Қажет намазы.

01 Nov 2018 0 comment Оқылды: 42 рет

 

Қажет намазы пенденің Алла Тағаладан кеңшілік пен ризық несібенің көбеюін, таршылық пен машақаттан құтылуды немесе арман-тілегінің орындалуын тілеп оқитын арнайы намаз түрі. Кейде мұсылманның басқа бір адамға күні түсіп яки болмаса Раббысынан тікелей сұрайтын бір мұқтаждығы болғанда сол арман-тілегінің орындалып, ісінің жүзеге асуы үшін Алла Тағалаға бет бұрып, қажет намазын оқуы.

Қажет намазын оқу ұнамды — мұстахаб амал. 

Қажет намазының рәкағаттарының саны туралы шариғат ғұламаларының пікірлері әркелкі. Бұл осы намазға байланысты риуаяттардың әртүрлі болуына байланысты. Сол үшін қажет намазы екі рәкағаттан бастап он екі ракағатқа дейін оқылады.

Қажет намазын екі рәкағат етіп оқыса намаздың әрбір рәкағатында әдеттегі намаздардағыдай Фатиха сүресі мен қосымша аяттар оқылады деген. Намаздан соң Аллаға мақтау-мадақ, Оның елшісіне салауат айтады. Сосын дұға тілеп, Жаратқаннан қажетін сұрайды.

Ал қажет намазы төрт рәкағат деп ұйғарған Ханафи мазһабының өкілдері алғашқы рәкағатта Фатихадан кейін 3 рет Аятул-Курси, екінші рәкағатта Ықылас сүресі, үшінші рәкағатта Фалақ сүресі, ал төртінші рәкағатта Нас сүресі оқылғаны абзал деген. Қажет намазын он екі рәкағатқа созушылар әрбір рәкағатта Фатихадан соң Аятул-Курси мен Ықылас сүресін оқып, әрбір екі рәкағаттан соң әдеттегідей тәшәһуд дұғасын айтады дейді. 

Қажет намазын белгілі бір уақытта оқу деген шарт жоқ. Сондықтан да оны күн мен түннің кез-келген уақытында, тек намаз оқу мәкрук уақыт болмаса оқуға болады.

Қажет намазынан соң оқылатын дұғалар.

Бір түрінің оқылуы: «Лә иләһә иллаллаһул-халимул-кәрим, субханаллаһи раббил-ъаршил-ъазим, әлхамдулилләһи раббил-ъаламин, ә'сәлукә мужибәти рахматикә, уа ъазаимә мағфиратикә, уал-ғаниматә мин кулли биррин, уәс-сәләмәтә мин кулли исмин, лә тәдәъ ли зәнбән иллә ғафартаһу уа лә һәммән иллә фарражтаһу уа лә хажатан һиә ләкә ридан иллә қадайтаһа, йа архамар-рахимин».

Мағынасы: «Алладан өзге тәңір жоқ. Ол —Жұмсақ әрі Жомарт. Алла барлық кемшіліктен пәк, Ол — ұлы аршының Иесі. Барлық мақтау әлемдердің Раббысы Аллаға тән. (Уа, Раббым!) Өзіңнен рахымыңа жеткізер істерді, кешіріміңе апаратын кесімді, әрбір жақсылықтан олжа, әрбір жамандықтан амандық тілеймін. Мен үшін кешірілмеген күнә, сейілмеген қасірет қалдырмағайсың. Өзіңнің разылығыңа жеткізер қажетімді өтегейсің, уа, мейірімділердің Мейірімдісі!».

Екінші түрінің оқылуы: Асфаһани Әнестен (р.а.) мынадай риуаят жеткізген: «Бірде Расулалла (с.ғ.с.) былай деді: «Ей, Әли! Көңілің қамығып, торыққанда оқитын бір дұға үйретейін бе? Сонда сол дұғаң Алланың қалауымен қабыл болып, қасіретің сейіледі. Дәрет алып, екі рәкағат намаз оқы, Аллаға мадақ айт, пайғамбарыңа салауат айт, өзіңе, иман келтіргендерге жарылқау тіле. Сосын былай айт: «Аллаһумма әнтә тәхкуму бәйнә ъибәдикә фимә каану фиһи йәхтәлифун, лә иләһә иллаллаһул-ъалийул-ъазим, лә иләһә иллаллаиул-хакимул-кәрим, субханаллаһи раббис-сәмәуәтис-сәбъи уа раббил-ъаршил-ъазим, әлхамдулилләһи раббил-ъаламин. Аллаһумма кәшифәл-ғамми, муфаррижәл-һәмми, мужибә дәъуәтил-мудтар-ринә изә дәъуук, рахманәд-дуниә уал-әхирати уа рахимаһумә, фархамни фи хажати һәзиһи биқадаиһә уа нәжәхиһә рахматан туғнини биһә ъан рахматин мән сиуәәк».

Мағынасы: «Ия, Алла! Сен пенделеріңнің өзара тартысқан нәрселеріне үкім айтасың. Алладан өзге құдай жоқ, Ол — Биік әрі ¥лы. Алладан өзге құдай жоқ, Ол — Үкім Иесі әрі Жомарт. Алла пәк, Ол — жеті аспан мен ұлы аршының Иесі. Барлық мадақ Аллаға тән. Ия, Алла! Қайғыны Өшіруші! Мұңды Сейілтуші! Бәле ұшырағандар дұға қылғанда Жауап беруші! Дүние мен ақыреттің Рахманы әрі Рахимы! Маған осы қажетімнің өтелуіне, сәтті шығуына рақым қыл! Өзіңнен басқаның рақымына мұқтаж етпейтін рақыммен рақым еткейсің!».

Раббым Алла өзінің мархаметімен пенделерінің мұқтаждықтарын өтеп, дұға тілектерін қабыл еткей.

                                                                                   Ақсу аудандық орталық мешіті. 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз