Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Loading ...

Көркем мінез не екенін білесің бе?

11 Mar 2019 0 comment Оқылды: 353 рет

 

- Көркем мінез не екенін білесің бе?

деген сөзі бір қарттың жүр есімде.

- Ол қарағым, Мұхаммед пайғамбардай,

Жарасады тек қана ұлы есімге!..

Ақ сақалын қария тарамдап ап,

Сөз бастаған содан соң маған қарап.

Жақсылығы жақсының байқалады,

Шашып тұрар шұғыла жанардан-ақ.

Қарияға сол сәтте қарай бердім,

Жанарынан, жүзінен арай көрдім.

Көкірегі кең сарай қазынадай,

Ақсақалды Абызға балай бердім.

- Жақсы адамдар қайрымды, мейірімді,

Ондай жандар болады кейінге үлгі.

Халқымызда сөз бар ғой сараңдарға,

Кеңге сал деп айтатын пейіліңді...

Қорлық көріп ғайбаттан жүрсің тіпті,

Жақсы адамдар қаламас күншілдікті.

Жауласпай-ақ ешкіммен дауласпай-ақ,

Сабырменен жеңеді мың сұмдықты.

Тәкаппарда емес ол кердеңдеген,

Өз бойына ешкімді теңгермеген.

Өткені мен бүгінін салыстырып,

Жақсы адамдар өмірін безбендеген.

Болмысынан танытып кісілікті,

Жақсы адамдар қалайды кішілікті.

«Ұлық болсаң кішік бол» деген сөз бар,

Білімді емес, білікті кісі мықты.

Баба қаны тулаған тамырында,

Зеректік бар, зейін бар танымында.

Жақсы адамдар келеді жайма шуақ,

Жүрегі пәк, жаны ізгі анығында.

Жақсы адамның болмайды жамандығы,

Биік тұрар ары мен адалдығы.

Жатса, тұрса жүрегі нұрға толып,

Ойлайтыны елінің амандығы.

Жақсы адамдар жатты да жатсынбайды,

Алдында сөз жақсының асқынбайды.

Жүрген кезде жаманның құты қашып,

Жүзінде нұр жақсының тасқындайды.

Дінімізде жақсыны дәріптейді,

Жаннатқа жол жақсыға анық дейді.

Пайғамбардан үлгі алып, өнеге алып,

Көргенділік жұртыңа таныт дейді, -

деп қария аяқтап ұлағатын,

Ойландырды мендей бір жұрағатын.

Өлең еттім мен оны өз әлімше,

Елім бар деп сырымды ұға алатын!

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз