ТУФӘЙЛ ҚАЛАЙ МҰСЫЛМАН БОЛДЫ?

07 Jan 2018 0 comment Оқылды: 243 рет

Туфәйл ибн Амр «Аус» қауымының ең сыйлы адамы еді. Бір күні Мекке қаласына жолы түседі. Ол кезде Меккеде мұсылмандар мен пұтқа табынушылар арасындағы алауыздық өршіп тұрған. Туфәйл Меккеге кірер-кірмес мүшріктер қаумалап: «Ей, Туфәйл, Меккеге қош келдің! Бұндағы жағдай мынау: өзін пайғамбармын деп жариялаған құрайыштық Мұхаммед (с.ғ.с.) бізді ауыр хәлге душар етіп отыр. Арамызға іріткі салып, сүттей ұйып отырған шырқымызды бұзды. Сөзін тыңдағандар қалай арбалып қалғанын білмей, керек десең, туған әкесі мен баласы, күйеуі мен әйелі бір-бірінен безінуде. Абайламасаң, бұған сен де, қауымың да тап болуы мүмкін. Сондықтан Мұхаммедтен аулақ жүргенің дұрыс. Айтқан сөзін тыңдама» деп жамыраса ақыл айтқан болады. Бұл әңгімеден кейін Туфәйл шынында да Пайғамбарымыздан қауіптеніп, Қағбаға бара қалса, құлағына мақта тығып алатынды шығарды. Бірде күтпеген оқиға орын алды. Қағбаның жанында Аллаһ елшісінің (с.ғ.с.) намаз оқып тұрғанын көрді. Өзіне тосын қимылдарға біршама уақыт алыстан қарап тұрды. Алла елшісінің (с.ғ.с.)  оқыған Құранын да естіді. Туфәйл неге екенін бұның бәрін жылы қабылдады. Бір уақытта өзіне «Мен неге құлағымды бітеуім керек? Нені тыңдап, нені тыңдамауды маған басқа біреу үйретуі керек пе? Бұл кісіге жолығып көрсем қайтеді? Нашарлығына көз жеткізсем, өз жөніме кетермін» деген ой келеді. Сөйтеді де, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намазын бітірген соң, артынан үйіне дейін еріп барады. Үйге кірісімен Туфәйл басынан өткендерді әңгімелеп, Ислам діні жөніндегі сауалдарын қояды. Бұны естігенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қатты қуанып, оған діннің негіздерін түсіндіреді. Туфәйл сол жерде мұсылмандықты қабылдайды.

Қ.Сабыржанұлы
Толығырақ: http://kazislam.kz/

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз