ҚАЙРАН БІЗДІҢ АНАЛАР АРДЫ ОЙЛАҒАН!

17 Oct 2018 0 comment Оқылды: 36 рет

Кеше Оралдың тумасы Махамбет деген ағамен әңгімелесіп отырып, талай қазынаға тап болдым. Ағамыз былай дейді:
«Апамның баласы болдым. Қазір ойласам: еркелетіп жүріп ерлікке, жетелеп жүріп жетелі болуға тәрбиелепті ғой. Әлі есімде: бала кезімде сырғанақ ойнап жүргенде қыздар келіп шанама жармасса, таласып, жаныма жуи бергенде-ақ: «Жолама, ары тұр! Қазір өзім-ақ берем!», - деп баж ете қалатынмын. Сөйтіп, состиып қалған әлгі қызға шанамның жібін ұстата қоюшы ем. «Неге» дейсің ғой? Өйткені әжем: «Тіпті қолынан ұстасаң да, оған үйлену керек. Бабаларың солай істеген. Қыз балаға некесіз жолауға болмайды», - дейтін. Сондықтан «Өзіме ұнаған қызды ғана алам» деп, іштей бекініп алған басым өте сақ болдым. Иә, бала көңілге сіңген балдай тәрбие екен ғой!.. Ораза-намазын қаза қылмаған әжемнің мына сөздері де есімнен еш кеткен емес:
«Некесіз жақындасқан қыздың ішіне жын кіреді. Олай арын былғаған отбасында береке болмайды: ұрпағынан ұлағатты жан шығуы – неғайбіл... Ал тазалығын сақтап босаға аттаған, ерін сыйлап, ар-иманымен арғы дүниеге кеткен әйелдің түкірігі теңізге тамса, ол теңіз шәрбатқа айналады!..»
Әжемнің бұл өсиетін, таксовайт етіп жүргенде де, ыңғайы келсе, машинама отырған қыздарға айта жүрем. «Қызым, абыройың мен арғы дүниеңді ойласаң, жігіт атаулыға некеге тұрғанша білегіңнен де ұстатпа!» деймін. Кейбірі ойға қалып, алғысын айтып жатады...»
Мына әңгімені тыңдап отырып Домалақ анамыздың тұрмыс құруы жайлы аңыз есіме түсті. Су алуға келіп, құдыққа құлап кеткен Нұрила қыздың «құтқарыңыздар!» деген дауысын осы ауылға қонаққа келген Бәйдібек атамыз естіп қалады. Жүгіріп келген жігіт ағасы қызды шығарып алады. Содан арада біраз жыл өтіп, бойжеткен қызға құда түсушілер көбейген шақта, Нұрила әкесіне «Мені Бәйдібек биге бергеніңіз дұрыс болады, өйткені құдықтан шығарғанда білегімнен ұстап қойған» деп базынасын айтыпты. Ақыры, бір жағы қызының қалауы әрі атасының  өсиетімен Домалақ ана он тоғыз жасында  сол биге тұрмысқа шығыпты.
Иманы бар ибалы қыздар ғана
Ертең елдің айналар анасына, - деген осы шығар.
Не деген тазалық, не деген тектілік десеңізші!..


(әңгіме Алғадай Әбілғазыұлының «Қасиетпен қауышу» кітабынан алынды)

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз