«ҚОЛҰСТАТАР» САЛТЫН БІЛЕСІЗ БА?

13 Nov 2017 0 comment Оқылды: 282 рет

Қазақта бұрында «қолұстатар» деген салт болған. Онда күйеу жігіт пен қалыңдықтың некелері қиылған соң жеңгелер қауымы қыздың қолын жігітке ұстатып, ақы алады екен. Бұл туралы Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманатында» жазылған. Анасы Зейнеп апайға: «Сендер не десеңдер де, қалай сынасаңдар да, біз басымыздан өткізген “қолұстатар” талғамы берік, тілегі тұнық, тәрбиесі мол әдемі ғұрып еді-ау, шіркін! Қыз деген әр еркекке қолын ұстата берсе, алақанының қытығы кетеді. Қытығы деген – ұяты. Ұят кетсе, қыз қасиетін сақтау сезімі сұйылады. Қолын жігіттерге қымсынбай жиі ұстатуға дәніккен бойжеткенде қызға тән нәзіктік, пәктік, сыпайылық жұтайды. Қылықтары дарақыланып, жүрістерінен жаңылады», — депті.

Кеңес үкіметі келгенге дейін қазақ дініне, ата салтына өте берік еді. Әрі бүкіл жағынан тазалыққа қатты мән берген. Қазақтың кесірі тиер деп аш отырса да көлденең жатқан бөтен затты алмауы, ұрлықпен келген малдың етін жемеуі осының айғағы емес пе? Мұның бәрі — тазалық.

Көбіміз «Қолды ұсына салғанда тұрған не бар?» деп ойлауымыз мүмкін Мәселе, тазалықта. Біз үнемі Исламның таза дін екенін айтамыз да, күніне бес уақыт дәретімізді тілге тиек етеміз. Алайда, тазалық сыртыңды жуумен шектелмейді ғой. Ішкі тазалықты қайда қоямыз?

Дініміз үлкен күнәға апаратын амалдың алдын алып қойған. Күнәнің жолын алыстан кескен. Сондықтан шариғатымыз бөтен ер адам мен әйел адамның қол ұстап амандасуын тыйған.

Неке де солай. Тек тазалыққа құрылуы тиіс. Ондай некеден салиқалы, ізгі ұрпақ дүниеге келеді.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз