Имандылық жемістері | жұма уағызы

27 Oct 2018 0 comment Оқылды: 31 рет

Алла Тағалаға шексіз мақтаулар мен мадақтаулар болғай! Біз Оны мақтап-мадақтаймыз, одан жәрдем және кешірім сұраймыз, сондай-ақ өз жанымыздың жамандығы мен қате іс-амалдарымыздан Алладан пана тілейміз. Ешқандай серігі болмаған Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед ﷺ  Оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік береміз.

Ислам дінінің негізі бес парыздан тұрады. Оны барша мұсылманмын деген адамның ең бірінші танысатын ислами ілімдерінің бірі. Олар: Иман, намаз, ораза, зекет және қажылық. Әр парыз амалдың өзіндік пайдасы бар. Алайда осы парыз амалдардың ең алғашқысы болған иман жүректе болмаса, қалғандарының орындағаннан еш пайда жоқ. Яғни иман діннің ең негізгі тірегі, тамыры іспеттес.

Алла Тағаланың құлдарына деген ерекше мейірімділігі адам иман ләззатын сезгеннен кейін оны имандылық көкжиегіне самғатып қояды. Егер адам бойында иман негіздері бекіп, орныққан болса, ол кейін тамыры тереңге бекіп, бұтақтарын биікке самғатып, бүршік жарып, жапырақ жайып, жеміс беріп, зәулім бәйтерекке айналады. Бұл жеміс ол үшін дүниелік және ақыреттік азық болады.

Құран кәрімде Алла Тағала:

أَلَمْ تَرَ كَيْفَ ضَرَبَ اللّهُ مَثَلاً كَلِمَةً طَيِّبَةً كَشَجَرةٍ طَيِّبَةٍ أَصْلُهَا ثَابِتٌ وَفَرْعُهَا فِي السَّمَاء

تُؤْتِي أُكُلَهَا كُلَّ حِينٍ بِإِذْنِ رَبِّهَا وَيَضْرِبُ اللّهُ الأَمْثَالَ لِلنَّاسِ لَعَلَّهُمْ يَتَذَكَّرُونَ

Жақсы сөзді Алланың қандай мысалмен түсіндіргенін көрдің бе? Жақсы сөз бейне бір тамыры жерге терең тартқан, бұтақтары көкке жеткен мәуелі ағаш секілді. Ол ағаш Раббысының рұқсатымен үнемі жеміс береді. Алла Тағала адамдар ойланып, ғибрат алсын деп осындай мысалдар келтіреді. [1]

Көпшілік тәпсіршілер  осы аяттағы «Көркем сөз» имандылықты білдіретін  «кәлима шахадат» екенін бір ауыздан келіскен. Демек, әр мұсылман пенденің жүрегіне түскен бұл дәннің тамыры мықты, әр уақыт жеміс беретін көркем ағаш тәрізді.

Қазақ халқының данышпаны Абай бабамыз да:

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшті бекітпей, соңғы төртті,

Қылғанменен татымды бермес жеміс, - деп жырлаған.

Бұл жердегі «бастапқы үшті бекітпей»   дегені жүректегі иманды меңзеп тұр. Олсыз соңғы төрттік жеміс бермейтінін айтады.

Сонымен, иман деген не? Араб тілінде бұл сөз «әмәнә» етістігінен шығып илану, сену, бой ұсыну дегенді білдіреді. Адамзаттың асыл тәжі Мұхамметтен ﷺ: «Иман деген не?» - деп сұрағанда: «Иман дегеніміз-Аллаға, Оның періштелеріне, Оның кітаптарына, Оның елшілеріне, ақырет күніне иман келтіруің және тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің»,-деп жауап қайтарған. Яғни соңғы Елшінің ﷺ әкелген барлық нәрсесін (Құран, хадистер, құлшылықтар, әмірлер мен тыйымдар) мойындап, қабылдау, жүзеге асыру дегенді білдіреді. Осы айтылғанды  ескеріп Әбу Ханифа (р.а)  «Уа халқым! Бауырларым! Біліп қойыңдар, Аһлүс – сүннәтуәл жамағат мәзһәбында он екі қасиет бар. Кімде-кім осы қасиеттерді бекем ұстаса, ол ешқашан бидғатшы (діннің негізіне жаңалық енгізушілерден) әрі жалғаншылардан саналмайды» деп басталатын «Уәсия» атты кітабында иманға қысқаша мынадай анықтама береді:

الإيمانُ إِقْرَارٌ بِالِّسَانِ وَ تَصْدِيقٌ بِالْجَنَانِ

«Иман дегеніміз - тілмен айтып, жүрекпен бекіту.»

Алла Тағала барша адамзатқа иман етуге бұйырды. Иман адамды Жаратушысына жақындататын бірден-бір құрал. Алты шартты өз ішіне қамтитын бұл иман адамның жүрегіне орнықса екі дүниеде де бақытқа кенелтеді. Алайда ғалымдарымыз иманды адамның бойында осы төмендегі төрт қасиет болу керек деп шешкен.

  1. Иманда үмітсіздік болмау керек.
  2. Шариғата келген нақты үкімдерді жоққа шығармау керек.
  3. Иман шарттарына қатысты түрлі күмәндардан сақтану керек.
  4. Алланың азабы мен кешірімінен бейқам болмау керек.

Әрбір мүминде осындай кәміл сенім болса, қазіргі қоғамдағы келеңсіз жағдайлар болмас еді. Қазіргі кезде жастардың білімділігі жоғары, электроникалық техниканың құлағында ойнайды. Бірақ рухани тұсы әлсіз. Себебі әрбір істеген істерінде имандары әлсіздіктерінен Алланың алдындағы жауапкершіліктерін ұмытқандай.

Ал иман жүрекке орныққан кезде, Пайғамбарымыз ﷺ ең алғаш дінді алып келгенде қалайша мінезі дөрекі, бұзақы, аманатқа қиянат жасайтын надан қоғамды өзгерткен болса, ол пенденіде жақсы жағына өзгерту керек еді. Мәселен: Омар ﷺ мұсылман болмай тұрып әркіммен бір ерегісетін қызба, өжет, батыр және өте қатыгездігімен танылып қалған жан еді. Бірақ мұсылман болғаннан кейін оның бойындағы бұл қасиеттері иман нұрына шомып, мүлдем басқаша өзгерді. Мұсылман болғаннан кейінгі қалған өмірі адамзатты таңғалдырарлық дастанға айналды. Тіпті жердегі жорғалап жүрген жіндіктерді де ойлап, Алла Елшісінен ﷺ ол турасында сұрағаны да бар.

Ислам дінінде көркем мінезділік осы имандылақтан бастау алады. Алла Тағаланың әр бір иман еткен адамның бойында көркем мінез болуды талап етіп, Алла елшісіне ﷺ және үмбетіне әмір еткен. Алла елшісінің ﷺ : «Сендердің ешқайсыларың өзі үшін жақсы көрген нәрсені, басқа бауыры үшін де жақсы көрмейінше, шынайы мүмін бола алмайды», - деген хадисінде өзімшілдік, тәкәпарлыққа тыйым салады.

«Алла елшісі ﷺ  қасында отырған сахабаларына: «Сендер мүмінсіңдер ме?», - деп сұрағанда, хазіреті Омар (Оған Алла разы болсын): «Иә, Алланың елшісі! Біз мүмінбіз», - деп жауап берді. Содан кейін, Пайғамбарымыз ﷺ: «Имандарыңыздың белгісі не?», - деп сұрады.

Хазіреті Омар (Оған Алла разы болсын): «Жақсылыққа шүкір, қиыншылыққа сабыр етеміз, тағдырға разымыз», - деді. Жауабын тыңдап болған Алла елшісі ﷺ: «Қағбаның Раббысымен ант етемін! Сендер мүмін екенсіңдер!», - деді». Бұл хадистегі иманның белгісі тек құр Аллаға сендім деп жүру емес, керісінше Алланың берген жақсылықтары мен қиыншылықтарына сабыр ету екенін аңғартады.

Тағы бір хадисте Алла елшісі ﷺ:«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне жақсылық жасасын. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, тек қана жақсылықты сөйлесін немесе үндемесін», - деген.

Демек мен мұсылманмын деген адам, көршісін сыйлап, қонағын құрметтеу керек. Ал қазіргі таңда көпшілігіміз көршіні сыйлау былай тұрсын, танымаймыз. Келген қонағын сыйласақ та, артынан сөз сөйлейміз.

Ата-ананы құрметтеу де имандылық негіздерінен. Құран Кәрімде Алла Тағала өзіне иман етуімен қатар ата-анаға жақсылық жасауға шақырды: «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды».

Сондықтан, барша мүмін-мұсылмандар Алланың алдына барғанда жүзіміз жарқын болсын десек, иманымыз бен амалымыздың кәмілдігіне ерекше мән беріп, қорғаштай білейік. Осындай имани сеніміміз үшін Алла Тағала өзінің разылығына алып, өзінің жәннатына кіргізері анық.Алла Тағала құран кәрімде:

مَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِّن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَنُحْيِيَنَّهُ حَيَاةً طَيِّبَةً وَلَنَجْزِيَنَّهُمْ أَجْرَهُم بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ 

«Иман келтіріп, ізгі іс істеген ер мен әйелдерге баянды ғұмыр береміз. Әрі оларға істеген істерінің қарымына керемет сый арнаймыз», деген.[2]

Имандылықтың дүниелік ақыреттік жемістеріне мысал келтірер болсақ, Құран аяттары мен хадистерде кеңінен баян етілген:

Бірінші, Алланың достығы нәсіп болады. Бұл шынайы тақуалардың діттеген мақсаты мен өмірлік арманы. Алла Тағала Құран кәрімде:

ألَا إِنَّ أَوْلِيَاءَ اللَّهِ لَا خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلَا هُمْ يَحْزَنُونَ ﴿٦٢﴾الَّذِينَ آمَنُوا وَكَانُوا يَتَّقُونَ ﴿٦٣﴾

(62) Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ, әрі олар қайғырмайды.(63) Сондай иман келтіріп, тақуа болғандар[3].

Яғни Алла Тағала тақуа болғандардың досы. Бұл достық тек осы топтаға адамдарға ғана қатысты. Алла Тағала Құран кәрімде:

اللَّـهُ وَلِيُّ الَّذِينَ آمَنُوا يُخْرِجُهُم مِّنَ الظُّلُمَاتِ إِلَى النُّورِ

 Алла (Т.) иман келтіргендердің досы. Оларды қараңғылықтардан жарыққа шығарады[4].

Яғни Алла иман келтіргендерді зұлымдық қапасынан иман нұрына шығарушы, надандықтан ілімге бағыт беруші, терең ұйқыдан оятушы. Бұл тек иман нәсіп болған адамдарға тақуалықпен келетін ұлы достық нығметі.

Екінші: Алланың ризашылығына бөлену.  Алла Тағала Құран кәрімде:

وَالْمُؤْمِنُونَ وَالْمُؤْمِنَاتُ بَعْضُهُمْ أَوْلِيَاءُ بَعْضٍ ۚ يَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ وَيُقِيمُونَ الصَّلَاةَ وَيُؤْتُونَ الزَّكَاةَ وَيُطِيعُونَ اللَّـهَ وَرَسُولَهُ ۚ أُولَـٰئِكَ سَيَرْحَمُهُمُ اللَّـهُ ۗ إِنَّ اللَّـهَ عَزِيزٌ حَكِيمٌ* وَعَدَ اللَّـهُ الْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا وَمَسَاكِنَ طَيِّبَةً فِي جَنَّاتِ عَدْنٍ ۚ وَرِضْوَانٌ مِّنَ اللَّـهِ أَكْبَرُ ۚ ذَٰلِكَ هُوَ الْفَوْزُ الْعَظِيمُ}

Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер, бір-біріне көмекші. Олар дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосады. Сондай-ақ олар намаздарын толық орындап, зекет беріп, Аллаға, Елшісіне бой ұсынады. Соларды Алла, мәрхаметіне бөлейді. Расында Алла тым үстем, аса дана.(72) Алла мүмін ерлер мен мүмін әйелдерге астарынан өзендер ағатын, олар онда мүлде қалатын бақшалар және ғадын жаннатында, көркем орындар уәде етті. Ал Алланың ризалығы өте зор табыс. Міне осы, үлкенжеңіске жеткендігі.[5]

Міне бұлар иманға келгені үшін Алланың разылығы мен мейіріміне бөленген жандар.

Үшінші: Имандылық жаманшылық атаулыға қалқан. Алла Тағала иман еткендерді жаманшылық атаулыдан сақтап, қиыншылықта жәрдемдеседі. Алла Тағала Құран кәрімде:

إِنَّ اللَّـهَ يُدَافِعُ عَنِ الَّذِينَ آمَنُوا

Күдіксіз Алла, иман келтіргендерді қорғайды.[6]

Аллаға шынайы иман келтіргендерді Алла Тағала барлық жамандық атаулыдан сақтайды. Адамдардан және жындардан болған шайтандардың арбауына еріп кетуіне жол бермейді. Алла Тағала Құран кәрімде шынайы иман еткен құлы Жүніс пайғамбар жайында:

     فَنَادَىٰ فِي الظُّلُمَاتِ أَن لَّا إِلَـٰهَ إِلَّا أَنتَ سُبْحَانَكَ إِنِّي كُنتُ مِنَ لظَّالِمِينَ ﴿٨٧﴾ فَاسْتَجَبْنَا لَهُ وَنَجَّيْنَاهُ مِنَ الْغَمِّ ۚ وَكَذَٰلِكَ نُنجِي الْمُؤْمِنِينَ   

Сонда қараңғылықтар ішінде (балықтың қарнында): «Сенен басқа ешбір тәңір жоқ. Пәксін. Шын мәнінде мен қателесушілерден болдым» деп, жалбарынды. (88) Тілегін қабыл етіп, оны қайғыдан құтқардық. Міне иман келтіргендерді сөйтіп құтқарамыз.

[7]Аяттан көргеніміздей Жүніс пайғамбардың жалбарынып жасаған дұғасын Алла қабыл етіп, үлкен балықтың ішінен босатты. Бұл тек шынайы қорыққандар үшін берілетін нығмет.

Төртінші: Имандылық және жақсы амал байсалды өмірдің кепілі. Имандылықты бойына сіңіріп, өмірінде іс жүзінде жүзеге асырған адамға Алла Тағала байсалды өмірді нәсіп етеді. Алла Тағала Құран кәрімде:

مَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِّن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَىٰ وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَنُحْيِيَنَّهُ حَيَاةً طَيِّبَةً ۖ وَلَنَجْزِيَنَّهُمْ أَجْرَهُم بِأَحْسَنِ مَا كَانُوا يَعْمَلُونَ

Ер немесе әйелден кім иман келтірген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз.[8]

Байсалды жақсы өмірдің нышаны жүрек тыныштығы мен қанағат. Имандылық бойына дарыған адам өмірдің барлық қиыншылығын жеңіл өтіп, жақсылықтарына шүкіршілік етіп, ауытқусыз бір қалыпта рахатта күн кешеді.

Бесінші: Имандылықпен жақсы амалдар еселенеді. Адамның өмір бойы жасаған игі амалдары бойында тек имандылық болса ғана еселеніп, сауап болып жазылады. Алла Тағала Құран кәрімде:

 فَمَن يَعْمَلْ مِنَ الصَّالِحَاتِ وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَا كُفْرَانَ لِسَعْيِهِ

Сонда кім иман келтіріп, жақсылық істесе, оның еңбегі босқа кетпейді. Күдіксіз оған жазамыз.

[9]Бұл аят салихалы амалдың сауап болып жазылуы тек имандылық болған жағдайда ғана екенін меңзейді.

Алтыншы: Түйсігі артады. Имандылықты ту еткен әрбір пенде үшін Алла Тағала сана тазалығын нәсіп етеді. Ондай адамға ілім үйрену, Құран, хадис жаттау жеңілге түседі. Имандылықтан алыс адамның санасында тәртіпсіздік орын алғандықтан жүйелі түрде ойлануына, нақтылы шешім қабылдауы қиынға соғады. Алла Тағала Құран кәрімде:

وَذَكِّرْ فَإِنَّ الذِّكْرَىٰ تَنفَعُ الْمُؤْمِنِينَ

Есіне сал! Өйткені еске алу мүміндерге пайда береді.[10]

Құранда келген зікір сөзі адамның білмейтін немесе білген маңызды нәрсесін қайта еске алуға қатысты қолданылады.[11] Имандылыққа бет бұрып санасы тазарған адам ақыретіне, дүниесін пайдалы қажетті нәрсені ғана еске алып, соны санасына бекітеді.

Жетінші: Күдіктен арылады. Дін негіздерін бойына дұрыс сіңірген адамның иманы бекіп, жүрегі күдіктен арылады. Қазіргі кезде кейбір мұсылман бауырлар дін негіздерін бойына дұрыс қалыптастыра алмай, Аллаға жаратылғандарға тән сипат беріп, адасып, жүректерін күмән басқан. Алла Тағала құран кәрімде шынайы иманның бекуі жайында былай дейді:

 إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ الَّذِينَ آمَنُوا بِاللَّـهِ وَرَسُولِهِ ثُمَّ لَمْ يَرْتَابُوا

Шын мәнінде сондай Аллаға, Елшісіне иман келтірген мүміндер, сосын күдіктенбейді.

[12]Бұл аятта шынайы иман келтіргендер үшін Алла Тағала күдіктен арылтып, жүректерін тыныштандырады.

Сегізінші: Ризығы кеңейіп несібесі артады.  Имандылық жолға түскен адам әр кез таза дәретпен, дұға тілекпен жүргендіктен аспан мен жердегі ризық несібесі де арта түседі. Алла Тағала Құран кәрімде:

وَلَو أَنَّ أَهْلَ الْقُرَى ءَامَنُوا وَاتَّقَوْا لَفَتَحْنَا عَلَيْهِمْ بَرَكَاتٍ مِنَ السَّمَاءِ وَالْأَرْضِ

Егер ол өлкелердің елі иман келтіріп, сақсынса еді, әрине оларға көк пен жердің берекеттерін ашып жіберер едік[13]

Жаратылудың ең жоғарғы мақсаты – Аллаға иман келтіру. Ал адамның ең жоғарғы дәрежесі Алланы тану. Ал жете танығаннан кейін Оның бұйырған, тыйған амалдарын орындау. Ұлық Жаратқанды танып, жақсы көру бүкіл бақыттың, ал оны танымау қасірет пен қайғының бастамасы.

Алла иманымызды арттыра көр!!

[1] Ибраһим сүресі, 24-25 аяттар

[2] Нахл сүресі 97-аят.

[3] Юнус сүресі 62-63 аяттар

[4] Бақара сүресі, 256-аят

[5] Тәуба сүресі, 71-71 аяттар

[6] Хаж сүресі, 38-аят

[7] Әнбия сүресі, 87-88-аят

[8] Нахл сүресі, 97-аят

[9] Әнбия сүресі, 94-аят

[10] Зарият сүресі, 55-аят

[11] Сағдидің тәпсірінде

[12] Хужурат сүресі 15-аят

[13] Ағраф сүресі, 96-аят

Алла Тағалаға шексіз мақтаулар мен мадақтаулар болғай! Біз Оны мақтап-мадақтаймыз, одан жәрдем және кешірім сұраймыз, сондай-ақ өз жанымыздың жамандығы мен қате іс-амалдарымыздан Алладан пана тілейміз. Ешқандай серігі болмаған Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед ﷺ  Оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік береміз.

 
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз