Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Жастар тәрбиесі – ел болашағы

12 Oct 2021 0 comment Оқылды: 62 рет

   Қазақ қоғамында жастарға ежелден ерекше сеніммен қараған. Бүгінгі жастың ертеңгі ел ағасы болатынын естен шығармаған аға буын өкілдері тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Ал бүгінгі күнде ел тізгінін қолға ұстайтын, елдің болашағы мен келешегіне сара жол салатын жасұрпақ тәрбиесінің осалдауы мені қатты қынжылтады. «Ел боламын десең бесігіңді түзе», деп заңғар жазушымыз М.Әуезов тегін айтпаса керек. Бүгінгі түзейтін бесігіміздің болмағанынан болар, ұлдан ұят, қыздан ар кетті. Үлкенге ізет көрсетіп, кішіге құрмет білдіруден қалып барамыз. Қазіргі жас ата-аналар бала тәрбиесін балабақша мен мектепке артып қойып өздері сүттен ақ, судан тазаның күйін кешуде. 

Бала сәбилік шақта тал бесікте тербелмесе, құлағының құрышы қанатындай ана әлдиінің даусын естімесе, жастардан қандай рухани құндылық күтеміз. Ес біле бастаған шағында не әкесінен, не анасынан «ерте, ерте, ертеде...» деп басталатын ертегі естімесе ол баладан кішпейілділік пен мейірімділік күту де сорақылық болар. Әр бала ананың аялы алақанының жылуын сезініп, әкенің мейірімін көріп өсуі хақ. Тіпті кешкілік бүкіл отбасы жиналғанда өз баласына жылы сөз айтпаса, әрине тас бауыр ұрпақ өсіреміз. Заман талабы деп қымбат телефонға телміріп балаларымыздың тәрбиесін осалдатып алдық па? деп қорқамын. Керегі жоқ арзан әңгімеге әуес болғанша, халқымыздың, еліміздің болашағы болатын жастарымыз бен сәбилерімізге қолымыздан келгенше қамқорлық көрсетейік.

Қазақ деген ұлтқа тән ұлттық құндылықтарымыз біртіндеп жойылып бара жатқанға ұқсайды. Оның бір-ақ мысалы дәріс барысында төл өнеріміз шешендік сөздерді қолдана отырып, рухани тәрбие беруге тырысамын.

Бір дегеніміз – бірлігі кеткен ел жаман,

Екі дегеніміз – егесіп өткен ер жаман,

Үш дегеніміз – үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман, деп сөзімді ары жалғай бергенімде, «Шідер» деген не деп сұрақ қойды. Қайран да менің қаймағы бұзылмаған ауылым, десеңші... Қала баласының өмірі көрмеген, естімеген дүниесін қайдан білсін, сын жоқ деп ойладым. Осы орайда Майқы бабамыздың:

Естіге айтқан тура сөз,

Шыңға тіккен тумен тең.

Езге айтқан тура сөз

Құмға сіңген сумен тең,-

деген жолдар арқылы, қазіргі жастар мектепте қазақ әдебиеті пәнін оқымаған ба, деп қаласың. Жастарымыздың балалық шаққа деген өкпесінің қара қазандай екенін білдім.

Қайрат деген қыран бар

Қайғыға тізгін бермейтін.

Қайғы деген жылан бар

Өзекті шағып өртейтін,

деп Байдалы шешен айтпақшы, өзегімізді өкінішпен өртемейік. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» әлде қайда жеңілдеу ғой. Әр отбасындағы өрімдей ұл мен қыз еліміздің ертеңгі тізгінін қолына алар болашағымыз емес пе? Олардың тәрбиесі, мәдениеттілігі, сауаттылығы аға буынның алдындағы міндеті. Ұрпақ тәрбиесіне сіз болып, біз болып көңіл аударайық. Бір-бірімізді әлеуметтік желіге шырмалған ессіздердің іс-әрекетімен қорқытпайық,ол үшін жылылықтың бәрі отбасы тарапынан болатынын ұмытпайықшы!!!

 

 

 

 

Ақын Сара ауылдық мешіттің имамы

Тұрысбаев Қуатбек қажы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз