Мусғаб ибн Ұмәйр

14 Jan 2018 0 comment Оқылды: 252 рет

“Анашым, мен Мұхаммедтің дінін ұстанамын. Ол –Алла Тағаланың жіберген хақ діні. Менің өздеріңізге деген сүйіспеншілігімді жақсы білесіз. Мен сенген Аллаға және Елшісіне сіз де сеніңіз. Мұны шын жүректен қалаймын, анашым”.  (Мусғаб ибн Ұмәйр)  Сахабалардың әрбіреуі алқаракөк аспандағы жұлдыз шоғырындай болып көзге түсетін еді. Шаңытқан құс жолы олардың арпалысқа толы ғұмырындай елестейді. Әрқайсысының бойында бізге өнеге боларлық тұнып тұрған қасиеттер бар. Біреуі – әділдігімен, біреуі – сенімділігімен, енді біреуі – шынайылығымен, және біреуі – батырлығымен, тағы сол сияқты адам баласының ең құнды қасиеттеріне ие болған сахабаларды танып-білу – Ислам құндылықтарын терең танып-білумен бірдей. Сол жарық жұлдыздардың бірі – Мусғаб ибн Ұмәйр. Ол мұсылман болмастан бұрын Меккенің ең шырайлы, жас та сыйлы тұлғаларының бірі еді. Отбасындағы бір дегені екі етпей орындалатын, ең сүйікті еркесі болатын. Анасы оны шыттай киіндіріп, үстіне жұпар аңқыған хош иісті әтір бүркетін. Меккеліктер де көктен түскендей көркем жігітке таң-тамаша болып қарасатын. Бірде Пайғамбарымыз (ﷺ) ол жайлы: “Меккеде Мусғаб ибн Үмәйрден әдемі киінетін, сымбатты әрі байлыққа кенелген жасөспірімді көрген емеспін” деген болатын[1]. Осындай қызығарлық өмір ішінде балқып-шалқып жүрген кезінде, бір күні Пайғамбарымыздың уағыздаған діні жайлы хабарлар құлағына жетті. Қызығушылықпен Пайғамбарымызға барды. Нұр Пайғамбардың (ﷺ) аузынан шыққан тамаша лебіздер әне-міне дегенше жүрегін баурап, иман нұры кеудесіне сәуле болып құйылды. Ол осылай мұсылман болды. Қараңғылықтың бұғауынан сырылып иман кәусарының шырын дәмін алған ол, айналасындағылардан тартынғандықтан мұсылмандығын жария етпеді. Намаздарын да жасырын оқып жүрді. Алайда жасырынып намаз оқуы ұзаққа созылмады. Күндердің күнінде мүшріктердің біреуі оның намаз оқығанын байқап қойып, әке-шешесіне жеткізеді. Осы кезден бастап Мусғабтың өміріне түпкілікті өзгеріс енді. Оны жақсы көріп құрмет тұтатын мүшріктер, тек Исламды қабылдағаны үшін оған әр түрлі қысым мен қиындықтар көрсете бастады. Абақтыға да қамады. Содан кейін ол бір топ мұсылманмен бірге Эфиопияға һижрет етті. Ол жақта біраз уақыт болып, туған жеріне қайта оралды. Алайда ештеңе өзгермей таз қалпында қалыпты. Жанұясы мен жақындары оған бұрынғыша дұшпан күйінде қала берді. Пайғамбарымыз (ﷺ)  бір күні сахабаларымен әңгімелесіп отырған кезде Мусғаб ибн Ұмәйр қастарына келіп сәлем береді. Сахабалар оған көмектесе алмағандықтары үшін оның алдында қысылған күй кешті. Сүйікті Елші (ﷺ) Мусғабтың сәлемін алғаннан соң: “Жер жүзінің бүкіл адамдарын өзгерте алатын Аллаға мадақ! Мына жас адамды көріп тұрсыңдар ма? Бұрын әке-шешесінің ең сүйіктісі еді. Аллаға және Елшісіне деген сүйіспеншілігі әке-шешесінен басым түсті. Ол Алла пен Оның Расулын таңдады”,– деді[2]. Тағы бір реті келгенде оның сүйек кеміріп отырғанын көрген Пайғамбарымыз (ﷺ) жанындағы сахабаларға қарап: “Мына адамды көріп тұрсыздар ғой. Әке-шешесі оған ең дәмді тағамдарды бергеннің өзінде оларды тастап, бізбен бірге аштыққа көнді”– деп, оның жанкештілігін атап айтқан еді. Пайғамбарлар падишасының (ﷺ) бұл марапаттауына ие болған Мусғаб ибн Ұмәйр шынында да Алла пен Оның Расулы үшін бар құнды нәрсесін: үй-жай, ішіп-жем, көз тартар салтанатты өмірін және әке-шешесін пида етті. Мұның бәрі ерекше ерік-жігерді талап ететін үлкен іс. Мусғаб бұлардың бәріне көзді тарс жұмып, Алла Елшісінің (ﷺ) рухани атмосферасына кірді. Дүниедегі құнды нәрселерін иманға айырбастамаған жанқияр сахаба Мусғабты Алла Елшісі (ﷺ) мәдиналықтарға Исламды оқытып үйрету үшін мұғалім етіп тағайындады. Бірінші Ақаба сертінен* кейін Мәдинада Ислам тез қанат жайып тарала бастаған кезде, жаңадан мұсылман болғандар өздеріне Құран тағлымдарын үйрететін ұстаз сұрады. Пайғамбарымыз олардың бұл өтініштер қабыл алды. Пайғамбарымыздың бір ерекшелігі – адамды дұрыс таңдауда қабілеті зор басшы болатын. Ол ақылына көркі сай, жұмсақ тілді, байыпты да биязы Мусғабты бұл іске лайық көреді. Хазіреті Әбу Бәкір, Омар, Әли сынды сахабалардың болғанына қарамастан, Алла Елшісінің Мусғабты таңдауы – оның зор қабілеттілігінің белгісі.  Осылайша Мұсғаб Мәдинадағы алғашқы Исламды уағыздаушы болды. Меккеден келген қадірлі қонақты Мәдинада Әсәд ибн Зурәрә өз үйіне түсіреді. Ел-жұртын тастап келген     Мусғаб ибн Ұмәйр Мәдиналықтарға Ислам негіздерін бар ықыласын салып үйретеді. “Мәдениеттілерге ақиқаты қабылдату күшпен емес, санасын оятып, көздерін жеткізу арқылы ғана мүмкін” дейтін қағиданы берік ұстанды. Тек күштінің ғана дәурені жүріп, оның стратегиялық маңызға ие болған кезеңінде уағыздау ісін өз деңгейінде алып жүре алған ер еді. Алдына келгендерді майда тілімен, көркем мінезімен Исламды  уағыздап, иман келтіртуге себепкер болатын. Қылышын білеп, қаһарын төгіп келгендердің жүрегі иман нұрына шомылып қайтатын. Қабағынан қар жауып келгендердің онымен сұхбаттасқан соң мұз болып қатқан көңілдері елжіреп шыға келетін. Сағд ибн Муаз Мусғаб ибн Үмәйрдің Исламды уағыздап жүргенін естіп “Мәдинада ешкімнің бүлік шығаруына мүмкіндік бермеймін” деп Әсәд ибн Зурәрәнің үйіне салып-ұрып жетіп барды. Бұл кезде Мұсғаб айналасындағыларға әдеттегідей жұмсақ тілімен ақиқатты уағыздап жатады. Сағд оған дөңайбаттанып, дөрекілік көрсетеді. Хазіреті Мұсғаб:  “Бауырым, алдымен менің не дейтінімді тыңда. Егер ұнаса, қабыл етерсің, ұнамаса, міне – мойным, шабам десең өзің біл. Мен ешқандай қарсылық көрсетпеймін”,– деді. Сағд ашуын ақылға жеңдіріп, оның айтқандарына құлақ түреді. Мұсғаб ибн Үмәйрдің жымиған күлкісі, жұмсақ сөзі мен дәлелдерінің ақылға қонымдылығы шемен болып қатқан жүрегін жібітеді. Сөйтіп Сағд ибн Муаз иман еткендердің қатарына қосылды. Мәдинадағы танымал адамдардың көпшілігі Мусғаб ибн Ұмәйрдің уағыздауымен Исламды қабылдады. Олардың арасында Үсәйд ибн Хүдәйр, Сағд ибн Убәдә, Сағд ибн Муаз сияқты  атақты сахабалар бар еді. Әсәд ибн Зурәрәнің үйі Құран нәріне қанып, Ислам ақиқаттарының кең жайылуына себепкер болған орталыққа айналды. Сандары күн санап өскен мұсылмандар Мәдинада жұма намазын оқығысы келетінін Пайғамбарымызға (ﷺ)  айтып, рұқсат алды. Ансарлардан Сағд ибн Хайсәмәнің үйінде жиналып жамағат ретінде Мусғаб ибн Ұмәйрдің имамдығымен алғашқы жұма намаздарын оқиды. Кейінірек хазіреті Мусғаб Пайғамбарымызға (ﷺ) келіп, Мәдинадағы болып жатқан қуанышты хабарларды жеткізді. Баласының Меккеге келгенін естіп қойған анасы бұлқан-талқан ашуланып: “Меккеге келген екенсің, алды-мен маған сәлем бермей басқа біреуге баруға қалайша дәтің барды” деп хабар салады. Мусғаб ибн Ұмәйр болса анасына: “Мен РасулАллатан бұрын ешкімге бара алмаймын”, – деп жауап береді. Бірақ Пайғамбарымыздан рұқсат сұрап, анасының қасына барды. Анасы: – Әлі жалған-жаңсақ сенімді ұстанып жүрмісің? – деп жақтырмай қарсы алады. Мусғаб ибн Ұмәйр: – Анашым, мен Мұхаммедтің дінін ұстанамын. Ол –Алла Тағаланың хақ діні. Менің өздеріңізге деген сүйіспеншілігімді жақсы білесіз. Мен сенген Аллаға және Оның Елшісіне сіздің де сенуіңізді қалар едім, – деді анасына жаны ашып. Анасы: “Мұсылман болғанымды ел білсе, мазақ етеді”, – деп ұлының ұсынысын қабылдамай тастайды. Оның ұсынысын қабылдамаса да, баласының наным-сеніміне араласпайтын болып келіседі. Өнегелі ғұмыр кешкен хазіреті Мусғабтың ақыретке көшуі де сондай көркем болды. Ұхұт шайқасында Пайғамбарымыз Ислам туын Мусғабқа ұстатады. Ұрыстың шешуші сәтінде, мұсылмандардың шегінгендерін көріп мына аятты оқиды: “Мұхаммед – ол пайғамбар. Одан бұрын да пайғамбар-лар келген еді. Енді ол өлсе немесе өлтірілсе, сендер соғысты тастап қашасыңдар ма?” (“Али Имран”, 144).  Ұрыста тұрыс жоқ. Мусғабқа қырғидай төнген Ибн Қәймә деген мүшрік оның ту ұстаған қолын шауып түсіреді. Туды екінші қолына ауыстырып үлгірген Мусғаб ол қолын да сақтап қала алмады. Екі қолы да қырқылып түскен Мусғаб туды аузымен қағып алып, кеудесінде ұстап тұруға тырысты. Басқа бір сахаба жетіп келіп туды алады. Бұл – періште еді. Мусғабтың бейнесіне кіріп шайқасты жалғастырды. Оны көрген Пайғамбарымыз “Мусғаб!” деп дауыстағанда ол “Мен Мусғаб емеспін, ей, РасулАлла!”[3] деп жауап берді. Мусғаб ибн Ұмәйрдің шейіт болғанын сол кезде аңғарған Алла Расулы (ﷺ) көз жасын тыя алмай, мына аятты оқыды: “Мүминдердің арасында (РасулАллапен бірге болатындықтарына) Аллаға берген сөздерінде шынайы болған қаншамасы бар. Олардың кейбіреулері берген уәделерінде толық тұрып шейіт болды. Кейбіреулері де осындай жақсылықты күтуде. Олар уәделерінен таймады” (“Ахзаб”, 23). Даңқты сахаба Мусғаб қырық жасында шейіт болды. Бір кездері үлде мен бүлдеге оранып дәулетті ғұмыр кешкен сахаба Мусғабқа ақыретке көшкен кезде үстіне жабатын кішкене бір құрым матадан басқа кебін табылмайды… Басына тартса, аяғына жетпей, аяғына тартса, басына жетпей кебіндеуге келмеген-ді[4]. Алла үшін бүкіл асылын пида еткен Мусғаб табысуға ерекше ынтық Жаратушысына осылайша қанат қақты. 

[1] Табақат, 3:116. [2] Табақат, 3:116. *620 жылы Мекке маңындағы Ақаба төбешігінде Пайғамбарымызбен кездесіп, мұсылман болған алты кісі, келер жылы дәл осы күні, сол жерде бас қосамыз деп Аллаh Расулымен сөз байласады. Бір жылдан соң алғашқы алты адам қастарына алты адам ертіп, бас-аяғы он екі кісілік топ Меккеге келеді. Келісілген жерде – Пайғамбарымызбен кездесіп, Аллаhқа ешнәрсені ортақ қоспау, ұрлық жасамау, зинақорлық жасамау, балаларын өлтірмеу,  ешкімге жала жаппау, қайырлы істерге қарсылық білдірмеу жөнінде серт береді. Қандай қиыншылық болса да, Пайғамбарымызға бағынып, мойынсұнатындықтарын айтады. Осы сертке – тарихта «бірінші ақаба серті» делінеді. [3] Табақат, 3:121. [4] Бухари, жанаиз, 27.

fatua.kz

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз