Исламдағы бауырмашылдық негіздері

12 Jan 2018 0 comment Оқылды: 195 рет

Мұсылман мұсылманның бауыры, ол оған еш уақытта тілімен де, қолымен де жаманшылық жасамайды, келеке етпейді, малына, арына сұқтанбайды. Бұл иләһи қағида,  исламдағы ең ұлы ұғымдардың бірі. Бұл тақырыптар мінберлерде, діни отырыстарда талай қозғалғанымен соны амалға асыру, бірінші болып соған қадам басу бізден байқалмауда. Себеп не? Онсыз да қарасы санаулы мұсылман қоғамы тоз-тоз болып кетті, Құран бір, Пайғамбар ﷺ сүннеті бір емес пе? Осыншама  алшақтық қайдан пайда болды. Бұған кімдер итермелейді. Әлде бұл діни сауатсыздық па? Аттөбеліндей мұсылман жамағатының арасында  діннің кейбір тармақшаларына қатысты мәселелерде  даудамайлар, өзара келіспеушіліктер толастаған емес.

Исламдағы бауырмашылдық сезім Алла Тағаланың ықыласты, тақуа мұсылман құлдарының бойына дарытатын иләһи қасиет. Алла Тағала Құран кәрімде:

وَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِهِمْ ۚ لَوْ أَنفَقْتَ مَا فِي الْأَرْضِ جَمِيعًا مَّا أَلَّفْتَ بَيْنَ قُلُوبِهِمْ وَلَـٰكِنَّ اللَّهَ أَلَّفَ بَيْنَهُمْ ۚ إِنَّهُ عَزِيزٌ حَكِيمٌ

Алла сол мүміндердің жүректерін жарастырды (һәм оларды саған мызғымас қорған қылды). Егер сен жер бетіндегі байлықтың барлығын осы жолда жұмсасаң дағы, олардың жүректерін дәл бұлай жарастыра алмас едің. Алайда Алла оларды жарастырды. Шүбәсіз Ол бәрінен үстем әрі ұлық және әр ісі мен әр үкімінде талай хикмет болған асқан даналық иесі.[1]

Шынайы мұсылман қоғамын мұсылмандар арасындағы өзара бауырмашылдық сезімінсіз суреттеу мүмкін емес. Мұндай сезімдегі бауырлар ағаштың бұтақтары іспеттес саны көбейген сайын қуаттала түседі. Бұтағы көп мықты ағашқа қатты жел әсер ете алмағандай ауызбіршілігі, бауырмашылдығы мығым елге ешқандай қара пиғылды күштер әсер ете алмайды. Әлбетте бұл ағаштың қажетті жеміс беруі имандылыққа тікелей байланысты, Алла тағала Құран кәрімде:

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ

Шын мәнінде мүміндер бауыр.[2]

Бауырмашылдық Алла тағаланың адам баласына берген бұл  ұлы нығметі  иманнан кейінгі қасиетті ұғым. Алла тағала Құран кәрімде:

إِذْ كُنتُمْ أَعْدَاء فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُم بِنِعْمَتِهِ إِخْوَاناً

Кезінде бір-біріңе бітпес дұшпан едіңдер, ал бүгін, Алла тағала жүректеріңді жарастырды. Сөйтіп Оның баға жетпес нығметінің арқасында бір-біріңе бауыр болдыңдар[3].

Пайғамбарымыз ﷺ Меккеден Мәдина қаласына һижрет жасаған кезде ең алғашқы  әрі ең маңызды амалдарының бірі - Мәдина мұсылмандарын татуластыруы, бір-біріне бауыр қылуы. Пайғамбарымыздың ﷺ бұл әрекетінен мұсылман арасындағы бауырмашылдықтың мұсылман мемлекетінің іргесінің мығым болуына негізгі шарт екенін көруге болады. Сонда ғана бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған ынтымағы жарасқан ел боламыз.  Нұғман ибн Башир (р.а) риуаятында Пайғамбарымыз ﷺ:

مَثَلُ الْمًؤْمِنِينَ فِي تَوَادّهِمْ  وَ تَرَاحُمِهِمْ وَ تَعَاطُفِهِمْ مَثَلُ الْجَسَدِ إِذَا اِشْتَكَى مِنْهُ عُضوٌ تَدَاعَى لَهُ سَائِرَ الْجَسَدِ بِالسَّهْرِ وَالْحُمَّى

«Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады»,[4] — деген.

Алаштың арысы Әлихан Бөкейханов өз сөзінде:  

«Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса - халықтық мақсат сонда орындалады», деген.

Денені құраған ағзалар бірігіп жұмыс жасаған уақытта дене сау болатыны сияқты қоғамның мүшесі саналатын адамдар да, бауырмашылдықта болса, өркендеп гүлденеді.

Алла Тағала Құран кәрімде:

وَأَطِيعُواْ اللّهَ وَرَسُولَهُ وَلاَ تَنَازَعُواْ فَتَفْشَلُواْ وَتَذْهَبَ رِيحُكُمْ وَاصْبِرُواْ إِنَّ اللّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ

Аллаға әлі Елшісіне бой ұсыныңдар, өзара таласып, тартыспаңдар. Әйтпесе бойларыңда үрей билеп жасып қаласыңдар һәм күш қау онда үрейленесіңдер де құттарың қашады және сабырлы болыңдар. Расында Алла, сабырлылармен бірге[5]

Алла тағала бұл аятта мұсылмандар арасындағы жанжалдың оларды құрдымға апаратынын меңзеуде. Бұл аятқа орай Имам әр-Рази: «жанжалдасудың зардабы ол мұсылмандардың әлсіздігіне себеп болады»[6] деген.

Басқа бір аятта Алла тағала:

شَرَعَ لَكُم مِّنَ الدِّينِ مَا وَصَّى بِهِ نُوحاً وَالَّذِي أَوْحَيْنَا إِلَيْكَ وَمَا وَصَّيْنَا بِهِ إِبْرَاهِيمَ وَمُوسَى وَعِيسَى أَنْ أَقِيمُوا الدِّينَ وَلَا تَتَفَرَّقُوا فِيهِ

Алла: «Дінді дұрыс түсініп, дұрыс тұтыңдар һәм дінде жік-жікке бөлінбеңдер», - деп, Нұхқа шегелеп тапсырған негізгі ұстанымдарды, өзіңе уахи еткенімізді һәм Ибраһимге, Мусаға әрі Исаға шегелеп тапсырған негізгі ұстанымдарды сендер үшін де дін етіп бекітті.[7]

Бұл аяттың тәпсірі жайында атақты муфасир[8] ғалым әл-Бағауи: «барлық пайғамбарлар (Алланың оларға сәлемі болсын) Алланың дінін орнату үшін, қоғам арасында бейбітшілік таратып, алауыздықты жою үшін жіберілді»[9] деген.

Пайғамбарымыздың ﷺ хадистерінде Құран аяттарын қуаттайтын, бірлікті, ынтымақты үндейтін бөлінуге, ажырауға тыйым салатын көптеген хадистер бар:

إِنَّ اللهَ يَرْضَى لَكُمْ ثَلَاثًا وَيَكْرَهُ لَكُمْ ثَلَاثًا فَيَرْضَى لَكُمْ: أَنْ تَعْبُدُوهُ، وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا، وَأَنْ تَعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا، وَيَكْرَهُ لَكُمْ: قِيلَ وَقَالَ، وَكَثْرَةُ السُّؤَالِ، وَإِضَاعَةُ الْمَالِ. 

Шын мәнінде Алла үш нәрсе үшін сендерге риза болады және үш нәрсені жек көреді. Алланың риза болатыны: Аллаға құлшылық қылу, Оған серік қоспау, Алланың дініне жармасып бөлінбеу, Алланың жек көретіні: өсек тарату, орынсыз көп сұрақ қою, малды ысырап ету.[10]

Бұл хадис жайында Имам ән-Науауи: ««бөлінбеңдер» деген әмір мұсылман арасындағы ауызбіршілікті меңзейді», деген. Бұл исламның бұлжымас қағидаларынан.[11]  

Басқа бір хадисте:  «Жамағатпен бірге болыңдар, бөлінуден аулақ болыңдар, шын мәнінде шайтан жалғызбен бірге, екі адамнан алыс, кімде-кім жәннәттың рахатын қаласа, жамағатпен бірге болсын»[12]деген.

Бауырмашылдықтың шарттары:

1. Шынайы Алла разылығы үшін болу.

Егер бір мұсылманды жақсы көргенде Алланың разылығы емес, адамның биік мансабы, абыройы, байлығы себеп болса ол Алла қалаған бауырмашылдыққа жатпайды.

2. Бауырмашылдық имани жолда, тақуалықта байланысу.

Бауырмашылдықтың шарттарының бірі имани жолда байланысуы, азғындық жолда болмауы.

3. Өзара кешірімділікте болу.

Мұсылман екінші мұсылманмен оооооо  жанжалдаспайды, кешірімге бейім тұрады. Егер мұсылман  бауырлар арасында қателік орын алса, оны кешіреді.

4. Қиыншылық пен кеңшілікте ортақтасу.

Шынайы мұсылман бауырдың сипаты әр кез бауырына көмек көрсетуде алдыңғы қатарда тұрады.

Алла тағала бір-бірін шынайы жақсы көрген бауырларға есепсіз сауаптар жазады. Оның қайтарымы бұл өмірде де ақыретте де болады.

Бауырмашылдықтың жемістері:

1. Алла тағаланың махаббаты нәсіп болады.

Құдси хадисте: «Кімде-кім менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көрсе, мәжілістес (бір отырыста болу) болса, бір-біріне зиярат жасаса, бір-біріне жәрдемдессе менің махаббатым оған нәсіп болады» делінген.[13]Алланың құрметіне ие болады. Пайғамбарымыздың ﷺ хадисінде: «Кімде-кім біреуді Алланың разылығы үшін жақсы көрсе, дәрежесін көтереді»,[14]деген.

2. Алланың аршысының көлеңкесінде болады.

Әбу Хурайрадан жеткен хадис бойынша Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Алла тағала қиямет күні айтады: «Менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көргендерге бүгін ешкімге көлеңке нәсіп етпеген күні оларға көлеңке нәсіп болады»[15].

3. Иман ләззәтін сезінеді.

Әбу Хурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Кім егер иманның ләззәтін сезінуді қаласа, Алла разылығы үшін бір адамды жақсы көрсін.[16]

4. Иман кемелдігі.

Әбу Умамадан жеткен хадис бойынша Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Кімде-кім Алла разылығы үшін жақсы көрсе, жек көрсе, садақа берсе, бас тартса, иманының кәмілдігінің белгісі»[17].

5. Жәннәтқа кіреді.

Әбу Хурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Иман келтірмейінше жәннәтқа кірмейсіндер және бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше толық иман келтірмейсіңдер, бір-бірлеріңді жақсы көруге апарар жолды көрсетейін бе? Араларыңда сәлем жайыңдар»[18].

Мұсылмандардың дамуына тежеу болып отырған бірнеше факторлар бар, егер олардың түйіні шешілсе дүниеде нағыз ауызбіршілік, сүйіспеншілік орнар еді.

Мұсылмандардың бірлігіне кедергі болатын жайттар:

1.Қате ақида.  

Мұсылманның бұл фәни дүние мен о дүниедегі жағдайы оның ұстанған ақидасына  байланысты. Аллаға деген сенім  дұрыс болса, пенденің жүрегінде тыныштық орнап, жүрегі жай табады. Ал ақидасы қате болса, тура жолдан ауытқығаны, оның Алла разылығы үшін жасап жатқан амалдарынан еш пайда болмағаны. Сол себепті сенім ілімі ең маңызды ілімдердің қатарында. Ондай ауытқулар байқалған жағдайда міндетті түрде сенімді негіздерге сүйене отырып, жөнделуі тиіс. Сенім дұрыс қалыптаспаған адамдардың жүрегінде күмән болғандықтан әр кез мұсылмандардың арасында осы дертін жаюға тырысады. Ақидадағы қате түсінік қазіргі уақытта еліміздегі мұсылмандар арасын бөлудегі негізгі себептерден болып отыр.

2.Мазһабсыздық.

Ислами білім азайған уақытта дінге кірген мұсылмандардың бір ғалымның артынан еріп, оның айтқанына жүгінуі міндетті амалдардан. Исламның алғашқы дәуірлерінен бастап, ислам мазһабтары мұсылман арасындағы бірліктің, ынтымақтың негізгі факторы ретінде қаралған. Өйткені, әр адам өз бетінше шариғатты түсінуге тырысса, уақыт өте мұсылман қоғамында бір-біріне қарсы, бір-біріне бағынбайтын бірнеше топтардың пайда болуына апарады. Бұл өз кезегінде мұсылмандар арасындағы алауыздықтың алғашқы қадамы.

3.Басшыға бағынбау.

Басшылыққа бағынбау бауырмашылдыққа кедергі болатын негізгі себептердің бірі. Қазіргі замандағы мұсылман мемлекеттеріндегі нәубеттердің ең негізгі себебі – басшыға бағынбау. Алла тағала Құран кәрімде:   

{يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ أَطِيعُواْ اللّهَ وَأَطِيعُواْ الرَّسُولَ وَأُوْلِي الأَمْرِ مِنكُمْ فَإِن تَنَازَعْتُمْ فِي شَيْءٍ فَرُدُّوهُ إِلَى اللّهِ وَالرَّسُولِ إِن كُنتُمْ تُؤْمِنُونَ بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ ذَلِكَ خَيْرٌ وَأَحْسَنُ تَأْوِيلاً}

Уа иман еткендер! Аллаға бағыныңдар, Елшіге бағыныңдар, сондай-ақ өз араларыңнан (өздерің сияқты мүмін) болған басшыларыңа бағыныңдар. Егер Аллаға және ақирет күніне иман еткен болсаңдар, қандай да бір міселеге қатысты тартысып қалғандарыңда, Аллаға және Алла елшісіне жүгініңдер. Осылай еткендерің әлдеқайда қайырлы һәм нәтиже тұрғысынан анағұрлым жақсы болады.[19]  

Мұның айқын көрінісі ретінде мешітке келуші кейбір жат ағым өкілдерінің заңды түрде мемлекет тарапынан бекітілген имамдарға бағынбауын, оларға мұсылмандарды қарсы қоюын  мысалға келтіруге болады.

4. Әл-уәләә уәл-бараа немесе Алла разылығы үшін жақсы көру, Алла разылығы үшін жек көру мәселесіндегі қате ұстаным.

Әл-уәләә – Алла тағаланы және оның пайғамбарын, мұсылмандарды жақсы көру.

Әл-Бараа - Алла тағалаға, оның пайғамбарына,  мұсылмандарға қарсы шыққандарды, мүшріктерді, екіжүзділерді, пасықтарды жек көру.

Бұл дегеніміз Алланың әмірлерін, пайғамбарымыздың ﷺнің сүннеттерін бұлжытпай орындайтын мүміндерді жақсы көру оларға жәрдемдесу. Алла тағала Құран кәрімде:

وَالْمُؤْمِنُونَ وَالْمُؤْمِنَاتُ بَعْضُهُمْ أَوْلِيَاءُ بَعْضٍ ۚ يَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنْكَرِ وَيُقِيمُونَ الصَّلَاةَ وَيُؤْتُونَ الزَّكَاةَ وَيُطِيعُونَ اللَّهَ وَرَسُولَهُ ۚ أُولَٰئِكَ سَيَرْحَمُهُمُ اللَّهُ ۗ إِنَّ اللَّهَ عَزِيزٌ حَكِيمٌ

Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер, бір-біріне шын жанашыр дос болып табылады. Олар елге ізгілікті, жақсылық жасауды бұйырып,  жамандық атаулыдан тияды. Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей уақытылы оқиды, зекетті толық береді және Алла мен пайғамбарына әрдайым бағынады. Соларды Алла, мәрхаметіне бөлейді. Расында Алла тым үстем, аса дана.[20]

Егер мұсылман емес басқа дін өкілі болатын болса да онымен қарым-қатынаста шектен шығып астамшылдық жасауға болмайды. Тарих куә Пайғамбарымыздың ﷺ кезінде де одан кейінгі алтын ғасырларда мұсылмандар мен басқа дін өкілдері тату-тәтті бейбітшілікте өмір сүріп келген. Оларды діндері үшін қудалау, байлықтарына қол сұғу кездеспеген. Мұның айқын көрінісі ретінде жүзден астам ұлттың Отанына айналған елімізді мысалға келтіруге болады.

Мұсылмандар арасына жік салуды мақсат ететін кейбір жат ағым өкілдері осы ұстанымды негізге ала отырып, Аллаға құлшылық жасап, бес парызын орындап жүрген, алайда олардың ұстанымымен санаспайтын мұсылмандарды шектеп, Алла разылығы үшін жек көру керектігін алға тартады. Бұл ұстанымды қолдайтын жат ағым өкілдері өзге мұсылман топтармен байланыспай, исламдағы бауырмашылдыққа балта шабуда.

Біріңді, қазақ, бірің дос,

Көрмесең істің бәрі бос.

Малыңды жауға,

Басыңды дауға,

Қор қылма, қорға, татулас» деп,  Абай атамыз айтқандай мұсылман арасындағы алауыздық ислам үмметін жегідей жеп, іштей құлдыратуда. Құран аяттарында, пайғамбар ﷺ хадистерінде келген тікелей әмірге қарсы келуде. Мұсылман үмметінің осындай кедергілерді ысырып, нәпсінің айдағанына ермей, таза ақыл-ойға жүгініп, пікір қылатын кез келді. Алла еліміздегі мұсылмандардың ауызбіршілігін нығайтып, бауырмашылдығын арттыра көр!!!

Хамзат Әділбеков,

ҚМДБ «Насихат және қоғаммен байланыс»

бөлімінің маманы 

 
[1] Әнфәл сүресі 63-аят
[2] Хужурат сүресі, 10-аят
[3] Әли Имран сүресі 103-аят
[4] Муслим хадистер жинағы
[5] Әнфал сүресі, 46-аят
[6] Мафатиху әл-Ғайб 15 том, 138-бет
[7] Шура сүресі, 13-аят.
[8] Құран тәпсірінің ғалымы
[9] Имам Бағауидің «Мағалиму әт-Танзил» кітабының 7-томы, 186-беті.
[10] Муслим хадистер жинағы,
[11] Имам ән-Науауидің «Сахих Муслим» хадистер жинағы түсіндірме кітабының 12 томы, 11-беті.
[12] Тирмизи хадистер жинағы 4-том, 465-бет.
[13] Әз-Зарқанидің  әлә Муата ибн Мәликке жасаған шархы №1731
[14] Ахмад хадистер жинағында келген.
[15] Муслим хадистер жинағы
[16] Ахмад хадистер жинағында келген.
[17] Әбу Дауд хадистер жинағы
[18] Муслим хадистер жинағы
[19] Ниса сұресі, 59-аят
[20] Тәубә сүресі, 71-аят
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз