы мүмкін. Яғни, олардың осы ісіне біз себеп болып қаламыз. Бұдан шығатын мағына біз «істеуге болмайды» дегенге қарағанда дініміздегі рұқсат етілген нәрселерден бастап «істеуге болады» сөзін көбірек қолдануымыз қажет. Құранның тағы бір аятында Алла Тағала мұсылмандарға сауданың халал, өсімнің харам екенін баяндайды. Раббымыз істеуге болатын нәрсені бірінші айтып отыр. Әуелі мәселенің болымды жағын айтуында үлкен хикмет бар.

«Оның мінез-құлқы Құран еді» - деп Айша (р.анһа.) анамыз айтқандай расында да пайғамбарымыздың мінез-құлқы тұтас Құран болған еді. Жоғарыда келтірген аятпен мағынылас Пайғамбарымыздың хадисі бар. Бірде Алла елшісі (с.ғ.с)сахабаларына былай дейді: «Өз әке-шешелеріңе тіл тигізбеңдер». Сонда сахабалар: Я, Расулаллаһ адам қалай өз әке-шешесіне тіл тигізуі мүмкін? - дейді. Пайғамбарымыз: «Адам біреудің әке-шешесіне тіл тигізеді, сосын ол мұның әке-шешесіне тіл тигізеді. Яғни, соған себеп болады», - деген екен. 

Құлдық қоғамды жоюы

Ислам діні құлдық қоғамды өте көркем түрде жоя білді. Мысалы, Пайғамбарымыздың (с.ғ.ссахабаларын жақсы істерге қызықтырғанда «сауабы құл азат еткенмен тең» деген секілді мағынадағы көптеген хадистері бар. Мәселен, рамазан айында оразасын себепсіз бұзған адамға кәффәрат ретінде алпыс күн ораза ұстауы керек немесе алпыс адамға ауыз аштыруы міндет, болмаса құл азат етуі керек. Міне, осылайша бір мәселені шешу барысында екінші бір мәселені қатар шешіп отырған.

Алла Расулы (с.ғ.с) кісінің қателігін ешқашан бетіне баспайтын еді.

Бірде, бір сахаба Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп шағымданады. «Пәленше таң намазында имамдыққа шығып, намазды өте ұзақ оқиды. Соның себебінен намазға келгім келмейтін кездерім болып қалады», - дейді. Сонда Хақ елшісі (с.ғ.с) ол адамның айыбын тікелей өзіне айтпады. Мінберге шығып, сөйлер сөзін көпшілікке бағыттап былай дейді: «Сендердің кейбірің имамдыққа шыққанда намазды өте ұзақ оқиды екенсіңдер. Жамағаттың ішінде біреу кәрі, біреу ауру болады. Парызды ауыр келмейтіндей қысқа оқыңдар. Ал, нәпілдерді қалағандарыңша ұзақ оқи беріңдер», - деп жалпылама жамағатқа айтқан болып, әлгі адамға айыбын жеткізіп, қателігін түсіндіреді.

Расулаллаһ (с.ғ.с) әр адамға ерекше көңіл бөлетін.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үйіне Әбу Бәкір, Омар, Османның бірінен соң бірінің келуі және жайбарақат отырған Алла елшісінің Әбу Бәкір, Омарлардың келгенінде оларды отырған қалпында қарсы алуы, ал, Осман келгенде үсті-басын түзеп, дұрысталып, сыпайы күйге еніп оны қарсы алуын қараңызшы. Оның себебі Осман өте ұялшақ адам еді. Пайғамбарымыз: «Осман өте ұялшақ адам, егер оны жөнделіп отырып қарсы алмасам ол менен ұялғанынан қандай мәселемен келгенін ұмытып қалар еді. Періштелер ұялған адамнан мен қалайша ұялмаймын», - дейді. Алла елшісінің әрбір адамның мінезін-құлқындағы ерекшеліктерін ескеріп, өте көркем қарым-қатынас жасауында үлкен даналық бар.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Меккені алатын кезінде қалаға кіріп келе жатып, «Кімде-кім Қағбаның ішіне кірсе, малын, жанын сақтап қалады. Кімде-кім Әбу Суфиянның үйіне кірсе, малын, жанын сақтап қалады» деп айтуында да үлкен хикмет жатыр. Бүкіл халықтың көзінше дәрежесін көтермелеп сөйлеу Әбу Суфиянның ішін жылытары сөзсіз.

Сахабалардың әрқайсысы «мен пайғамбардың ең сүйікті адамымын» деген ойға қалуы да Алла елшісінің әрбір адамның көңіл пернесін дөп басып, жеке жағдайын жете түсіне білгендігінде.

Әз елшінің (с.ғ.с) адамдармен сөйлескенде олардың сол сәттегі психологиялық жағдайын ескеруі.

Мұнафиқтар тарапынан Айша (р.анһа.) анамызға жала жабылғанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оны бірден ақтамай, істің нәтижесін Аллаға  қалдырады. Айша анамыз Алла елшісінің осы әрекетіне ренжіген-ді. Кейін Алла Тағала ол туралы аят түсіріп, оны мұнафықтардың жаласынан ақтаған сәтте Пайғамбарымызға (с.ғ.с) аздап тіл тигізіп қояды. Сонда әкесі Әбу Бәкір оған кейіп «тілің кесілсін» деп сөгеді. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) болса, «тиме оған, ей, Әбу Бәкір», - деп басу айтады. Алла елшісінің (с.ғ.с бұл жердегі үлкен даналығы Айша (р.анһа.)анамыздың елдің өсек сөзінен белгілі бір уақыт қиналып, рухани қысым көргенін, психологиялық жағдайын жақсы түсініп тұр.

Тағы бір мысал, Нуайман кейде ішімдік ішетін де, пайғамбарымыздың алдына келіп, оның өзін жазалауын сұрайтын. Аллаһ елшісі (с.ғ.с) оған тиісті жазасын беретін. Оның осы әрекетін бірнеше мәрте қайталағанына куә болған сахабалардың бірі Нуайманды жекіп, жазғыра сөйлегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қабағын түйіп:«Бауырларыңа зекіп, шайтанға болыспаңдар. Алла тағалаға ант етейін, ол Алланы және оның пайғамбарын жақсы көреді», - деді. Яғни, оны Хақ елшісінің (с.ғ.с)  алдына қайта-қайта алып келіп тұрған кеудесіндегі Аллаға деген, Оның елшісіне деген иманы болатын. Сол иманынан туындаған сүйіспеншілігі арқылы өз айыбын сезініп өзіне тиісті жазасын алып сүйікті Пайғамбарымыздың алдында алуды жөн деп білетін-ді. Алла Расулы оның осы халін айна қатесіз сезініп біліп тұр.

Иә, сүйікті пайғамбарымыздың әкелген тәрбие негіздері күллі адамзаттың дерті мен жан-жараларына шипа болғандықтан, шартарапқа жайылды. Әрбір ұстаздың ұлылығын - оның тәрбие негіздерінің өміршеңдігі танытады. Ал, мән беріп қарар болсақ, шынында да ол белгілеген тәрбие негіздерімен қазіргі уақытта да дәл сондай ұрпақты өсіріп жетілдіруге болады.

Сөз соңында айтарымыз қашанда дін даналықпен дамыған. Қоғамда «Ислам діні соғыс арқылы тараған» деген жаңсақ пікір орын алған. Алайда, сүйікті пайғамбарымыздың  (с.ғ.с) ғұмырының 23 жылдық пайғамбарлық кезеңінде тек екі ай ғана шайқаспен өткен (яғни, болған соғыстардың мерзімдерінің бас-аяғын қосқанда). Яғни, дінімізді тарату ісінде көркем мінез-құлықтың, даналықтың алатын орны орасан. Сондықтан да Алла елшісі (с.ғ.с бір дұғасында былай дейді: «Иә, Алла Тағалам! Маған хикмет (даналық) нәсіп ете гөр. Расында, кімге ол нәсіп болса, ол көп жақсылыққа қол жеткізді». Ұлы Жаратушымыз баршамызға даналық нәсіп етсін! Алла елшісіне сансыз салауаттар мен сәлемдер жолдаймыз.

 

Асылхан қажы Өмірзақұлы

 ,

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз