САЛИҚАЛЫ ӘЙЕЛ АТАНҒЫҢЫЗ КЕЛСЕ...

01 Jan 2018 0 comment Оқылды: 187 рет

Құдіреті шексіз Алла Тағала әу бастан-ақ адамды ер мен әйел етіп жаратып, оларға айрықша ерекшеліктер сыйлаған. Рас, әйел – нәзік, әйел –  әлсіз, әйел – сезімге жақын жаратылыс. Дегенмен, әйелге басқа ешбір тіршілік иесіне бұйырмаған аса құрметті, аса маңызды лауазым берілген. Ол – күйеуінің ризашылығын алып, оның көңіліне тыныштық сыйлайтын салиқалы жар болу, балаларының панасы, қорғаны болатын ана болу бақыты.  Әйел адам үшін бұдан артық ардақты қызмет, бұдан асқан бақыт жоқ.   Иә, біз бұған дейін Жәннаттың кілті күйеуінің разылығында екенін, әйел адам үшін күйеуінің алдындағы міндеттерін орындаудан асқан маңызды іс жоқ екенін айттық. Алайда әйел адам бұл жетістікке қалай жетеді? Ол күйеуін разы етуі үшін не істеуі керек? Салиқалы әйелдің сипаттары қандай? Міне, бүгін осы секілді сұрақтарға жауап іздеп көрмекпіз...   Біріншіден, «...Ізгі әйелдер – Аллаға бойсұнады әрі күйеуі жоқ кезде аманатты сақтайды» («Ниса» сүресі, 34-аят).   Яғни ізгі, салиқалы әйел Жаратушысына бойсұнып, Оның бұйырған құлшылықтарын орындайды және күйеуіне бағынып, оны тыңдайды. Әрі Алла Тағаланың көмек беруі арқылы күйеуінің ар-намысын, дүние-мүлкін қорғайды.   Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ең жақсы әйел туралы: 1.     «Сендердің әйелдеріңнің ең жақсылары – ол сүйюші; 2.      жиі бала табатын; 3.      бойұсынушы әрі күйеулерін мақұлдайтын әйелдер», - деген. (Әл-Бәйһақи) Әбу һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте біреу келіп Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қандай әйел ең жақсы болып табылады?» - деп сұрағанда,  Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): 1.     «Күйеуі оған қарағанда ол оны қуантатын; 2.     ол оған әлдебір нәрсе бұйырса, оған мойынсұнатын; 3.     оның өзінен немесе оның мүлкін жаратуында күйеуіне бір нәрсе ұнамаса, оған қарсы келмейтін әйел», - деп жауап берген. (Ахмад)     Жәннаттық әйелдің сипаттары   Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: “...Сендердің Жәннаттағы әйелдерің туралы хабар айтайын ба? Ол: 1.      әрбір сүйетін; 2.     бала табатын; 3.     әрі егер күйеуі оған нашар қарым-қатынас көрсеткен болса немесе оның өзі оны ашуландырған болса, оның қолын алып: «Сен разы болмайынша, мен ұйықтамаймын!»  - дейтін әйел”, - дейді.  (Табарани) Міне, бұл хадистер салиқалы әйел болудың жолдарын ашық, айқын көрсетіп тұр. Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір әйелден: «Сенің күйеуің бар ма?» - деп сұрайды. Ол: «Иә», - деп жауап береді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол саған разы ма?» - деп сұрайды. Әлгі әйел тек бір қылығына ғана ризашылық танытпай, кейде өкпелеп қалатынын айтады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол сенің не Жәннатың, не тозағың. Ендеше, онымен қарым-қатынаста барынша абай бол», - деп ескерткен. (Ахмад)     Ал нағыз ақылды, парасатты әйелдің үлгісін көрсеткен мына бір керемет оқиғаға көз жүгіртіңізші. Бір күні Әсма бинт Язид (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымызға (ﷺ)  келеді де, «Я, Алланың Елшісі, сен маған ата-анамнан да артық қымбатсың. Мен саған барша мұсылман әйелдердің атынан келіп тұрмын. Анығында сен - еркектерге де, әйелдерге де ортақ болып жіберілген Алланың Елшісісің. Бізді мазалайтын бір нәрсе бар. Біздің, яғни әйелдердің көп уақыты үйде өтеді. Біз күйеуіміздің разылығын іздейміз, бала сүйіп, ұрпақ жалғастырамыз. Ошағымыздың түтінін түтетіп, күйеуіміздің дүние-мүлкіне бас-көз боламыз. Соған қарамастан, біз жасай алмайтын кейбір амалдарды еркектер жасайтындығы ұшін олардың Алладан алатын сауаптары бізден асып кетеді. Олар күнделікті бес уақыт намаздан бөлек жұма намаздарына қатысады, науқастардың көңілін сұрап барады, жаназа намаздарына қатысады, қажылық парыздарын өтеп, құрбан шалады.  Олар сондай сауабы мол амалдарды жасап жатқанда біз үйде қаламыз. Олардың бала-шағасына қарап, киімдерін тігеміз. Біз осы үшін олардың алып жатқан қыруар сауаптарының бір үлесін болса да ала аламыз ба? – деп сұрайды. Бұл сұрақты естіген Пайғамбарымыз (ﷺ) сахабаларына қарап: «Сендер бұдан артық сұрақ қойған әйелді бұрын-соңды көріп пе едіңдер?» - дейді. Сахабалары: «Я, Алланың Елшісі, әйел адам осындай сұрақ қояды деп ешқашан ойламап едік», - дейді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) Әсмаға (р.а) бұрылып: «Мені жақсылап тыңда және мұны өзге әйелдерге де жеткіз. Егер әйел адам күйеуіне бойсұнып, оның үйдегі тірліктерін жасаса, көңілін тойдырып, оны разы етсе, онда ол да Алла жолында құлшылық етіп жүрген күйеуі секілді сауаптарға ие болады!» - дейді. Мұны естіген Әсманың жүзінде ерекше қуаныш, шаттық пайда болған еді. Көңілі көтерілген ол кетіп бара жатып қайта-қайта «Лә иләһә иллә Алла (Алладан басқа Құдай жоқ), «Аллаһу Әкбар (Алла Ұлы)» деумен болады... (Әбу Дәуд)   Міне, бұл Алланың разылығына ұмтылған нағыз ақылды әйелдің жарқын мысалы еді.   Жоғарыда келтірілген мысалдарды жинақтай келе, салиқалы әйелдің сипаттарын былайша топтастыруға болады:   1.     Ол өзінің жаратылу мақсатын біліп, Жаратушысына құлшылық етеді; 2.     Күйеуіне бағынып, оған бойсұнады; 3.     Күйеуі барда да, жоқта да өз намысын, абыройын қорғайды; 4.     Балаларына және дүние-мүлкіне күтіммен қарайды, үйдегі заттарды күйеуінің аманаты деп түсінеді; 5.     Алладан ғана сауап үміт ете отырып, күйеуінің көз қуанышы болуға тырысады, ол үшін ғана сәнденіп, әдемі киінеді, хош иістенеді. 6.     Күйеуінің разылығын алу үшін жанын салып қызмет етеді, оның жағдайын жасайды, ол ашуланатын қылықтардан алыстайды. 7.     Күйеуі шақырғанда қазанның басында тұрса да, оған жауап береді.    НАҒЫЗ ӨНЕГЕЛІ ӘЙЕЛДІҢ МЫСАЛЫ Сахабалардан кейін алтын ғасырда өмір сүрген тәбиғиндердің заманында өткен мына бір оқиға әйелдер қауымына үлгі болады деген ойдамыз. Бірде атақты тәбиғиндердің бірі Әш-Шағби қазы Шурайхпен кездесіп қалады да, одан отбасы жайлы сұрайды. Шурайх: «Отасқанымызға жиырма жылдай уақыт болды, бірақ осы уақыт аралығында бірде-бір рет ренжіп, ашуланған емеспін», - дейді. Мұның сырын сұраған әш-Шағбиге ол: «Некеміз қиылған күні оның өте әдемі екенін көрдім. Содан соң дәл мұндай нығметті нәсіп еткен Аллаға шүкірлік пен мақтау айтуым керек деп шештім де, дәрет алып, екі бас намаз оқу үшін намазға тұрдым. Сәлем беріп болған соң әйелімнің де маған ілесіп, намаз оқығанын көрдім. Мен оған жақындай бергенде, ол мені тоқтатты да: «Ең алдымен Аллаға шүкіршілік айтып, Одан пана сұраймын. Мен бөтен әйелмін, сіздің мінезіңіз маған беймәлім. Айналаңызда сіз үйленетіндей менен басқа қыздар өте көп, дәл сол секілді жігіттер де аз емес. Алайда, Алла Тағала мені сізбен қосты. Алланың қалағаны болды. Ендеше, ең алдымен маған сізге ненің ұнап, ненің ұнамайтынын айтыңызшы, сіз ұнататын нәрселерді қалдырмай жасайтын болайын, ал сіздің ренішіңізді туғызатын нәрселерден алыстайын», - дейді. Мұндайды күтпеген Шурайх біраз ойланғаннан кейін оған ненің ұнап, ненің ұнамайтыны туралы жіпке тізгендей қылып айтып береді. Қыз одан, тіпті, қай көршісін жақсы көріп, қайсысын ұнатпайтыны туралы да сұрап алады.  Шурайх: «Міне, сол күннен бері біз бірде-бір рет жүз шайыспай, тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Тек бір рет қана оны айыптағаным есімде, бірақ ол кезде кінәлі өзім едім», - дейді... Күйеуінің хақысын өзінің хақысынан жоғары қойып, оны разы етудің жолын алдын-ала іздеген бұл әйелдің даналығы – тұрмыс құруды ниет еткен барлық бойжеткендерге үлгі болса екен дейміз...   ӘЙЕЛІ КҮЙЕУІМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТА САҚ БОЛУЫ ТИІС 6 ҚАҒИДА: 

1. Күйеуін ашуландыру.  Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) екі түрлі адамның құлшылығы құлағынан жоғары көтерілмейтінін айтқан. Соның бірі – күйеуінің разылығын алмай, оны ашуландырған күйде ұйықтаған әйел. 

2. Күйеуінің уайымға салынып, қайғыруына себеп болу.  Имам Ахмад жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Әйел адам бұл дүниеде күйеуіне тыныштық бермей, оған уайым сыйлайтын болса, онда жәннаттағы хор қыздары оған "оны азаптама, ол көп ұзамай сені тастап, біздің қасымызға келетін сенің уақытша ғана қонағың ғой" деп айтады», - деген. (Ахмад) Расында да, жұмыстан келгенде ананы-мынаны айтып, күйеуінің мазасын алмайтын, тамағын жасап, қабағын бағып, ата-енесімен тату тұратын әйелге ер адам қалай ғашық болмасын?! 

3. Күйеуінің жақсылықтарына шүкірсіздік таныту.  Кейде біз үнемі жақсылық жасап жүрген бір адамның кенет бізге бір зиян тигізгенін көрсек, оның бұған дейін жасаған барлық жақсылықтарын есімізден шығарып аламыз. Оның қадірі, оған деген сүйіспеншілігіміз сол сәтте-ақ құлдырап сала береді. Ал бұл сипат әйелдің шүкірсіздігіне, қанағатсыздығына алып келеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Мен сенен ешқашан жақсылық көрген жоқпын» дейтін әйелдерге ескерту жасап, бұл мінездің түбі жақсылыққа апармайтынын айтқан. 

4. Қазақта «Жаман әйел кетем деп қорқытады» деген әзілі мен зілі аралас тамаша сөз бар. Отбасы екі тараптың өзара ризашылығынан, махаббатынан құралатындықтан, ешқандай себепсіз әйел адамның күйеуінен еркіндік сұрауына рұқсат етілмейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Себепсізден-себепсіз ажырасуды ниет еткен әйел Жәннаттың исін де сезбейді», - деген. (Тирмизи)  5. Әйел адам Рамазан айының оразасынан бөлек қосымша (нәпіл) ораза ұстағысы келсе, күйеуінің рұқсатын алуы керек және үйіне қонақ шақырар кезде жарымен ақылдасып, оның разылығын алуға тырысқаны жөн. 

6. Әйел адам өзін ерінің ар-намысы, абыройы екенін сезініп, оның ашуын тудыратын кез-келген ағат қылықтардан барынша сақтанып жүргені абзал.   Иә, отбасы болу, шаңырақтың керегесін құлатпай түтінін түзу ұшыру – оңай іс емес. Ол қажыр мен қайратты, төзімділікті, ақыл-парасатты талап етеді. Сондықтан сөзімізді салиқалы ананың ұзатылып бара жатқан қызына айтқан мына бір өсиетімен аяқтағымыз келеді:   «Сен туып-өскен ұяңды қалдырып, өзің білмейтін шаңырақта, өзің үйреніспеген жарыңның жанында қалдың. Ендеше, оған жер бол, ол саған көк болады, сен оған төсеніш бол, ол саған таяныш болады, сен оған қызметшісіндей бол, ол да саған кіріптар болады. Наразылығыңды жиі білдірме, ол сені жек көріп кетеді және одан алыстап та кетпе, ол сені ұмыта бастайды, бірақ ол саған жақындаса, сен де оған жақында. Оның иіскеу, есту, көру қабілетін аяла – ол сенен тек жағымды иісті сезсін, тек жақсы сөздерді естісін, әрдайым әдемі қалпында көрсін». www.asylarna.kz 

Ақпарат көзі: http://asylarna.kz/

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз