Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жаназасы мен жерленуі

21 Feb 2018 0 comment Оқылды: 139 рет

Абдуллаһ б. Масғуд айтады: Пайғамбарымыз (с.а.у), сүйіктіміз қайтыс болмастан бір ай бұрын қайтыс болатынын айтты.1

Біз: - Ей, Алланың Елшісі! Сіздің қайтыс болар сәтіңіз (жақын ба)? – деп сұрадық. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Ажал жақындады, Аллаға, Жәннатул-Мунтаһаға, Рафиқул-Ағлаға, нәсіпке, бақытты да құтты өмірге қайту жақындады, - деді.2

 Біз: - Ей, Алланың Елшісі! Сізді кім жуындырсын? – деп сұрадық. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Отбасымнан жақындығына қарай ең жақын болғандар, - деді.

Біз: - Ей, Алланың Елшісі! Біз сізді неге орап кебіндейік? – дедік. Пайғамбарымыз (с.а.у.):
- Қаласаңдар мына киімімнің ішіне немесе мысыр матасына яки матаға ораңдар, - деді. Біз: - Ей, Алланың Елшісі! Сіздің жаназа намазыңызды кім шығарсын? – деп сұрадық. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Алла сендерге рахым етсін. Сендерді Пайғамбарыңыз үшін жақсылықпен марапаттасын.3

- Сендер мені жуып, кебіндеген соң мына төсеніш үстіне, мына үйімнің ішіндегі қабірімінің бұрышына қойыңдар. Содан кейін бір сәт менің қасымнан шығып кетіңдер. Өйткені менің қасыма алғашқы болып екі досым Жәбрәйіл мен Микайл, содан кейін Исрафил, одан кейін қасында періште әскерімен бірге ажал періштесі Әзрейл намаз оқитын болады.4

- Осыдан кейін топ топ болып кіріңдер, жаназа намазымды оқыңдар, салауат пен сәлем айтыңдар. Бірақ мақтап, бақырып-шақырып мені мазаламаңдар. 5

- Жаназа намазымды оқу үшін алдымен әһли бәйтімнің еркектері бастасын. Содан кейін олардың әйелдері, олардан кейін сендер оқыңдар. Сахабаларымнан осында болмағандарға сәлем айтыңдар. Қиямет күніне дейін мына қауымнан және дініме, маған ергендерге менен сәлем айтыңдар, - деді. Біз: - Ей, Алланың Елшісі! Сізді қабірге кімдер қойсын? – деп сұрадық. Пайғамбарымыз (с.а.у.): 

- Үй халқыммен бірге көптеген періштелер болып, сендер оларды көре алмайсыңдар, бірақ олар сендерді көреді, - деді.6 Пайғамбарымыз (с.а.у.) Айша анамыздың бөлмесінде қайтыс болғандықтан, сол аядай ғана бөлмеде жаназа рәсімдері жасалады. Қабірі де өзі жатқан төсектің орнына қазылады. 
Пайғамбарымызды (с.а.у.) жуындыру ісімен Хз. Али, Аббас, Фазл б. Аббас, Қусам б. Аббас, Усама б. Зәйд және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) азат еткен құлы Шукран (Салих) айналысты. Осы тұста ансарлықтар осынау ұлық іске қол ұшын беруді сұрайды. Олардың ұсынысын Хз. Али қабыл алып, өкіл ретінде Әус б. Хаулиді ішке алады. 

Пайғамбарымызды (с.а.у.) Али жуады. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Мен қайтыс болғанда мені сен жу», - деп өсиет еткен болатын. 

Әус б. Хаули су тасиды. Аббас пен Усама және Шукран Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үстіне су құйып тұрады. Ал Али болса қолына мата орап алып, көйлегінің сыртынан жуады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мүбарак тәні сондай таза әрі миск секілді хош иісті еді. Хз. Али жуып жатып: «Әке шешем сен үшін пида болсын! Өміріңде де, қайтыс болғанда да тазасың. Сұлусың, ей, Алланың Елшісі», - дейді.

Жуындыру ісі біткен соң Хз. Али, Аббас, Фадл б. Аббас және Шукран болып кебіндейді. 

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жаназа намазын алдымен 4 үлкен періште оқығандығы айтылады. Содан кейін Һашим ұлдарының ер кісілері оқыды. Бірақ имамсыз әрбірі жеке жеке оқыған. Содан кейін Хз. Әбу Бәкір, Омар қастарында мухажир мен ансарлар болып үйге сыйғанша ішке кіріп, сапқа тұрып оқыды. Әбу Бәкір мен Омар алғашқы сапқа Пайғамбарымыздың (с.а.у.) тұсына тұрып оқыды. Сахабалар бір есіктен кіріп, имамсыз жаназа намазын жалғыз оқыды. Намаз оқып болып, екінші есіктен шығады.
Олар шыққан соң өзге сахабалар да кіріп намаз оқыды. Ер кісілер оқып біткен соң әйелдер оқыды. Одан кейін балалар, балалардан кейін құлдар оқыды. 

Жаназа намазын оқу сәрсенбінің түніне дейін жалғасты. Намаз оқып біткен соң Хз. Омар: «Жанзаны және жаназа иелерін өз халдеріне қалдырыңдар», - деп дауыстады.7

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қабірін ансарлық Әбу Талха қазады. Ал қабірге Хз. Али, Аббас және Фадл б. Аббас пен Қусам б. Аббас түсіп, Пайғамбарымызды (с.а.у.) жерлейді. Жерлеу рәсімі 632 жылдың 10-шы маусым сәрсенбі түнінде орын алған болатын.

ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы

 Исмайыл Сейтбеков

(Жеке парақшасынан)

Сілтемелер:

  1. [Ибн Сағд, Табақат, 2 том, 256-257 б.; Табари, Тарих. 3 том. 192-193 б.; Ибн Әсир, Камил, 2 том. 320 б.; Әбул Фида, әл-Бидая, 5 том. 253 б.].
  2. [Ибн Сағд, Табақат, 2 том, 257 б.; Табари, Тарих. 3 том. 193 б.; Ибн Әсир, Камил, 2 том. 320 б.; Әбул Фида, әл-Бидая, 5 том. 253 б.].
  3. [Ибн Сағд, Табақат, 2 том, 257 б.; Бәләзури, Әсхабул-әшраф, 1 том, 564 б.; Табари, Тарих. 3 том. 193 б.; Ибн Әсир, Камил, 2 том. 320 б.; Әбул Фида, әл-Бидая, 5 том. 253 б.].
  4. [Ибн Сағд, Табақат, 2 том, 257 б.; Бәләзури, Әсхабул-әшраф, 1 том, 564 б.; Табари, Тарих. 3 том. 193 б.; Әбул Фида, әл-Бидая, 5 том. 253 б.].
  5. [Ибн Сағд, Табақат, 2 том, 256-257 б.; Бәләзури, Әсхабул-әшраф, 1 том, 564 б.; Табари, Тарих. 3 том. 192-193 б.; Ибн Әсир, Камил, 2 том. 320 б.; Әбул Фида, әл-Бидая, 5 том. 253 б.].
  6. [Ибн Сағд, Табақат, 2 том, 193 б.; Ахмад б. Ханбал, 4 том, 106 б.]
  7. [M. Асым Көксал, Әз. Мұхаммед ғ.с Және Исламият, Мисуак Нәшрият, Ыстанбул, 1980, 11, 98-105 б.].
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз