Пайғамбар сүйіспеншілігі.

29 Nov 2017 0 comment Оқылды: 154 рет
Ұлы Жаратушы өз құлдарын тура жолға бастау үшін жөн сілтеуші етіп пайғамбарларын бірінен кейін бірін жіберіп отырды. Әр пайғамбар өз міндетін қалтқысыз орындаумен қатар ақырғы пайғамбардың келетінін алдын ала хабарлап кетті. Көптен күткен мақтаулы Пайғамбар хазіреті Мұхаммедтің (с.а.с.) келіп дүние есігін айқара ашуы адамзат тарихындағы негізгі жаңалықтардың бірі болды. Адамзат баласы дінді ғана емес, ғылым мен мәдениетті үйрену тұрғысынан  да Оған көптен-көп  қарыздар. Алла Тағала сүйікті құлына пайғамбарлық міндетті тапсырумен қатар Оны

 ﴿وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِّلْعَالَمِين َ﴾

«Күллі әлемге тек рақым етіп қана жібердік» деген-ді.

Ол бүкіл адамзат баласына шуағы мол ерекше нұр сыйлады. Алла Тағала мен Расулына деген біздің жақындығымыз, олардың назарындағы біздің сый-құрмет, дәреже-деңгейіміз оларға деген сүйіспеншілігіміздің қаншалықты екендігінде.  Нақтырақ айтсақ, оларды қаншалықты жақсы көрсек, соншалықты Оның ризашылығына кенеліп, Оның ерекше мейіріміне бөленеміз. Алла Елшісінің соңынан еріп, Оны үлгі тұтқан кезде ғана нағыз бақытқа қол жеткіземіз. Өйткені Алла Тағаланың өзі Оны күллі адамзатты кемелдікке жетелеуші ұстаз етті. Мұсылманның басты міндеті − Алланы және Оның пайғамбарын тану десек, тек жақсы таныған адамның ғана шынайы сүйе алатындығы шындық.  

Негізінде бұл сүйіспеншіліктің қандай болу керектігін үйреткен де Алла және оның елшісі еді. Алла Тағала Құранда:

﴿قُلْ إِن كُنتُمْ تُحِبُّونَ اللّهَ فَاتَّبِعُونِي يُحْبِبْكُمُ اللّهُ وَيَغْفِرْ لَكُمْ ذُنُوبَكُمْ وَاللّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ﴾

«Егер Алланы жақсы көрсеңдер маған бағыныңдар, Алла да сендерді жақсы көріп күнәларыңды кешсін. Алла Тағала тым кешірімді әрі аса Рақымды» – де»

[1]деу арқылы Алла өзінің елшісіне бағынуды, соңынан еруді, үлгі алуды әмір етеді. Шындығына келгенде, Оны үлгі тұтып артынан еру тек сүйіспеншілікпен ғана жүзеге аспақ.

Тағы бір аятта Алла Тағала:

﴿النَّبِيُّ أَوْلَى بِالْمُؤْمِنِينَ مِنْ أَنفُسِهِمْ وَأَزْوَاجُهُ أُمَّهَاتُهُمْ﴾

«Мүминдер үшін Пайғамбар өз жандарынан да артық. Әйелдері олардың аналары...»[2] дейді.

Сүйіспеншіліктің қандай болу керектігін үйреткен пайғамбарымыздан өмірдің мәнісін толық ұққан сахабалар оны қалай жақсы көрудің асқан үлгісін көрсетті. Олардың қай-қайсысы болсын Пайғамбарымыз үшін шыбын жанын пида етуге әзір еді.  

Омар Фаруқ (р.а.) та Алла Елшісін жанындай жақсы көрді. Бірде Ғаламның рақым нұры (с.а.с.) Омарға (р.а.):

– Мені қаншалықты жақсы көресің?– деп сұрағанда, ол:

– Ей, Алланың Елшісі, сені жанымнан басқаның бәрінен артық жақсы көремін, – деп жауап берді. 

– Мені жаныңнан да артық жақсы көрмейінше толық иман еткен болып саналмайсың, – деп Алла Елшісі оған сүйіспеншіліктің қандай болу керектігін айтқан кезде, істің мәнісін Пайғамбардан үйренген ол жан-тәнімен:

– Уа,  Расулалла, Сені енді жанымнан да артық жақсы көремін,– деді. Алла Елшісі оған:

– Міне, енді толық болды, – деді[3].

Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде:

لا يُؤْمِنُ أحَدُكُمْ  حتي أكونَ أحَبَّ إلَيْهِ مِنْ والِدِهِ وَ وَلدِهِ والنّاسِ أجْمَعِينَ

«Сендердің араларыңнан бір кісі мені әкесінен, баласынан және бүкіл адамдардан артық жақсы көрмейінше иман еткен боп саналмайды»[4] деу арқылы Пайғамбарымызға сүйіспеншіліктің иман етумен тікелей байланысты екенін айтқан.   

Яғни пайғамбарымызды жанымыздан да артық жақсы көру − иманымыздың толық болуының шарты.  

عَنْ أَنَسٍ t عَنِ النَّبِيِّ r قَالَ: «ثَلَاثٌ مَنْ كُنَّ فِيهِ وَجَدَ بِهِنَّ حَلَاوَةَ الْإِيمَانِ: أَنْ يَكُونَ اللّٰهُ وَرَسُولُهُ أَحَبَّ إِلَيْهِ مِمَّا سِوَاهُما، وَأَنْ يُحِبَّ الْمَرْءَ لَا يُحِبُّهُ إِلَّا لِلّٰهِ، وَأَنْ يَكْرَهَ أَنْ يَعُودَ فِي الْكُفْرِ بَعْدَ أَنْ أَنْقَذَهُ اللّٰهُ مِنْهُ كَمَا يَكْرَهُ أَنْ يُقْذَفَ فِي النَّارِ»

Әнәс (р.а.) жеткізген хадисте:

«Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мына үш қасиетті бойына бірдей жиған адам шынайы иманның дәмін татады: Алланы және оның елшісін бәрінен де артық жақсы көру; біреуді жақсы көрсе, тек қана Алла разылығы үшін жақсы көру; Алла тағала имансыздықтан құтқарған соң, сол имансыздыққа қайта оралуды отқа түсуден бетер жек көру», – деп айтты» – делінген.(Бұхари, иман 9; Муслим, иман 67).

Осы ақиқатты терең сезінген сахабалардың жарқын ғұмыры пайғамбарға деген сүйіспеншілікке толы.

Аланы жақсы көрген адамның Оның елшісін сүймеуі мүмкін емес. Хазірет Пайғамбарды (с.а.с.) еске алғанда, көз алдымызға тек қана мейірім мен сүйіспеншілік келеді. Ол бүкіл адамзатқа мейірімділік пен рақым алып келді. Достары түгілі дұшпандары да одан тек қана жақсылық пен ізгілік көрді. Оның нұрлы өміріне көз салсақ бұны анық көреміз.

Мысалы: Мекке азат етілгенге дейін дұшпандарының Оған көрсетпеген қорлығы мен құқайы қалмаған еді. Олар өздерін зұлымдықтан құтқару үшін мейірім ретінде жіберілген пайғамбарға бойкот жариялап, үш жыл бойы мұсылмандарды шөлдің ортасында тастап, олармен ешқандай байланыс құрмады, сауда-саттық жасамай, жақындарына да көмек көрсетуге тыйым салды. Пайғамбарымызға ерген мұсылмандар ағаштың қабығы мен жәндік жеп күнелтті. Бұл  кезде біраз адам аштықтан өлген еді. Бұл да жетпегендей мүшріктер Оны туған жерінен қуып шығып, ол жерде де неше түрлі айла мен зұлымдық жасап қорқытумен болды. Әрі Бәдір, Ұхұт және Хандак сияқты шайқастарда пайғамбарымыз бен Оған ерген серіктерін жер бетінен жойып жіберу үшін бүкіл күш-жігерін жұмсады.

Әрі «Құдайбия» сияқты шарттары ауыр болған келіссөзге қол қоюға мәжбүрледі. Пайғамбарымыз болса Меккені алған кезде бұл жасалған дұшпандықтардың бәріне көз жұмып «бүгін барлығың азатсыңдар, ешкім де жауапқа тартылмайды» деді. Әрі дінді уағыздап жая бастаған кезде олар кез келген жерде Пайғамбарымызды мазақ етіп, бетіне түкіріп, намаз оқып тұрғанда басына түйенің ішек-қарнын ақтарып, кішкентай балаларды айтақтап басына тас боратып, әлемге мейірім әкелген пайғамбардың басын жарған-ды. Аяқтарының астына тікен төсеп, Хамза сияқты ең жақын достарын өлтірген еді. Осылардың барлығын татқызған қауымына пайғамбарымыз (с.а.с.) «Аллаһым, бұлар менің пайғамбар екенімді білмейді ғой. Егер білсе бұлай жасамас еді. Оларды кешіре гөр» деп өзіне қастандық ойлаған қарау ниетті адамдар үшін кешірім тілеген болатын.

Хаббар ибн Әсуад мұсылмандарға әрдайым жапа шектіріп, қолынан келген зұлымдығын істеп баққан, бірнеше мұсылманның жанын қиған, пайғамбардың қас дұшпаны еді. Бұл дұшпандығымен де шектеліп қалмай һижрет кезінде екі жаһан сардарының қызы Зейнепті атынан аударып тастайды. Осының нәтижесінде аяғы ауыр Зейнеп баласын түсіріп алған-ды. Біраз уақыт өткеннен кейін бұл кеселден өзі де қайтыс болады.

Мекке алынған кезде пайғамбарымыздан кешірім сұрап жалбарынғанда рақым пайғамбары оны да кешірген еді.

Міне, осы тарихи айғақтардан-ақ пайғамбардың тек қана мейірім алып келгеніне көз жеткізуге болады.

Кезінде азулы дұшпандары Оның бойындағы көркем мінез бен мейірімділік, әділдік пен адалдықты көргенде жүректері жібіп, Оның ең жақын серіктеріне айналған еді.

Бір кездері Исламның ата жауы Амр ибн Ас Алла Тағала иман нәсіп еткеннен кейін ол да басқа сахабалар сияқты кезінде өз қолымен өлтіруге жанын салған Мұхаммедті жанынан да артық сүйген болатын. Дүние саларында ол «Алғашында кәпір едім... Алланың Елшісіне ең қатыгез болғандардың бірі болатынмын. Егер сол кезде өлген болсам жәһәннәмнің шыңырау түбіне кетер едім.

Кейін Алла Елшісіне серт беріп, оның пайғамбар екенін қабылдадым. Адамдардың арасында ол сияқты ешкімді жақсы көрген емеспін. Егер маған Оны сипаттап бер десе оған шамам келмес еді. Өйткені оны сыйлап құрметтегенім соншалықты, Оның жүзіне тура қарай алмайтынмын... Егер сол кезде өлген болсам міндетті түрде жәннәтқа кірермін деп үміт етер едім...» деген-ді[5].

Исламға дұшпандықта әкесімен жарысқан, мұсылмандарға зұлымдық жасауды басты мақсат етіп алған Әбу Жәһилдің баласы Икрима Мекке алынған кезде көптеген кісілер мұсылмандықты қабылдап жатса да қастығын тоқтатпады. Соған қарамастан рақым пайғамбары оны хақ жолына шақырумен болды.

Йеменге қашып кеткен Икриманы өзінен бұрын мұсылманшылықты қабылдаған әйелі іздеп барып, Алла Елшісінің оны кешіретінін айтып кері қайтарды.   

Икрима Меккеге кірер кезде Алла Елшісі өзінің парасаттылығы мен мейірімділігімен сахабаларына «Әбу Жәһилдің баласы Икрима мүмин және муһажир ретінде келе жатыр. Әкесін жамандамаңыздар. Өйткені марқұмды жамандау өліге емес, тіріге зиянын тигізеді» деді.

Икрима келгенде Пайғамбарымыз оны «әй, һижрет етуші жолаушы, қош келдің» деп ілтипат білдірді. Пайғамбардың ыстық ықыласпен қарсы алғанын көргенде Икриманың қара тастай қатып қалған жүрегі сол мезетте-ақ жібіп, Алла елшісінің қолына  жармасып «Бүкіл дұшпандықтарым үшін Алладан маған кешірім тілеуіңді өтінемін» деген еді тебірене. Өйткені ол бұндай жақындық пен жылылықты күтпеген болатын. Артынша бар ықыласымен Пайғамбарымызға «Ей, Алланың елшісі! Бұдан бұлай Исламға дұшпандық жасау жолында қаншалықты күш пен дүние-мүлік жұмсаған болсам, бұдан былай оның екі есесін Ислам жолына арнауға ант етемін» деді. Ол өз уәдесінде тұрды. Йәрмүк шайқасында мал-мүлкі ғана емес, жанын да пида етті. Жанын тәслім етер кезде «О, Расулалла саған берген уәдемде тұрдым ба?» деп, іле-шала «Юсуф» сүресінің мына аятын оқыды

﴿تَوَفَّنِي مُسْلِماً وَأَلْحِقْنِي بِالصَّالِحِينَ﴾

«Аллаһым, жанымды мұсылман етіп ал әрі салиқалы жандармен бірге қыл»[6]     

Пайғамбарымыз «Алланың арыстаны − Хамзаны» өлтірген Уахшиді, Әбу Жәһилдің ұлы Икриманы, Амр ибн Ас, Халид ибн Уәлид т.б. сияқты азулы дұшпандарын кешіруі арқылы  олардың ең жақсы көретін адамына айналды. Бұл Оның «тек Рақым етіп жіберілгеніне» айқын айғақтардың бірі ғана...      

Екі Жаһан сұлтанының өзіне аумай тартқан сүт кенжесі әрі ұрпағын жалғастырушы сүйікті қызы хазіреті Фатима «Насыр» сүресі түскен кезде Алла елшісінің өмірден озатынын түсініп жылаған еді. Пайғамбарымыз төсек тартып жатқанда оны қасына шақырып алып құлағына сыбырлайды. Алғашында Фатима басына жай түскендей еңіреп жылайды. Екінші рет сыбырлағанда жүзі күлімдеп сала береді. Пайғамбарымыз өмірден озғаннан кейін бұның себебін сұраған Айша анамызға ол “Алдымен әкем өзінің бұл дүниемен жақын арада қош айтысатынын айтты. Сол үшін жыладым. Екіншісінде арғы дүниеде отбасының арасынан өзіне бірінші болып менің қауышатынымды айтты... Қуануымның себебі сол”,- деп жауап берген еді[7].

Әкесі дүние салғанда хазіреті Фатима үшін өмірден мән-мағына қашты. Күндіз-түні көз жасын төккен ол Пайғамбарымыздың жоқтығына алты ай ғана шыдай алды. Алты айдан кейін Пайғамбарымыздың айтқаны айдай келіп, сүйікті әкесіне туыстарының арасынан ең алғаш қауышқан хазіреті Фатиманың өзі болды.[8]

Пайғамбарымыздың ең жақын досы әрі сенімді серігі Әбу Бәкір Сыддық төсек тартып жатқан  пайғамбарымыздан «Алла дүние мен ақыретті таңдауды құлының еркіне берді. Ол құл ақыретті таңдады» дегенін естіді. Іштей Алла елшісінің өмірден озатынын сезіп «Әкеміз, анамыз, бала-шағамыз сен үшін садақа болсын, ей, Алланың Елшісі! Сен аман қал, біз сенің орныңа бақилық болайық» деп жылады.[9]  

Пайғамбарымыз соңғы сапарға аттанбастан бір апта бұрын сахабаларын жинап, олардың ислам үшін жасаған жанқиярлықтарын айтып, Аллаға дұға етеді. Соңында өлімінің де таяу екенін хабар бергенде сахабалар қарадай жетімсіреп, оңаша қалған кездерінде Алла Елшісін өлімге қимай, егілумен болды. Олар үшін күндіз қараңғы түнге, түн болса қара түнек қабірге айналған еді. 

«Мұсылман қауымның алғашқы азаншысы хазіреті Біләлдің пайғамбарлар сәруары – Хазірет Мұхаммедке (с.а.с.) деген сүйіспеншілігін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Исламды қабылдағаннан кейін бір сәт болсын қасынан ажырамады. 

Екі дүниенің сұлтаны Мұхаммед (с.а.с.) ақыретке аттанғанда, көптеген сахабалар сияқты қабырғасы қайыса қайғырған ол Мәдинада қала алмады. Алла Елшісінің кетуі жарық күннің сөнуімен бірдей болды. Өйткені Мәдинаның әр тасы мен топырағы оның есіне Алла Елшісін түсіретін. Біләл сол тұстағы халифа хазіреті Әбу Бәкірден басқа жаққа кетуге рұқсат сұрады. Әбу Бәкірге барып:

– Ей, Алла Елшісінің халифасы! Мен Пайғамбарымыздың: “мүминнің ең қайырлы ісі – Алла жолындағы жиһады”– дегенін естіген едім. Мен де өлгенге дейін Алла жолында жанымды пида еткім келеді,– деді. Әбу Бәкір:

– О, Біләл! Бізге кім азан шақырады?– дегенде екі көзге ерік берген хазіреті Біләл:

– Мен Алла Елшісінен кейін ешкімге азан шақыра алмаймын, – деді.

Біләлдің алысқа кеткенін қаламай, қанша жібермеуге тырысса да Хазіреті Біләл:

– Уа, Әбу Бәкір, рас сен мені құлдықтан құтқардың. Егер мені өзің үшін азат еткен болсаң, онда алып қал. Ал, егер Алланың ризалығын көздеп, сатып алған болсаң, еркіме жібер, – деді.

Хазірет Әбу Бәкір рұқсат берген соң хазіреті Біләл Хабаши Шамға барып, Ислам туын биікте желбіретуге жігерін салды.

Шамда жүрген кезінде бір түс көріп, Мәдинаға келді. Пайғамбарымыздың қабірінің қасында хазіреті Хасан мен Хұсейнді кездестіріп, Алланың Сүйікті Елшісімен (с.а.с.)  бірге өткізген тәтті күндерді еске алды. Әлемдердің Падишасы (с.а.с.) дүниеден озған соң, Мәдинада азан шақырмаған еді. Ғаламның рақым нұры (с.а.с.) ақыреттік болғаннан кейін азан шақыруға тағаты да жетпеді. Өйткені, азандағы “Әшһәду әннә Мухаммадан Расулулла” (Мұхаммедтің Алла Елшісі екендігіне куәлік етемін) деген сөйлемді айта алмай тамағына өксік тығылып, іркіліп қалатын. Даусы шықпай көз жасына булығып, аяқтарының буыны босап кете беретін.

Пайғамбарымыздың “менің дүниеде мауқымды басқан екі райханым” деп атаған немерелері Хасан мен Хүсәйіннің өтінішінен кейін, соңғы рет Мәдинада азан шақыруға бел буды. Көзін көкке қадап тұрып, бүкіл жан дүниесімен азан шақырды. Бүкіл Мәдинада Алла Елшісіне (с.а.с.) деген сағыныш жаңғырды. Ел тегіс көшеге шықты. Алла Расулының нұрлы өмірін көз алдарына елестетіп, Пайғамбарымыз қайта тіріліп келіп, Біләлге азан шақыртқандай болды. Сол күні көзіне жас алып иығы селкілдемеген тірі жан қалмады[10].

Қандай иман! Таңқаларлық сүйіспеншілік! Адамзат тарихында хазіреті Мұхаммедтей (с.а.с.) мұншама сүйіспеншілікке ие болған ешбір жан жоқ»[11].     

Пайғамбарымыз Муаз ибн Жәбәлді Йеменге аттандырар кезде оған біраз өсиет айтты, артынша:

- Ей, Муаз, қайтып оралғаныңда, бәлкім, менің қабірім мен мешітімді ғана зиярат етерсің”– деп Өзінің Ұлы Досына (Аллаға) аттанарлық күннің жақындағанын сездірген еді. Бұл сөзді естіген Муаз төбесінен жай түскендей сенделіп, тамағына өксік тығылды. Буын-буыны босап, қолдары қалтырап, көзі мөлтілдеп жасқа толды. Сол сәтте оның Йеменге кетпек тұрмақ, орнынан тұруға да дәрмені қалмаған еді[12]. Сахабалар үшін Алла Елшісінен (с.а.с.) жырақ қалу қияметтің қиынындай ауыр соғатын. Оның нұр шашып шапағатқа бөлеген рухани кеңістігінен жырақ қалу өмір шамшырақтарының маздап барып сөнуіндей үрейлі еді.

Пайғамбарымыздың айтқанындай да болды. Муаз келесі жылы оралған кезде сүйікті пайғамбардың қабірін зиярат етті.

«Маур-ражи» шайқасынан кейін Хубәйб ибн Адиді дарға асайын деп көзі қарайып, бойларын ыза-кек кернеген мүшріктер  одан: Қазір өзің құтылып, сенің орныңа Мұхаммедтің асылғанын қалар ма едің? – деп сұрағанда Хубәйб басына төніп тұрған қатерге қарамастан айбарын шашып: – Аллаға ант етейін. Өзім аман қалуым үшін Оның асылғаны түгіл аяғына тікеннің батуына да көнбеймін,- деп жауап берген болатын. Дарға асылар кезде Хубәйб қолын көкке көтеріп «О, Раббым, бұл жерге шығарда Сенің сүйіктіңмен қош айтыса алмаған едім. Менің сәлемімді Оған жеткізе гөр» деді. Дәл осы кезде сахабаларымен сөйлесіп отырған Пайғамбарымыз орнынан тұрып «Алланың сәлемі болсын саған, Хубәйб» деді. Қасындағы сахабалар істің мән-жайын сұрағанда Алла Елшісінің қос жанары жасқа толып «Мүшріктер Хубәйбті шейіт қылды. Соңғы сәтінде маған сәлемін жолдады мен оның сәлемін алдым» деді[13].

Хубәйбтен бір күн бұрын шейіт етілген Зәйд ибн Дәсинә дә дәл осы сөздерді айтқан болатын. Бұл сөздерді естіген Әбу Суфиян (ол кезде әлі мұсылман емес еді) «Мұхаммедтің сахабаларының Мұхаммедті сүйгеніндей басқа ешкімді сүйгенін көрген емеспін» деп таңданысын жасыра алмаған еді[14].  

«...Ұхұт шайқасында Алла Расулының (с.а.с.) соңына ерген сахабалардың біразы шейіт болып, оның айналасында өте аз адамның қалғанын көрген қаһарман әйел Несібе Алла Елшісіне бір зиян келмесін деп, Оны қорғауға ұмтылады. Алла Елшісін өлтіруге жанталасқан мүшріктерден Алла Расулын шамасы жеткенше қорғауға тырысты. Пайғамбарымыз «Ұхұт күнінде оңыма да, солыма да қарағанымда Үмму Уммараның өліспей-беріспей шайқасып жатқанын көрдім» деп оның ерлігін паш етеді.

Осы шайқаста оның баласы жараланды. Ол баласының қолын дереу таңып, оған “Балапаным, кәне, Алла Расулының (с.а.с.) алдында шайқасып, Оны дұшпаннан қорға” деп, өз баласын Алла Расулының (с.а.с.) жолында шайқасуға жұмсады. Несібенің өзі де бұл шайқаста қатты жарақат алған еді. Қиындығы қылша шатқалдай бұл ұрыста азулы мүшрік Ибн Камия Пайғамбарымыздың жүзін жарақаттап, екі тісін сындырды. Пайғамбарымыздың қан жуып кеткен жүзін көргенде жауыз мүшріктің жанын жаһаннамға жөнелтуге асыққан Несібе оған қылышын сермейді. Алайда екі қабат сауыт киіп алған дұшпанына бұл шыбын шаққан құрлы да болмайды. Ибн Камия ұрыста тұрысты білмейтін Несібенің иығын семсерімен сойып түседі. Басқа сахабалар ержүрек әйелге жәрдемге үлгеріп, жанын аман алып қалады. Оның жарақат алғанын көрген Алла Расулы Абдуллаға: «Анаңның жарақатын таң»– деді. Шыбын жанын шүберекке түйіп шайқасқан бұл отбасына «Алла сендердің отбасыларыңа мейірім-шапағатын жаудырсын» деп дұға етті.

Бұны естіген Үмму Умара шабыттана түсіп «Уа, Расулалла! Алладан жәннатта бізді өзіңмен көрші етсін, деп тілек тілеңізші»,– дейді. Ол  (с.а.с.) бақытты, ержүрек әйелдің көңілін қалдырмай, алақанын көкке жайып: «Аллаһым, бұларды жәннатта маған қоңсы әрі жолдас ет»,– дейді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бұл дұғасын естіген Умму Умараның төбесі көкке жетіп, «Бұдан кейін басыма қандай қиындық келсе де көтеріп алуға мен әзірмін» – деп Алла Елшісіне (с.а.с.) деген сүйіспеншілігін ал қызыл тудай көкте желбіретеді...»[15].

Уруа ибн Мәсуд әс-Сақафи Құдайбияда мүшріктер тарапынан мұсылмандармен келіссөз жасауға жіберілген кезде сахабалардың Пайғамбарымызға деген ерекше құрметтері мен сүйіспеншілігіне куә болған еді. Алла Елшісінің бойындағы терең иман мен Пайғамбарға лайық ұстамдылығын көріп тебіренеді.

Ол сахабалардың пайғамбарымыздың айналасында пәруанадай шыр айналғанын көрген Уруа Меккеге қайтқан кезде «Мен қаншама патшалар мен билеушілерді көрдім. Алайда бұлардың ешқайсысы дәл Мұхаммедке сахабаларының көрсеткен құрметіндей сый-құрмет көрген емес. Мені тыңдасаңдар, бұл адаммен жағаласуды, жауласуды доғарыңдар» деген-ді. Ол бір-біріне мейлінше мейірімді бұл қауымға тосқауыл болудың мүмкін еместігін бір көргенде-ақ сезген-ді.

Сахабалар Пайғамбарымызды гүл тозаңына қонған таңғы шықтай елестетіп, Оның құс ұя салған жүрегін абайсызда жаралап алмауға жандарын салатын. Өз қалауынан гөрі Пайғамбарымыздың қалауының орындалғанын тілейтін.

Хазірет Әбу Бәкір әкесі Кухафа мұсылман болған кезде сол мезетте-ақ жанары жасқа толып шыға келді. Пайғамбарымыз одан бұлай егілуінің себебін сұрағанда, ол «менің әкемнің орнына сенің немере ағаң Әбу Тәліп мұсылман болғанда тіптен қатты қуанар едім. Өйткені оның мұсылман болуы Сені қуантар еді» деген-ді.[16]

Әбу Талха Ухуд шайқасында өз денесін Пайғамбарымызға қорған етіп, жауына оқ жаудырып жүрді. Пайғамбарымыз оның атқан оғы қайда түсті деп басын көтеріп қарайтын. Бұны байқаған Әбу Талха Пайғамбарымызға оқ тиіп кетуден қорқып „Әй, Алланың Елшісі! Әке-шешем сіздің жолыңызда садақа болсын. Абайлаңыз. Сізге оқ тиіп кетпесін. Менің денем сізге қорған болсын”,- деп, Пайғамбарымыздың тірі қалуы үшін өз жанын пида етуге даяр екенін көрсеткен еді[17].

Хазірет Омар Фатима анамызға келіп «-Әй, Фатима! Аллаға ант етемін, пайғамбардың біреуді сенен артық жақсы көргенін көрген емеспін. Әкең қайтыс болғаннан бері сенен артық құрмет көрсетіп, сенен қатты жақсы көрген адамым жоқ» деді.[18] 

Қанды Ұхұт шайқасында «мұсылмандар жеңіліске ұшырады және Расулалла шейіт болды» деген хабарды ести сала, екі өкпесін қолына алып, соғыс алаңына барған қаһарман әйелдердің бірі – хазіреті Сүмәйра.

Ұхұт шайқасына қатысып қаһармандық танытқан асыл ерлердің қатарында Сүмәйраның күйеуі, бауыры және жан баласы бар еді. Ұхұт шайқасында бұл үшеуі де шейіт болып, денелерінен сау-тамтық қалмайды. Майдан шебіне келген Сүмәйраға сахабалар көңіл айтып, сабыр тіледі. Алайда ол «Алла Расулы қандай күйде?» деп сұраумен болды. Сахабалар Алла Елшісінің (с.а.с.) тірі екенін айтса да, өз көзімен көрмейінше көңілі көншімеді. Жанындағылардан Алла Расулының қайда екенін сұрап алып, бөгелместен сол жаққа қарай бет алды. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) тірі екендігін өз көзімен көріп қуанғаннан Сүмәйраның жанарынан жас ыршып кетті: «Әке-шешем жолыңда құрбан болсын, уа, Расулалла! Сен тірі болсаң болды, басқа қиындық сөз емес»,– деді[19].

Күйеуі мен баласынан бірдей айырылып қалу оған ауыр тисе де, олардың жәннатқа баратынына сенген Сүмәйра көңілін осылайша жұбатты.

Ал, Алла Расулының (с.а.с.) қазасын сахабалардың көбісі көтере алмайтын. Алла Расулынан айырылу олар үшін Алладан келген нұрдың сөнуімен бірдей қасірет еді. Сахабалардың мәртебесін көтерген де осы бір Алла Елшісіне (с.а.с.) деген шексіз сүйіспеншілік болатын. Алла Расулының барша мұсылман, күллі адамзатқа жүрегінен жеке-жеке орын табуының өзі Оның (с.а.с.) Алланың Елшісі екендігінің айқын дәлелі болса керек. Он төрт ғасыр өтсе де, арғы-бергі тарихтағы ұлы тұлғалардың арасында аты жеке-дара аталатын хазіреті Мұхаммед (с.а.с.) даңқының қияметке дейін сөнбейтіндігіне күллі ғалам куә.

Пайғамбарымыздың өзі „анамнан кейінгі анам” деп атаған Үмму Айман оны ерекше жақсы көретін. Үммү Айман Пайғамбарымыздың өз анасы қайтыс болғаннан кейін оған анасындай жақын еді. Ол (с.а.с.) қуанса қуанып, көңілі босаса оның да көңілі босап шыға келетін. Сырқаттанып жылаған сәбиді құшағына алып отырған Мейірім пайғамбары көз жасына ерік береді. Оның егілгенін көріп қалған Үмму Айман да қосылып жылайды. Пайғамбарымыз одан „Алланың Елшісі қасыңда емес пе, неге жылайсың?” дегенде ол „Расулалла жылап тұрғанда мен қалайша жыламайын?!”,- деп Алла Елшісіне деген сүйіспеншілігінің қаншалықты терең екенін көрсеткен еді[20].

Хазірет Осман „Пайғамбарымыз қайтыс болған кезде сахабалардың көпшілігі қатты қайғырды. Тіпті тұтығып сөйлей алмайтындай күйге түсті. Солардың біреуі мен едім. Әбу Бәкірге ант беріліп қойған еді. Қасымнан Омар маған сәлем беріп өтіп кеткенде мен оны тіпті байқамаппын да. Өйткені қайғыдан қаусап отыр едім” деген[21].  

Әділеттілігімен аты әлемге әйгілі болған айбынды Омар (р.а.) Алланың Елшісін жан-тәнімен жақсы көретін. Пайғамбарымыз Алланың әмірімен ақыретке аттанған кезде, бүкіл сахабалар секілді ол да басына жай түскендей қатты толқыды. Алла Елшісінің өмірден озғанына әлі де сене алмай, сергелдең күй кешіп ашумен «Егер кім де кім Мұхаммедті өлді десе басын аламын» деген-ді.

Алла Елшісінің жан дүниесі және адамгершілігі ғана емес, сыртқы ажары да адамды баурап аларлықтай көркем болатын. Баласындай болып жастайынан оның қолында өскен хазірет Әнәс ибн Мәлік «Алла Елшісі адамдардың ең әдемісі еді» дейді.

Жәбир ибн Сәмура пайғамбарымыздың шырайлылығы жайында былай дейді «Бір күні мешітте отырғанбыз. Айдың тура он төрті еді. Төбемізде ай жарығын шашып жарқырап тұрған болатын. Сол кезде мешітке Алла расулы кіріп келді. Мен Пайғамбарыдың жүзіне әрі айға қарадым. Ант ішейін, Алла Елшісінің жүзі айдан да жарқын еді». 

Ка‘б ибн Мәлік: ...Пайғамбарымыз қуанған кезде оның жүзі нұрға толып, толған айдай жарқырайтын...» дейді[22].

Хазіреті Айша анамыз «Мысырдың әйелдері Жүсіпті көрген кезде қолдарын кесіп алды. Егер олар менің мырзамды көрсе қол емес, байқаусызда пышақтарын жүректеріне сұғып алар еді»,– дейді. 

Пайғамбарымыз жан тәслім еткен кезде Әбу Бәкір Сыддық Алланың Сүйікті Елшісінің бетіне жабылған матаны ашып «Ей, Расулалла! Тірі кезіңде сен қандай көркем болсаң, өлген кезде де сондай шырайлысың!» деп, пайғамбарымыздың маңдайынан сүйеді. 

Бәдір шайқасы күні Пайғамбарымыз қолындағы бір оқпен сахабалардың сабын түзеп келе жатқанда Ади Нәжжарұлдары қауымынан Сәуад ибн Жузәйяның қасынан өтті. Ол алдыға шығып, сапты бұзып тұрған еді. Пайғамбарымыз оқпен Сәуәдтің қарнынан түртіп «сапқа кір» деді.   Сәуад болса «Уа, Расулалла! Сен менің қарнымды ауырттың. Алла Сені ақиқат және әділдікпен жіберді. Олай болса саған да тура осылай жасауыма рұқсат беруің керек» деді. Пайғамбарымыз қарнын ашып «қысасыңды ал» деді. Сәуәд Пайғамбарымызды құшақтап қарнынан сүйіп алды. Пайғамбарымыз «Неге бұлай жасадың?» дегенде, ол «Расулалла! Соғысқа аттанғалы тұрмыз. Аман қаламын ба, жоқ па, белгісіз. Өлместен бұрын тәнімнің тәніңе тигенін қаладым» деді.  Пайғамбарымыз да оның бұл әрекетіне сүйсініп оған дұға етті[23].

Асым ибн Мұхаммед әкесінен жеткізген бір хабарда «Пайғамбар жайлы айтқан кезде Ибн Омардың көзінің жасаурамағанын көрген емеспін» дейді.

Мусәнна ибн Саид әз-Зари «Әнәс ибн Мәлік: Түсімде сүйікті пайғамбарымды көрмеген түнім жоқ» дегеннен соң жылайтын» дейді[24].

عَنْ أَب۪ي مُوسىَ الْأَشْعَرِيِّ t أَنَّ النَّبِيَّ r قَالَ: «اَلْمَرْءُ مَعَ مَنْ أَحَبَّ» وَف۪ي رِوَايَةٍ قَالَ ق۪يلَ لِلنَّبِيِّ r اَلرَّجُلُ يُحِبُّ الْقَوْمَ وَلَمْ يَلْحَقْ بِهِمْ؟ قَالَ: «اَلْمَرْءُ مَعَ مَنْ أَحَبَّ»

Әбу Мұса әл-Әшғари (р.а.) Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Адам баласы (бұл дүниеде) кімді жақсы көрсе, (о дүниеде) сонымен бірге болады» – дегенін жеткізеді.
Әбу Зәрр (р.а.) «О, Расулалла! Бір кісі бір адамдарды жақсы көреді, алайда олардың істегенін істей алмайды», – дегенде Пайғамбарымыз «Ей, Әбу Зәрр! Сен кімді жақсы көрсең солармен бірге боласың», – деді. Әбу Зәрр «мен Алла мен Оның елшісін жақсы көремін» дегенде Пайғамбарымыз (с.а.с.) «ешқандай күмәнің болмасын. Кімді жақсы көрсең сонымен біргесің» деп сүйіншіледі.

Әнәс (р.а.): Бір адам Пайғамбарымыздан:-Уа, Расулалла! Қиямет-қайым қашан орнайды? – деді. Пайғамбарымыз «Қияметке не дайындадың?» дегенде, әлгі адам «Еш нәрсем жоқ. Бірақ мен Алла мен Оның Елшісін қатты жақсы көремін»,- деді. Пайғамбарымыздың «кімді жақсы көрсең солармен бірге боласың» дегенін естігенде, сол жердегі бәріміз балаша қуандық. Тіпті ол уақытқа дейін басқа еш нәрсеге бұлайша қуанбаған едік. Әнәс сөзін жалғастырып «Мен Пайғамбарымызды, Әбу Бәкірді және Омарды жақсы көргендіктен солармен бірге болуды үміт етемін». Мінекей, сахабалар жәннатқа баратынын білсе де олар пайғамбарсыз болуды қаламайтын.     

Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір жиһадқа аттанғанда Сәубан атты сахаба Онымен бірге сол жорыққа қатыса алмады. Алла Елшісі шайқастан оралғанда барлығы Оған барып амандасып жатты. Бұлардың ішінде Сәубан да бар еді. Жүзіне солғын тартып, өн-бойы әбден қушиып қалған болатын. Мейірім пайғамбары одан «Саған не болды?» деп сұрағанда, ол «Уа, Алланың Елшісі! Жанымды жегідей жеген бір ой мені осындай халге душар етті. Ол былай болды: Мен Алла елшісінен үш күн жырақ қалғанға шыдай алмадым. Мәңгілік әлемде жырақ қалуға қалай шыдаймын? Өйткені ол − Алланың Елшісі. Оның дәрежесі де жоғары. Баратын жәннаты да өзіне лайық болады. Мен болсам жай бір адаммын. Жәннатқа кірген күннің өзінде Алла Елшісінің баратын жәннатына кіруім мүмкін емес. Оны мәңгі бақи көре алмаймын. Міне, осыны ойлай-ойлай мынадай күйге душар болдым» дегенде, Алла Елшісі өзін қатты жақсы көрген бұл сахабасын «адам кімді жақсы көрсе, ақыретте де сонымен бірге»[25] деп жұбатады.

Хазірет Әбу Бәкір Пайғамбарымызды мүшріктердің соққыларынан қорғамақ болып, араша түскенде өзі де таяққа жығылып, ес-түсінен айырылып қалды. Анасы ол ес жиғанша тапжылмай қасында отырды. Әбу Бәкір есін жияр-жимастан өзінің халі мүшкіл боп жатса да, сүйікті пайғамбарды іздеп «Пайғамбарымыздың жағдайы қалай, оған не болды» деп сұраумен болды. Анасының бір қасық болса да тамақ ішіп әлденіп алуын өтінгеніне қарамастан, ол «Расулаладан хабар келмейінше еш нәрсе татып алмаймын» деп жаны тағат таппайды. Ол Пайғамбарымызға деген шынайы адалдығымен, сүйіспеншілік, сенімділігімен танылған еді. Пайғамбарды өз жанынан да айрықша жақсы көріп, ол үшін жанын беруге әрдайым дайын тұратын.

Пайғамбарымыз да өзін қиын-қыстау кезінде үнемі қасынан табылып, өмірдің бүкіл қиыншылықтарын мойындарына  өз ризашылықтарымен қуана-қуана көтерген сахабаларын қатты жақсы көретін. Өйткені пайғамбарымыздан кейін Оның миссиясын жалғастыратын солар болатын. Пайғамбарымыздың бұл сүйспеншілігін Алла бізге былай жеткізеді:

﴿لَقَدْ جَاءكُمْ رَسُولٌ مِّنْ أَنفُسِكُمْ عَزِيزٌ عَلَيْهِ مَا عَنِتُّمْ حَرِيصٌ عَلَيْكُم بِالْمُؤْمِنِينَ رَؤُوفٌ رَّحِيمٌ﴾

«Расында, сендерге іштеріңнен ардақты бір пайғамбар келді. Қиналуларың оған ауыр тиеді. Сендерге өте ынтық. Мүминдерге тым жұмсақ, ерекше мейірімді»[1]

Міне, пайғамбарымыз да өзін жақсы көргендерге осындай сүйіспеншілік танытқан еді. Әр сахабаның өмірін оқыған кезде Пайғамбарымызға жақын сахаба сол екен деген ой келеді.

Тарих парақтарын қанша ақтарсақ та, барша сахабаның Пайғамбарымызды ерекше сүйгеніндей өзара сүйіспеншілікке негізделген сондай бір қоғам, достары тарапынан пайғамбардай ерекше қадір-құрметке ие болған ешқандай басшы болмағандығын көреміз. 

Негізінде сахабалардың мәртебесін көтерген де осы Алла Елшісіне (с.а.с.) деген шексіз сүйіспеншілік болатын. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өз міндетін толық атқарып замандастары тарапынан теңдесі жоқ сүйіспеншілік пен өте зор құрметке бөленді. Сахабалардың өмірі − бұған толығымен куә. 

Егер біз адамзаттың ардақтысының өмірін халыққа дұрыс танытып сүйдіре алсақ онда көптеген жандар Оның алып келген мейірім шуағына бөленіп шынайы бақытқа қол жеткізер еді. Өйткені Ол (с.а.с.) Рахман әрі Рахим болған Жаратушы тарапынан бүкіл әлемге тек қана мейірім сыйлап, адамзатты қараңғылықтан құтқару үшін жіберілген-ді.

Пайғамбарға деген зор сүйіспеншілік сол заманмен ғана шектелмей күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.  Оның келетінін сүйіншілеп, ынтыға күткендер қаншама көп болса, Ол келгеннен кейін Оны жырға қосып, бас тәжі еткендер де жеткілікті. Пайғамбарды көзі тірісінде өлеңдеріне қосып жырлаған А‘ша, Кағб ибн Зухәр, Хассан ибн Сабит, Абдуллах ибн Рауаха, Ка‘бибн Мәлик, Амир ибн Синанил-Әкуа сияқты ақындар болған. Бұдан келіп Пайғамбарды мадақ еткен арнайы «нағт» жанры пайда болды. Бұл тек араб халықтары емес, бүкіл мұсылман қауымына тән.  

Пайғамбарымыздың ұлылығына тек мұсылмандар ғана емес ар-ожданы таза батыстық ғалымдар да бас иіп, ерекше қасиеттерін еріксіз мойындаған. Биссмарк сияқты даңқты қолбасшы «Ей, Мұхаммед! Сенің ғасырыңда тумағаныма қатты өкінемін....Адамзат Сен сияқты ерекше тұлғаны бір-ақ рет көрді, бұдан кейін де көре алмайды. Мен сенің алдыңда құрметпен бас иемін» дейді. Сондай көптеген тұлғалардың тізімін жалғастыра беруге болады. Шын мәнінде хазіреті Мұхаммедтің өмірімен танысып, Оның адамзат тарихындағы жүрек пен санада жүзеге асырған теңдессіз істерін  ақыл елегіне салып зерделеп көрген адам, Оның Хақ Тағала тарапынан адамзатты қараңғылық түнегінен шығару үшін арнайы жіберілген пайғамбар екенін мойындар еді...

Уақыт өткен сайын тарихта өмір сүрген мемлекет басшылары мен қоғам көсемдері естеліктердің өзін жалмап жұтатын обыр уақыттың тегеурініне төтеп бере алмай, ақ жал толқындардың астында қалып жатса, хазіреті Мұхаммедке (с.а.с.) деген сүйіспеншілік күн сайын жаңарып, жаңғыра түсуде.

Алла Тағала Пайғамбарымызды тануымызды әрі Оған деген сүйіспеншілігімізді арттыра түссін. Оның аты аталған кезде атының кереметі сол − аузыңызда шәрбәт-шекердің дәмін қалдырады. А. Иүгінеки «Оны мадақтағанда тілімнің дәмі кіреді, Оны еске алғанда шекер мен бал жегендей боламын» дейді. Бүгінгі күннің өзінде адамзаттың ардақты тұлғасы − Мұхаммедтің (с.а.с.) мүбәрәк атын атаған сайын тілі күрмелгендей буын-буыны босап, көз жасын сығымдамайтын жандар аз емес. Қазірдің өзінде Пайғамбардың Нұрлы қаласы Мәдинаға барған жан Оның тамаша рухани атмосферасына бөленеді. Ғашықтықтың шарабын ішкендей ол жерден айырылғысы келмейді. Қасиетті қажылық сапарына барып-келіп жатқан жандардың бәрінен осыны ести аласыз. Ол жалған дүниемен қош айтысса да үмметінің жүрегінде әлі тірі. Оның қабірінің басына барған адам бейне бір Пайғамбарды көзі тірісінде барып көргендей сезінеді.  Қабірінің басына барып сәлемін жолдап, еріксіз көз жасын төгеді. Ардақты Пайғамбардың сүйіспеншілікке бөленбеуі расында да мүмкін емес, өйткені Алла Тағаланың өзі оған «Хабибулла» (Алланың сүйіктісі) демеп пе еді?!

[1] Тәубе, 128

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз