Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Білім алу – әрбір мұсылманға парыз

25 Aug 2018 0 comment Оқылды: 97 рет

Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Расында ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы білім алу және іздену.  Жалпы Құранда «білу» деген мағынаға саятын «илм» түбірінен туындаған 780 сөз кездеседі. Ал ғылымның маңыздылығын ұғына түсу үшін ғылым деген сөзбен мағыналас хикма мен ғалым деген мағынаға келетін «хаким» сөздерінің де жиі қолданылуына назар аударған жөн. Мәселен «хикма» сөзі 20, «хаким» сөзі 97 жерде кездеседі. Қосымша «білу» деген мағынаға келетін «марифа» сөзі 70- ке жуық қолданылады.                  Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырады. Бізді жоқтан бар еткен Алла соңғы елшісіне, біздің сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке ﷺ:

اقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الَّذِي خَلَقَ (1) خَلَقَ الْإِنْسَانَ مِنْ عَلَقٍ (2) اقْرَأْ وَرَبُّكَ الْأَكْرَمُ (3) الَّذِي عَلَّمَ بِالْقَلَمِ (4) عَلَّمَ الْإِنْسَانَ مَا لَمْ يَعْلَمْ (5)

«Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді,» -деп, Құранның ең алғашқы аяты «оқы» деп түскен.[1] («Алақ» сүресі,1-5 аяттар)

 Алла Тағала Құран Кәрімде білімнің артықшылығын бізге былай баяндайды:

قُلْ هَلْ يَسْتَوِي الَّذِينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ إِنَّمَا يَتَذَكَّرُ أُولُواْ الْأَلْبَابِ (9)

«Білетіндер мен білмейтіндер тең ба? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!»[2]деген. («Зумар» сүресі, 9-аят)

Оған қоса Алла Тағала ілім берілген мүміндердін дәрежелерін басқалардан жоғары етеді. Құранда:

يَرْفَعِ اللَّهُ الَّذِينَ آَمَنُوا مِنْكُمْ وَالَّذِينَ أُوتُوا الْعِلْمَ دَرَجَاتٍ وَاللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ (11)

«Алла Тағала сендерден иман келтіргендер мен ғылым берілгендердің дәрежесін жоғарылатады. Алла сендердің істегендеріңнен хабардар»[3]деген. («Мужәдәлә» сүресі,11-аят)

Пайғамбарымыздың   хадистерінде  де  ілім  жайында  аз  айтылмаған.  Тіпті, Пайғамбарымыз   сахабаларына  ілім  алуды  өзі  бастап  үйреткендігін  тарихтан  білеміз.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ білім турасында машһур хадисте былай айтқан:

طَلَبُ العِلْمِ فَرِيْضَةٌ عَلَىْ كُلِّ مُسْلِمٍ

 «Білімді талап ету әрбір мұсылманға парыз»[4], деген.

Ал білім алған адамның дәрежесі жоғары болатын жайында пайғамбарымыздың ﷺ хадисінде:

مَنْ يُرِدِ اللّٰهُ بِهِ خَيْرًا يُفَقِّهْهُ  فِي الدّ۪ينِ

«Алла Тағала кімге жақсылық қаласа, дінді терең білуді нәсіп етеді»[5] дейді (Бұхари, ильм 10; Муслим, имара 175).

Алла Тағала бір құлына білім нәсіп етсе, сол берілген ілім үшін сұралады. Ол жайында пайғамбарымыздың ﷺ хадисінде:

    لَا تَزُولُ قَدَمَا عَبْدٍ يَوْمَ الْقِيَامَةِ حَتَّى يُسْأَلَ عَنْ أَرْبَعِ خِصَالٍ : عَنْ عُمُرِهِ ، فِيمَ أَفْنَاهُ؟ وعَنْ شَبَابِهِ ، فِيمَ أَبْلَاهُ ؟ وَعَنْ مَالِهِ ، مِنْ أَيْنَ ؟ وَفِيمَ أَنْفَقَهُ ؟ وَعَنْ عِلْمِهِ ، مَاذَا عَمِلَ فِيهِ؟ "

«Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір адам да орнынан тапжылмайды»[6] деген. (Тирмизи хадистер жинағы)

Алланың (العليم) «Ғалиим» (Бәрін білуші) деген есімі бар, демек ғылым-ілімді Алладан сұрау керек. Алла Құран Кәрімде пайғамбарымызға Мұхаммедке ﷺ:

      فَتَعَالَى اللَّهُ الْمَلِكُ الْحَقُّ وَلَا تَعْجَلْ بِالْقُرْآَنِ مِنْ قَبْلِ أَنْ يُقْضَى إِلَيْكَ وَحْيُهُ وَقُلْ رَبِّ زِدْنِي عِلْمًا (114)

«Күллі жаратылыс атаулының Хақ Патшасы (шын иесі) Алла қандай ұлы десеңші! (Уа,Мұхаммад!) Саған Құранның уаһи етілуі толық аяқталмай тұрып, оны оқуға асықпа. «О Раббым, білімімді арттыра гөр!»[7] -деп Алла дұға қылуды ескерткен. («Тоһа» сүресі,114аят)

Іліммен қоса тақуалықта өсу керек, ол екеуі айырылмас нәрселер. Алла Құран Кәрімде:

إِنَّمَا يَخْشَى اللَّهَ مِنْ عِبَادِهِ الْعُلَمَاءُ إِنَّ اللَّهَ عَزِيزٌ غَفُورٌ (28)      

«Расында, Алладан құлдарының ішінен ғалымдар ғана шынайы түрде қорқады, шүбәсіз Алла Әзиз әрі Ғафур»[8] («Фатыр» сүресі, 28аят)

Ибн Масғұд (р.а.) «Ғылымның жоғалуы - ғалымдардың өлімімен болады. Жаным құзырында болған Алланың атымен ант етемін, Алла разылығы үшін өлген шейіттер ғалымдарға берілген жоғарғы дәрежелерді көргенде, ғалым болу үшін дүниеге қайта келуді тілейді» дейді.

Ибн Аббас (р.а.): «Мен үшін түннің аз да болса бөлігін ғылым үйренумен өткізу, түні бойы ғибадат етуден жоғары» дейді.

Зүбәйр ибн Әбу Бәкір: «Әкем Иракта жүргендегі хатында маған былай деп жазды: «Оқы, өйткені ғылым – жоқшылығыңда байлық, байлығыңда сән болар».

Хазрет Лұқман (ғ.с.) ұлына берген насихатында былай деген: «Ұлым! Ғалымдардың мәжілісіне қатыс. Көктен жаңбырымен жерді көгертетін Алла хикмет нұрымен мұсылмандардың жүрегін толтырады». «Ғалымның өліміне теңізде балықтар, көкте құстарға дейін әр жаратылыс жоқтап жылайды» делінген де сөз бар.

Хасан Басри: «Ғалымдар болмаса, адамдардың басқа жан иелерінен айырмашылығы болмас еді. Өйткені олардың оқытуымен адамдар адамдық дәрежеге жеткен» дейді.

Ілім алудың маңыздылығы жайында Ислам әлемінде төртінші Халиф болған Али ибн Әбу Талиб (р.а): «Ілімсіз ғибадатта, түсінбей оқыған ілімде және ойланып, мән бермей оқуда еш жақсылық пен берекет жоқ» деген.

Ілім дүние мүліктен қымбат. Ілім сені қорғайды, малдың қорғаушысы сенсің. Онымен амал еткеніңде ілім арта түседі, ал дүние – мүлік жұмсаған сайын азаяды.

Қазіргі заманғы ғылымдарды игеріп, дамуға кедергі келтіретін надандық, кедейлік және идеялық жікшілдікпен күресудің аты да жиһад. Ислам  бізге  ілім  алуды,  яғни  дұрыс  білім  алуды  бұйрады. Өкінішке  орай,  білімсіздік  мұсылман  жамағатын  жік-жікке  бөліп, Ислам  әлеміне  қара  күйе  жақтырады. Сол  себепті  ілімсіздіктің  залалы  шаш  етектен  екендігін  ұмытпайық.   

Алла  Құранда  бірнеше  аятта  адамдардың  ілімсіздігі  мен  сауатсыздығынан  күнәға,  ширкке  түскендігін  және  олардың  бұл  білімсіздігі  олар  үшін  сылтау  болмайтындығын  білдіреді.

Білім мен тәрбие әрқашан негізгі өзекті мәселе болып келгендігі баршамызға белгілі. Қазір заман өзгерді, талап өзгерді. Бүгінгі бала-ертеңгі ел болашағы. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан ХХІ ғасырда дамыған елдермен теңестіріп, өркениетті әлемнен мәртебелі орын алуына ықпал етер бірден-бір құдірет-білім, білімді ұрпақ»,- ХХІ ғасырды ғылым мен білімнің ғасыры деп атады.

Біздің басты міндеттеріміздің бірі қазақстандық отансүйгіштікті, адамның құқықтары мен бостандықтарын құрмет ететін азамат тәрбиелеу.

«Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы»-деп дана халқымыз бекер айтпаған. Әлемдік деңгейде кең қанат жайып келе жатқан ғаламдану үрдісінде әр халықтың өзіндік бет - бейнесін сақтап қалуы мен ұлттық ерекшеліктерді қазіргі өркениет талаптарына сай жетілдіру мәселесі зор маңызға ие болып отыр. Халықтың рухани құндылықтары ақпараттар ағымымен, жан- жақтан еніп жатқан жат түсініктер тасқынында жоғалып кетпеуі үшін жас ұрпақтың білімі жоғары болуы тиіс.

Негізінен Алла Тағаланың кітабында және Оның Елшісінің ﷺ хадистерінде ілім (ғылым)сөзі жалпылай түрде келген. Сондықтан бұл сөз жақсылыққа бастайтын, жер бетін гүлдендіруге, адамдарға қажетті барлық пайдалы ғылымдарға қатысты кең мағынаны қамтиды. Ғылымдарды: діни және зайырлы ғылымдар деп екіге бөліп қарастыруымызға болады.

Шариғат ілімі дегеніміз – бүкіл дүниені кім жаратқандығын, қандай мақсатпен жаратқандығын, қалай жаратқандығын және сол дүниеде өмір сүру жолдарын үйрететін ғылым. Шариғи білімді меңгерген адам алдымен өзін жаратқан Раббысын таниды. Сондай-ақ, өлімнен кейін де өмір бар екенін, адам өзі Алланың алдында істеген істері үшін сұраққа тартылатынын біледі. Сондықтан, Алланың бекіткен адал заңын бұл дүниеде берік ұстануға тырысады. Мәселен, шариғатты меңгерген саудагер болса, ол Алла Тағаланың Құран Кәрімде айтқан: «Таразыдан кемітушілерге қасірет бар» («Мутаффифин» сүресі, 1-аят) деген мағынадағы аятын әрдайым қаперінде ұстап, соған амал етеді. Ал, бұның астарында сатушыға да, сатып алушыға да үлкен  игілік бар. Ал, шариғаттан хабары бар адам ұрлық-қарлыққа, біреудің хақысын жеуге еш уақытта бармайды.

Шариғат ілімі адамды сауапты іс жасауға итермелейді, күнәдан алыстады. Осы арқылы қоғам түзеледі. Дінді меңгерген адам айналасындағыларға құрметпен қарап, олардың көңіліне қаяу түсірмеуге тырысады. Әрдайым жақсылық жасауға жақын тұрады. Шариғат білімі адамды өмір бойы мазалайтын маңызды сұрақтарға нақты жауап алуға мүмкіндік береді. Мысалы, бүгінде көп адам Алланың бар екенін және бір екенін білсе де, өмірдің мәні неде екенін, өзінің не үшін жаратылғанын, Құдайға деген құлшылықтың не үшін жасалынатынын біле бермейді. Ал, «Зәрият» сүресінің 56-аятында «Мен жындар мен адамзатты тек өзіме ғибадат жасау үшін жараттым» делінген. Яғни, шариғи білім сіздің өміріңіздің шамшырағы.

Зайырлы білімді меңгерген адам да алдымен өзін жаратқан Раббысын таниды. Қалай дейсіз бе?! Алла Тағала Құранда адамдарды ойлануға, айналадағы жаратылыстарға қарап, оның кереметтігіне көз жеткізуді бұйырады. Осы арқылы дүние заңдылықтарының даналықпен орналастырылғандығын түсініп, бұның бір құдіретті жаратушысы бар екенін еріксіз сезінеді.

Алла тағала Құран кәрімде: «Ақиқатында аспандардың және жердің жаратылуында, түн мен күндіздің алмасуында, адамдар үшін пайдалы нәрселер мен теңізде жүретін кемеде және Алланың аспаннан су түсіріп, онымен жер тіршіліксіз қалғаннан кейін оны тірілтуінде әрі онда түрлі жануарларды таратуында және желдердің алмасуында, аспан мен жер арасындағы бағынышты бұлттарды басқаруында ақыл иелері үшін (Жаратушының бірден бір екенін дәлелдейтін) даусыз дәлелдер бар»[9], деп адамзатты ойлануға, пікір қылуға шақырады. («Бақара» сүресі, 164-аят)

Мұсылман ғалымдары көптеген заманауи шариғи, фиқх мәселелерде халал немесе харам екендігіне қатысты дұрыс шешім шығара алу үшін медицина, химия, астрономия т.б. секілді ғылым салаларының мәліметтеріне жүгінуіне тура келеді.

Мысал ретінде экономика, сауда саласын алсақ, фақиһ ғалым сауда, экономикадағы барлық қарым-қатынас түрлерін білмесе соған қатысты мәселе туындаған жағдайда қалайша дұрыс үкімдер шығармақ? Банкте, биржада орындалатын түрлі кіріс-шығыс айналымдары жайлы тек осы саланың мамандарының көзқарасына жүгіну арқылы ғана дұрыс көзқарас айта алады.

Сол себепті, әрбір адам, дінін сүйетін мұсылман өз саласында биіктерді бағындырып, мамандығын терең игеруі қажет.

Демек адамға үйретілген ілімі тек шариғи білім емес екен. Адам баласы жаратылыстану ғылымдарын назардан тыс қалдырған жағдайда, жер бетіне жіберілген халифалық миссиясын толыққанды атқара алмайды. Сондықтан екі ғылымды да қатар алып жүру – мұсылман үмбетінің негізгі міндеті.

 Ислам, әлемдік дін ретінде қазақ халқының өмірі мен салт-дәстүрімен үйлесімін тапты. Бұл халқымыздың ділі мен тілінде, мінез-құлқында және салты мен әдет-ғұрпында айшықталады. Дін Ислам жәй ғана сенім емес, бұл – қоғам мүшелерін бейтшілік пен тұрақтылыққа шақырып, мұсылмандарды білім алуға міндеттейді.

Қазақ даласында да көптеген ғалымдар, данышпан тұлғалар  шыққан, сол Құран мен сүннеттен нәр алып шариғи тәлім-тәрбие алған тұлғалардың бірегейі Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынсарин.

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады »деген ұлы ақын Абай сөзі барлық уақытта өз мәнін жойған емес. Озық ойлы білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне өз үлесін қосады. Жан-жақты терең білім беру мақсатында көптеген технологиялар ұсынылуда. Кез-келген пайдалы білім белгілі мөлшерде адамды дамытады.

Ұлы  Абай « Жасымда  ғылым  бар  деп  ескермедім,

Пайдасын  көре  тұра  тексермедім» десе, Шәкәрім  адам  өмірін  үш  кезеңге  бөліп,  оның  сол  Абай  меңзеген  ең  қуатты  жастық  шағын  ғылымға  арнауды  насихаттайды,  сол  тұстағы   албырт жігердің  бір  сағатын да  бос  өткізбеуге  шақырады. Шәкәрім  өмір  сүрген  кезеңдегі  қоғамның  мәдени - экономикалық  жағдайын  ескерсек, ақынның  сондай  мешеу  ортада  отырып,  жас  адамға  бірден-бір  қажет  өнер  ретінде  ғылымды  ұсынуы  көрегендік.

Ыбырай  Алтынсариннің   «Кел, балалар, оқылық!» деген өлеңі талай қазақ баласының көкірегін оятып, ғылым-білімге үндегені аян. Осы өлең жолының басы «Бір Аллаға сыйынып»деп басталып, «Кел, балалар оқылық!» деп жалғасын табуының өзі ақиқатты аңғартып тұрғандай.

Кешегі «АЛАШ» жұрттын көздері ашық, көкірегі ояу азаматтарда шариғи тәлім-тәрбиені ауыл молдаларымен медреселерден алған. Атап айтар болсақ, Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Ғұмар Қараш, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров. Солардың бірі Мағжан Жұмабаев, ауыл молдасынан сауатын ашып, 19051910 жылдары Қызылжардағы №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен М.Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқыды. Медреседе Бегишевтен Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін,ФирдоусиСағдиХафиз Омар ҺайямНизамиНауаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді. 1910-1913 жылдары Уфа қаласындағы Ғалия медресесінде білім алды.

Мағжан Жұмабаевтың да білім турасында көптеген өлеңдері бар. Мысалға:

Білімсіз қатқан жансыз тас деп білсе,

Өнер-білім - қарны ашқа ас деп білсе

Дүниенің теңізінде адасқанға

Тура жол көрсететін бас деп білсе.

Білім жайында Мұхтар Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін  білім.  ...»,-деген.  Шындығында, адамның және жалпы ұлттың қадірі оның білімімен өлшенеді. Халықтың жері қаншалықты бай болса да, оны игеретін ғалымы, білімді азаматы болмаса одан не пайда?!

Халқымыздың ұлыларынан білім жайында көптеген мақал-мәтелдер жеткен:

  Білім гауһар, бағасы жоқ.

  Надандық кесел, дауасы жоқ.

         Киіміне қарап қарсы алады,

Біліміне қарап шығарып салады.

Күш - білімде, білім - кітапта.

Қына тасқа бітеді, Білім басқа бітеді.

Өнер — ағып жатқан бұлақ,
Ілім — жанып тұрған шырақ.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, білімнің әр саласында өз үлесімізді қосып, әлемнің ашылмаған жаңалықтарын зерттеп-зерделеп, діни салада болсын дүниеуи салада болсын еңбек етіп, егеменді еліміз Қазақстанды жоғары мәртебелерге  паш еткізуіміз керек. Алла баршамызға екі дүниенің пайдалы ілімін нәсіп етсін!

[1]«Алақ» сүресі,1-5 аяттар

[2] «Зумар» сүресі, 9-аят

[3] «Мужәдәлә» сүресі,11-аят

[4] Ибн Мәжә хадистер жинағы

[5] Бұхари, ильм 10; Муслим, имара 175

[6] Тирмизи хадистер жинағы

[7] Тоһа» сүресі,114аят

[8] «Фатыр» сүресі, 28аят

[9] Бақара сүресі, 164-аят.

Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы.

 
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз