Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Хазірет Хасан мен Хүсейн رضي الله عنه (Сахабалар өмірімен танысайық) 1-бөлім

22 Sep 2018 0 comment Оқылды: 59 рет

625 жыл. Қасиетті Рамазан айы. Алла Елшісі (с.а.у) Алидің үйіне қарай келе жатты. 
Хазірет Али сүйікті Пайғамбарымыздың көкесінің баласы әрі күйеу баласы еді. 

Ардақты Пайғамбарымыз үйге жетіп, қақпаны қақты. Есікті күйеу баласы Али ашты. Екеуі амандық-саулық сұрасты. 

Хазірет Фатима аз ғана уақыт бұрын босанып, шекесі торсықтай ұл тапқан. 
Ішке кіргенде әкесі қызына сәлем берді. Хазірет Фатима әкесінің сәлемін алды. Орнынан тұрып әкесін құшақтағысы келіп еді, енді ғана босанған қызына әкесі рұқсат бермеді. 

Жаңа туылған сәби тәп-тәтті ұйқыда жатыр. Атасы сәбиді құшағына алып, жұпары аңқыған сәби иісін сезді. Сол иісті қайта-қайта иіскеп: 

- Атын кім қойдыңдар? – деп сұрады. 
Хазірет Али мен Фатима: 

- «Харб» деп қойдық, - деді. 

Харб сол кезеңде кең тараған есімдерге жататын. Мағынасы «майдан» дегенді білдіреді. Алайда, бейбітшілікті жақтайтын Пайғамбарымыз бұл есімді ұнатпағандай сыңай танытты. Сөйтті де, өте сүйкімді болып туылған немересіне қарап қызы мен күйеу баласына: 

- Есімі «Хасан» болсын, - деді. 

«Хасан» «келбетті» деген мағынаны білдіретін. Мұндай есім ол кезеңде тым сирек кездесетін. Жаңа есім сәбидің әке-шешесіне де ұнады. 
Хасан туылғаннан кейін, сүйікті Пайғамбарымыз хазірет Алидің үйіне жиі-жиі барып жүрді. Көрмей қалған күндерінде ата-анасы Хасанды өздері апарып маңдайынан иіскететін. 

Көзді ашып-жұмғанша арадан бір жыл өте шықты. Хасан бір жасқа аяқ басты. Тілі әлі толық шыға қоймаған, бірақ сүйікті атасын тани бастаған кезі еді. Көрген бетте барам деп талпына беретін. 

Хасан бір жасқа толғанда хазірет Али мен Фатиманың тағы бір ұлы дүниеге келді. Бұл жолы оған ат қоймай тұрып Пайғамбарымызды шақырды. Нәрестеге лайық деп табылған есім «Хүсейін» болды. «Сүйкімді балдырған» деген мағынаны білдіретін Хүсейіннің атын атасы құлағына азан шақырып қойды. 

Күндерді күндер қуалап өте берді. Уақытпен жарысып Хасан мен Хүсейін де өсіп келе жатты. Екеуі де Пайғамбарымызға ұқсайтын, әсіресе, Хасанның жүзі, Хүсейіннің дене болмысы аталарынан аумайтын. 
Бір күні хазірет Әбу Бәкір екінті намазынан кейін жолда ойнап жүрген Хасанның қасына барды. Хасанды жерден іліп алып, иығына мінгізді. Сөйтті де хазірет Алиге қарап: 

- Уа, Али, Хасан саған емес, атасының аузынан түскендей, - деді. 
Бұл сөздер хазірет Алидің көңіліне майдай жақты, өйткені, ұлының әлемдегі ең құрметті адамға тартқанына қуанбайтын жан бар ма? 
Аталары екі немересін үнемі жанынан тастамайтын. Жиі еркелетіп, маңдайларынан иіскегенді ұнататын. Хазірет Хасан мен Хүсейіннің де аталарына деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Есік қағылса болды, аталары келіп қалды екен деп елеңдеп тұратын. 

Пайғамбарымыз да немерелерін жанындай жақсы көретін. Үнемі үшеуі бірге ойынды қыздыратын. Олар да Пайғамбарымыздың қасынан шықпай, мойнына асылып, қызықтап сақалымен ойнайтын. Кейде созған қолдарын Пайғамбарымыз тістеп алатындай оқыс қимыл жасап, Хасан мен Хүсейінді мәз ғып күлдіретін. 

Аталары немерелерімен түрлі-түрлі ойын ойнайтын. Екеуін арқасына отырғызып, үйдің ішін шыр көбелек айналатын. Бір күні осындай ойынның үстінен түскен адал досы Әбу Бәкір Хасан мен Хүсейінді қуанту үшін: 

- Түу, сәйгүліктерің қандай керемет! – деп қалды. 
Сонда сүйікті Пайғамбарымыз: 

- Бұлар да бақытты әскерлер, - деп Хасан мен Хүсейінді күлдірді. 
Тағы да сондай күндердің бірінде екеуін де арқасына мінгізіп алып ойнап жүрген Пайғамбарымызды көрген Әбу Әйюб әл-Ансари: 

- Уа, Алланың Елшісі, шынымен немерелеріңізді қатты жақсы көресіз бе? – деп сұрады. 

- Қалай жақсы көрмейін? Бұлар менің осы өмірдегі иіскеп мауқымды басар екі раушан гүлім емес пе?! – деп жауап берді. 

Пайғамбарымыз шұғыл істері шығып немерелерін көруге келе алмаған күндерінде Хасан мен Хүсейін апар деп анасына жалынатын. Хазірет Фатима олардың сөзін қимайтын. Түнде аталарының жанында қону Хасан мен Хүсейін үшін ең бақытты сәттердің бірі еді. Бірге ойынның қызығына батқан шақтарда ұйқы уақыты келсе де, жастыққа бас қоймай, аталарымен ойнай-ойнай ойын үстінде ұйықтап қалатын. 

Сүйікті Пайғамбарымыз намазға тұрғанда да, немерелері қасынан ажырағысы келмейтін. Рүкүғқа иілгенін көрсе, ары-бері астынан өтіп,
сәждеге барғанда, арқасына мініп алғанды ұнататын. Аталары кейде оларды жәйлап арқасынан түсіріп, намазын жалғастыра беретін. Немерелерін мешітке жиі ертіп апаратын. Бір күні сүйікті аталары мешітте құтба оқып тұрғанда, немерелерінің сүрініп-қабына ішке кіріп келгенін көрді. Бұны көргенде, құтбасын тоқтатып, мінберден түсті де, немерелерін құшағына алып отырып, құтбасын қайта жалғастырды. 
Анығында, ардақты Пайғамбарымыз тек немерелерін ғана емес, бүкіл бала атаулыны қатты жақсы көретін. Көшеде ойнап жүрген балаларды көре қалса, жандарына барып қызыға тамашалайтын. Кейде ойындарына араласып, жарыстарға қатысатын, себебі, балаларға өте мейірімді еді. 
Хасан мен Хүсейін аталарының тәрбиесін алып өсті. Көргендердің барлығы екеуінің тәртібі мен ұқыптылығына, ізеттілігіне таң қалатын. Кіп-кішкентай бала күнінен айналасындағы достарына үлгі-өнеге көрсетіп жүретін.

http://mazhab.kz (Жалғасы бар..)

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз