Жәннатпен сүйіншіленген он сахаба

08 Feb 2018 0 comment Оқылды: 266 рет

Бисмилаһир рахмани рахим!

Алла тағала бізді жаннатқа жетуіміз үшін пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) арқылы қасиетті Құран кәрімді жерге түсіріп, адамдарды тура жолға үндеді. Ислам дінін тарату үлкен кедергілерге, зор қиындықтарға тап болды. Сол кезде ардақты пайғамбардың (с.ғ. с) демеу болып, жанында жүрген сахабалар еді.

Сахаба деген кім? Сахаба – араб тілінен аударғанда серік, жолдас дос болу және сұхбаттасу мағынаны білдіреді. Аллаһ елшісін көрген, аз уақыт болса да оның сұхбатын тыңдап, иман келтірген және дүниеден иманды болып өткен адамды сахаба деп атайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде: «мына кісілер жәннатқа кіреді: Әбу Бәкір, Омар, Осман ибн Аффан, Әли ибн Әбу Талиб, Зүбәйір ибн Әууәм, Талха ибн Ұбайдуллаһ, Сағд ибн Әбу Уаққас, Әбу Ұбайда ибн Жаррах, Абдурахман ибн Ауф және Сағид бин Зәйд". Көзі тірісінде жәннәтпен сүйіншіленген осы он кісіден бөлек басқалар да бар.

Бұл сахабалардың көз тірісінде жәннатпен сүйіншіленуінің өзіндік себебін айтайық. Кейде жасалған істің басқа уақытта жасалған істен артықшылығы болары анық. Бұл он сахаба Исламның алғашқы қиын-қыстау кезеңінде мұсылмандықты қабылдады. Пайғамбар Меккеде Исламды уағыздай бастаған алғашқы кезеңде сахабалар Құранның әмірлеріне бойұсынып, мойынсұнды. Қауіп-қатерге толы күндері көзсіз ержүректілік танытқандар да болды. Ол кезде екінің бірі мұсылман болуға батылы бармады. Әбу Бәкір: “ Басымызды өлімге тікпейінше сыртқа шығуға да, бір жерге кіруге де жүрексінетінбіз”,–деуі арқылы азапты күндердің қиыншылығын білдірген. Бұлардың ешқайсысы ақ жолдан адаспай, Пайғамбардың (с.ғ.с) жан серіктері Исламдінін шын көңілмен қабылдады. Өмірлерінің соңына дейін қасиетті жолдан бас тартпады. Сахабалардың барлығы Аллаһ тағаладан әмір түскен уақытта бала-шаға, мал-мүліктен айырып қалу қаупіне қарамастан, қиындыққа көз жұмып, тәуекелге бел байлады.

Айталық, Әбу Бәкірдің (р.а.) басты қасиеттері: шыншылдық, қайырымдылық, жомарттық болғандығын көреміз. Әбу Бәкірдің мұсылман болған шақта жинаған қырық мың дихрамын Ислам жолына жұмсау үшін Аллаһ елшісіне әкелуі – қазіргі қоғам мұсылмандары үшін үлкен өнеге. Омардың да (р.а.) әділдігі айрықша қырынан көрінді.. Оның халифа кезінде бір сахабаимен, сотқа барғанда қазы оны төрге шақырады. Сонда Омардың: «Алдыңа келген халифа мен қарапайым халықтың кез келген өкілін тең тұтпайынша, сен бұл орынға лайық бола алмайсың. Қазы әділ болса халифаның емес, Аллаһтың бұйрығы мен үкімін орындауы керек” деген сөздері әділеттілікке бет бұрған қай қоғам үшін берік ұстаным дей аламыз.

Араб жеріндегі мейірімсіз қоғам Ислам дінінің келуімен адамзат тарихында өркениет пен мәдениеттің ошағына айналды. Жаһилет заманындағы қаныпезерлік жасағандар құрт-құмырсқаны өлтіріп алмау үшін әрбір қадамын аңдап басып, аяқтарына қоңырау тағып жүретін тақуа дәрежеге жетті. Адами қасиеттер аяққа тапталып, азғындық шегіне жеткенде пендешіліктің пердесін сыпырған он саңлақ сахаба күллі ғаламға мәдениет бастауын үйретуші қаһармандар болды.

Әбудардан Таласбай,

Қаратал ауданның бас имамы.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз