Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ӘБУ БАКР МҰХАММЕД ӘС-САРАХСИ

21 Jun 2022 0 comment Оқылды: 59 рет

Имам әс-Сарахси ханафи мәзһабының беделді де мәшһүр тұлғаларының бірі. Толық аты-жөні Мұхаммед ибн Ахмәд ибн Әби Сәһл әс-Сарахси. Имам әс-Сарахсидің азан шақырып қойған аты – Мұхаммед. Күниясы – Әбу Бакр, ал лақап аты Шәмсул-әиммә. әс-Сарахсидің ұстазы, әйгілі ханафи ғалымы Шәмсул-әиммә Әбу Мұхаммед Абдулазиз ибн Ахмәд әл-Халуани, оның білімінің тереңдігіне әрі зеректігіне қарай Шәмсул-әиммә (Имамдардын шамшырағы) деп атаған. Ислам тарихында имам әс-Сарахсимен қатар оның ұстазы Әбу Мұхаммед Абдулазиз ибн Ахмәд әл-Халуани, Махмуд ибн Абдулазиз әл-Узгенди және Әбу әл-Уахда Мұхаммед ибн әл-‘Имади әл-Кардари сияқты басқа да ғалымдар дәл осы лақап атпен танымал болған. Алайда, ислам әдебиеттерінде «шәмсул-әиммә» деп келетін болса, ол жердегі мақсат тұтылған тұлға имам әс-Сарахси болып табылады.

Ислам мәдениетінде әдетте беделді ғұламалар көбіне туған жері немесе шыққан руымен аталады. Сол себепті, ол Сарахс қаласына телініп, «әс-Сарахси» деген атпен танымал болған.

Біршама көне дереккөздерде ханафи мәзһабының ғалымдары және шәкірттері оны ізет тұтып, «Имам әз-Зәһид», «Әимматул-кибар», «Фахр ал-Ислам», «Имамул-әимма», «Тәж ал-әимма» сияқты басқа да асқақ лақап аттармен атаған.

Имам әс-Сарахсиге берілген осындай көрнекті атаулар оның орта ғасырлық «Мәуараннахр» ханафи ғұламалары арасында аса беделді де, құрметті ғалым болғандығының айғағы.

Имам әс-Сарахси Хорасан өніріндегі Мешхед пен Мерв арасындағы көне бір қала, қазіргі таңда Иран мен Түркменстан шекарасын бөліп тұрған Теженд өзенінің сол жағалауында орналасқан Сарахс қаласында дүниеге келген. Ғұламалар арасында қанша танымал болғанымен имам әс-Сарахсидің туған жылына байланысты нақты деректер жоқтың қасы десекте болады. Алайда, кейбір дереккөздерінде оның шамамен миләди жыл санауы бойынша 1009 жылы (һижри жыл санауы бойынша 400 жылы) дүниеге келген деген көзқарастар бар.

Имам әс-Сарахсидің қайтыс болған жылына байланысты да бірнеше деректер келген. Имам аз-Зирикли өзінің «ал-Ағлаам» атты кітабында әс-Сарахсидің миләди 1090 жылы (һижри 483 жылы) дүние салғанын білдірген. Ал Абдулқадир әл-Қурәши (һижри 775 жылы қайтыс болған) өзінің «әл-Жәуәһирул-мудия фи табақатил-ханафия» атты еңбегінде оның миләди 1097 (һижри 490 жылы) қайтыс болғанын келтірген. Сонымен қоса Тақиуддин ал-Мақризи «Тазкира» атты іргелі еңбегінде имамның миләди 1106-1107 (һижри 500 жылы) қайтыс болғандығын алға тартқан. Ал А.К.Муминовтың «Ханафитский мазхаб в историй Центральной Азии» атты кітабында көрсеткен деректеріне жүгінетін болсақ, имам әс-Сарахси миләди 1088-1089 (һижри 481 жылы) қайтыс болды деген пікірді дәлелдеуге тырысқанын көреміз. А.К.Муминовтың келтірген мәліметтері алдыңғы қолжазба деректердің барлығын қамтыған соңғы зерттеулердің бірі болғандықтан, жұмыс барысында осы көзқарасқа басымдылық беріп, негізге алатын боламыз. Ендеше, имам әс-Сарахсидің шамамен миләди 1009 (һижри 400) жылы дүниеге келіп, миләди 1088-1089 (һижри 481) жылы дүние салғанына қарап, оның сексен жылдан астам уақыт өмір сүргенін айтуға болады.

Оның балалық шағына қатысты, он жасында әкесімен Бағдатқа сауда-саттық үшін келгені жайлы бір ғана мәлімет бар. Имам әс-Сарахси бала күнінен бастап ғылымға бет бұрады. Алғашқы ілімін Бұхара қаласында алған. Ғалымның ғылымға ерекше көңіл бөлгендігін: «Аллаға иман келтіргеннен кейінгі ең басты парыз – білім алу», - дегенінен байқауға болады. 

Имам әс-Сарахси Қараханидтер дәуірінде, Хақан Әмір Хасан хан кезінде өмір сүрді. Ол философия және логика ілімінде өз заманының дара тұлғасына айналды және теңдессіз шығармалары мен ғылыми тұжырымдарының арқасында есімі бүкіл ислам әлеміне тарады. 

Оның Қараханлы мемлекетінің сол уақыттағы астанасы – Өзкентте зынданға жабылуына байланысты ислам ғалымдарының арасында екі түрлі тұжырым бар.

Біріншісі, сол тұстағы Қарахан мемлекетінде сыртқы қауіп-қатермен қоса, іштегі кикілжіңдер де аз емес-тін. Әсіресе, билік пен халықты аузына қаратқан ғұламалардың арасында келіспеушілік көптеп кездесетін. Халықты есеңгіретіп жіберген биліктің салығы күннен-күнге артуына байланысты діндар ғалымдар үкіметтен бұл бейберекетсіздікті доғаруды талап етеді. Сол ғалымдардың бірі имам әс-Сарахси еді. Ол салық жөнінде қарапайым халықтың пайдасына шешілетін тура пәтуа шығарады. Оның бұл әрекеті жергілікті билік басындағыларға ұнамағандықтан, «билікке халықты қарсы қойды» деген желеумен 1073 жылы (һижри 466 жылы) Өзкент қаласындағы зындандардың біріне тасталады.

Екіншісі, қала Әмірі балаларының туған аналарын (күндерін) қол астындағы қызметші еркектермен үйлендірген болатын. Осы ісінің үкімін сондағы ғұламалардан сұрағанда барлығы «бұл ісің дұрыс» деп жауап береді. Сонда имам әс-Сарахси: «Бұл ісің қате. Өйткені әрбір қызметшіңнің астында еркін әйелдері бар. Бұл жасап отырған ісің еркін әйелдің үстінен күңге үйлендіру (яғни еркін әйелі бар қызметшіге күңді қосу)» деп пәтуа береді. Сонда қала Әмірі: «Олай болса оларды азат етіп, еркіндік беремін, некелерін жаңартыңдар» дейді де, сондағы ғұламалардан осы ісінің үкімін сұрайды. Ғұламалардын барлығы: «Дұрыс жасадың» деп жауап береді. Сонда имам әс-Сарахси: «Бұлай етуің де қате. Өйткені балалардын шешелері азат етілген соң оларға идда (күту мерзімі) жасау парыз. Бұлай етуің күту мерзімінде отырған әйелді үйлендіру болады. Олай жасауға болмайды» деп өз қарсылығын көрсетеді. Осылайша имам әс-Сарахси Қараханидтардың тарыпынан саяси қудалануы салдарынан зынданға қамалады.

Бірақ шәкірттеріне Өзкентте зынданда отырып жатқа жазғызған «Ән-Нукат шәрху зиядатиз-зиядат» атты шығармасында, Шәмсул-әиммә өзінің қамалу себебін «тура жолға шақырып сөйлеген сөзім үшін» (би-сабаб калима кунту фиһа мин ан-насихин солихан фиһа ат-тарик ар-расихин) деп түсіндірген болатын. 

Он бес жылдай осы зынданда тұтқында жатқан ғалымды оқу-жазудан мүлдем тиып тастайды. Бірақ сырттағы шәкірттері зынданның айналасына жиналып, ғұламадан дәріс алуды доғармады. Оның өзіне серік боларлық бірде бір кітабы болмаған. Алайда ол он екі мың тарау кітапты жаттап алғандықтан, шәкірттеріне зынданның ішінде жатып дәріс береді. Олар зынданның басына жиналып, оның түбіндегі ұстаздарынан дәріс алады. Осы зынданда өткізген уақыт ішінде ханафи мәзһабындағы фиқһ кітаптарының қайнар-бастауларының бірі болып есептелетін «әл-Мәбсут» атты бағалы еңбегін, осында қамауда жатқан кезінде, зынданның ішінен сырттағы шәкірттеріне айту арқылы жаздырады. Сонымен қоса «Усул фиқһ», «Шәрху зиядатиз зиядат», «Шәрху Жәмиғил кәбир», «Шәрху Жәмиғис сағир», «Шәрху Сиярил кәбир» атты еңбектерін де зынданда шәкірттеріне жаздырған. Осындай құнды еңбектерді қатесіз жатқа айтып жаздырған ғұламаға қайран қалмау мүмкін емес. Бірде әс-Сарахси осы құдықтың басына жиналған шәкірттеріне дәріс беріп жатқанда, сол күні бір шәкіртінің келмегендігін сезіп, оның не себепті келмегендігін сұрайды. Достарының бірі: «Дәрет алуға кетті. Мен де бармақшы болып едім, ауа-райы суық болғандықтан бас тарттым», - деді. Имам әс-Сарахси мұны естігенде: «Алла Тағала сені кешірсін! Осы суық себепті дәрет алмауға болады ма екен? Әлі есімде, мен Бұхарада тәлім алып жүргенде, бір күні іш өту ауруына шалдығып, қатты қиналдым. Қиналғаным соншалықты, күнде қырық рет әжетханаға баруға мәжбүр болдым. Әрбір дәрет бұзылған сайын, дәрет жаңарту үшін өзенге баратын едім. Ауа-райы қатты суық болғандықтан, дәрет алып бөлмеге қайта келгенімде сия қатып қалатын. Сосын сияның ыдысын кеудеме басып, кеудемнің жылуымен оны еріткеннен кейін жазуымды одан әрі жалғастыратынмын», - дейді.

Кейбір дереккөздерде келген мәліметтер бойынша, ғалым күндіз ораза тұтып, түндерін нәпіл намаздар оқумен өткізген. Сондықтан да абақты күзетшілері имам әс-Сарахсиді құрмет тұтып, оның зындандағы жағдайларын барынша жеңілдетуге тырысқан. Сонымен қатар, имам әс-Сарахсидің шәкірттеріне ұстазының айтқандарын зынданның сыртынан тыңдауларына рұқсат беретін болған.

Имам әс-Сарахси фақиһтығымен ғана емес, мықты шешен, сөзгер және тақуалылығымен танымал болды. Жоғарыдағы айтылған оқиға да осыған айқын дәлел болмақ. 

Зынданнан шығуына бір неше ай қалғанда мемлекетте ішкі қақтығыстар өршіген болатын. Дәл осы тұста имам Мұхаммед Шайбанидың халықаралық жалпыға бірдей құқыққа қатысты «Сиярил кәбир» атты шығармасына шарх (түсіндірме) жазуға кіріседі. Бұл кітап халықаралық құқық саласында алғаш жазылған еңбек. Имам әс-Сарахси миләди жыл санауы бойынша1087 (һижри жыл санауы бойынша 480) жылы рабиъул-әууәл айының 20-шы жұлдызында абақтыдан босатылады. Қамаудан шыққан соң біраз уақыттан кейін Ферғана қаласына барады. Ферғананың билеушісі имам Сайфуддин ибн Ибраһим ибн Исхақ қуана қарсы алып, үлкен құрмет көрсетіп күтіп алады. Өзімен қоса шәкірттерін де сарайына алдыртып, ілім алуларына мүмкіндік жасайды. Бұдан кейін зынданда бастаған еңбектері мен басқа да туындыларын сонда жаздырады. 

А.К.Муминов өз еңбегінде Имам әс-Сарахсидің абақтыдан шығуына Селжұктардың араласу факторы әсер еткен болуы мүмкін деп келтіреді. Себебі осы кезеңдерде олар Балхада, Қарахандықтарға қарсы қақтығысқа дайындалып жатқан болатын. Шәмсул-әиммә Самарқандтан, Селжұқтардың қолындағы Балхыға жіберілді. Имам әс-Сарахси Балхыға келген кезінде, онда Орталық Азияға соғыспен барғалы жатқан Селжұқ әскерлері болатын.

Өмірінің соңғы жылдарын Ферғана жерінде өткізген әс-Сарахси, ол жерде де ғалымдар мен қарапайым халық тарапынан ілтипатқа бөленіп, маңызды мәселелердің шешімін табуда үлкен рөл атқарады.

Аз-Зирикли «ал-Ағлаам» атты еңбегінде имам әс-Сарахсидің дүниеден өткенге дейін Ферғанада ғұмыр кешкендігін айтады. Ферғана қаласы қазіргі таңда Өзбекстан Республикасының аумағында орналасқан. Алайда, оның Қырғыз елі даласында жерленгедігіне қатысты Ошгу профессоры Алиев Асылбек былай дейді: «Қырғыз Республикасының оңтүстігінде орналасқан көне Өзкен қаласында үйлердің арасында бүгінгі күнге дейін ұлы ғалым болған имам әс-Сарахсидің қабірі ғажайып күйде сақталған». Имам аз-Зириклидың келтірген дерегі бойынша имам әс-Сарахси өмірінің соңғы кездерін Ферғанада өткізген. Ал, Қырғыз ғалымының мәліметі бойынша әс-Сарахсидің қабірі Қырғызстан Республикасының Өзкент қаласында орналасқан. Сырттай қараған адамға екі дерек бір-біріне қарама қайшы көрінеді. Алайда, біз осы айтылған екі қаланың географиялық орналасқан аймағына қарайтын болсақ бұл екі қаланың шекаралас жатқанын көреміз. Имам аз-Зириклидың заманындағы географиялық картада Өзкент сияқты кішігірім қалалар көрсетілмей жалпы Ферғана аймағы деп берілген болуы әбден мүмкін. Ал, кейінгі кезде мемлекеттердің шекаралары қайта қаралып аталмыш екі қала екі елдің аумағында бөлініп қалған. Осыдан шығатын қорытынды жоғарыдағы екі дерек бір мағынаны береді. Яғни бірінші деректе имам әс-Сарахси жерленген жердің орта ғасырлық атауы айтылып тұр. Ал, екінші мәліметте әс-Сарахсидің қазіргі таңдағы жерленген аумағы көрсетілген.

1964 жылдың 15 сәуірінде (1963 жылдың 25 мамыры мен 1964 жылдың 25 мамыры аралығына сәйкес, һижри жыл санауы 1383 жылға тура келеді) Түркияда Шәмсул-әиммә әс-Сарахсидің қайтыс болуының 900 жылдығына орай үлкен ғылыми конференция өтті. 

Қазіргі таңда 2012 жылдың қараша айының 8-ші жұлдызында Қырғыз елінің Ош қаласында Түркияның дін істер министрі М.Гормездің басшылығымен Түрік делегатциясы қатысып, Түркия діни қорының қаржылай қолдауымен ислам әлемінде Шәмсул-әиммә атанған ұлы ғалым имам әс-Сарахси кесенесінің салтанатты түрде ашылу рәсімі өткізілді. Сондай-ақ, Түркия дін істер министрі М.Гормез өз сөзінде мұндай іс-шаралар ислам әлемінің ғылым мен білім дамуындағы Сыр мен Әмудария өзендері бойында орналасқан Мәуараннахр өңірлері ислам мәдениеті мен өркениетің маңызды географиялық аумақтарынан екендігі жайлы баяндады. 

Имам әс-Сарахси саналы ғұмырын ғылым-білімге, дін жолына арнады. Ол ілім алуда және құнды мұрасын келесі ұрпаққа қалдыруда атақ-данқ, абырой сынды дүниелік мақсаттарды көздеген жоқ. әс-Сарахсидің бірнеше ғасыр бұрын жазған кітаптарының әлі күнге дейін маңызын жоғалтпай, мыңдаған ғалымдардың қолынан, олардың тәлім бұлағына сусындап жүрген шәкірттерінің жолынан табылып, мұсылман жамағатына қызмет етіп келуі осы сөзіміздің айқын дәлелі болып табылады. Ғалымның ғылым жолында көрген қиыншылықтарға, азапқа мойымай теңдессіз мол мұра қалдырып, көптеген шәкірттер тәрбиелеп шығаруы қазіргі кездегі білім жолында қызмет етіп жүрген ұстаздарға және тағылым жолындағы жастарға өшпес үлгі болары анық.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз